Жаңақорғанға қарасты Түгіскен елді мекені спорттың нағыз ордасы секілді. Қазақтың белгілі балуандарын баптаған беделді ауыл. Бүгінде мұнда Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Ә.Садықов жетекшілік ететін мектептен маңдайалды спортшылар шыққан. Солардың бірі – Берік Қасымбеков. Биылғы жылдың жарым белі ауғанда спорт мектептеріне іс тәжірибесі толысқан, спортта белгілі орны бар азаматтарды іріктеу басталды. Сол мақсатпен «№1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» мекемесіне Берік Қасымбеков директор болып тағайындалды.

Сыр спортының ұстаханасына айналған мектептің алдағы бағдарын білдік.

– «№1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің Сыр спортындағы рөлі айтарлықтай. Мектепте барлық спорт түрі қамтылған ба? Жалпы балалардың қай спорт түріне қызығушылығы басым?

– Негізінен дәл мынау деп бөле-жаруға болмайды. Әркімнің өз қалауы бар. Оның үстіне балалардың сүйікті спорт түрлері бізде баршылық. Айталық, дзюдо, бокс, ауыр атлетика, шахмат, белбеу күресі, самбо, таеквондо, кикбоксинг, әйелдер күресі, грек-рим күресі, тайбокс, еркін күрес, каратэ, көркем гимнастика, қазақ күресі, байдарка мен каноэде есуден оқу-жаттығу  жүргізіледі.

– Ғимараты көнерген мектептің мәселесі бар ма?

– Біз өз күшімізбен біршама жөндеу жұмыстарын да жүргіздік. Алдағы уақытта басқарма тарапынан қолдау жасалатын болады. Дзюдо залына ауа алмастырғыш құрылғы қажет. Шатырда аздап ақау бар. Бокс залында да жабдықтар көнерді. Дегенмен қолдағы мүмкіндікпен барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Сол негізбен қазір спорт секциялары толық жұмыс ырғағында. Қиындық­тарға қарамастан  жетістігіміз де артып отыр.

– Берік Есімханұлы, сөзіңіздің жаны бар. Спорт саласы құрылымының жаңару сәтінде қаржылық мәселе бірден шешіле қоймайды. Ол түсінікті. Алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешіледі деп ойлаймыз. Жалпы бұл мектептің тарихы қандай?

– Мектептің іргесі 1963 жылы қаланған. 2011 және 2015 жылдары атауы өзгерді, ал, іс-тәжірибесі жөнінен  толысқан. Шахматтан Әлем чемпионатының бірнеше дүркін чемпиондары Әсел Серікбай мен Назерке Нұрғали біздің мақтаныштарымыз. Қазіргі таңда мектепте 1275 оқушы 17 спорт түрімен айналысады. Олар 110 топқа бөлінген. Жас спортшыларды баулуда 45 оқытушы-жаттықтырушы бар. Мұның көпшілігі жоғары санаттағы жаттықтырушы-оқытушы. Үшеуі Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, үшеуі халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жиырмасы ҚР спорт шебері.

– Өзіңіз жайлы да аз-кем тоқталсақ…

– Сөз басында айтқандай, Түгіскеннің түлегімін. Спорт шебері, жоғары санатты жаттықтырушымын. 2011 жылдан осы мектепте қазақ күресінен шәкірт тәрбиелеп келемін. Өткен жылға дейін Қызылорда қаласы бойынша «Қазақ күресі федерациясында» атқарушы директор болдым. Баулыған шәкірттерімнен ондаған Әлем, Еуразия ойындарының, Қазақстан чемпионаттарының жеңімпаздары шықты. Өзім күрес, белбеу күресімен шұғылдандым. Бірнеше халықаралық, республикалық турнирдің, Азия чемпионатының жүлдегері болдым. Спорт – менің серігім, оны осыншалықты сүймесем мұндай мәртебелі  жетістікке жетпес едім. Ал балаларға барынша ықылас қою – парызым. Жыл соңына дейін 9 шәкіртіміз әлем, Азия чемпионатына жолдама алды, енді жарысқа дайындық күшті.

–  Беке, спортта бір ғана тілектестік бар. Ол – сәттілік. Сәттілік серік болсын!

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!