«Кітап оқитындар теледидар көретіндерді басқарады», – деген Ф.Жанлистің сөзін естімеген адам кемде-кем. Ғалымдар ақыл-ойды ұзақ уақыт сақтап қалу үшін: миды жаттықтырып отыру керек дейді.

Мидың қорегі – кітап. Әлеуметтік зерттеулер нәтижесінде ғалымдар кітап оқу ақыл-ойды ғана емес, жан мен тәннің саулығын да арттырады деген қорытындыға келді. Әсіресе кітап оқудың күйзелістен арылтуға ықпалы зор екен. Америка ғалымдары кітапты көп оқитын бір топ адамның миын магнитті-серпінді бақылаудан өткізген. Нәтижесінде адам миының қабылдауға жауапты бөліктерінің белсенді әрекет ететіні анықталды. Мұндай нәтиже теледидар қарағанда немесе компьютерлік ойын ойнағанда да байқалмайтын көрінеді. «Түрлі шығармалардың ішіне ойша ену адамның елестету, қиялдау мүмкіндігін арттырады, яғни адамның физикалық және психикалық жай-күйі жақсарады», – дейді ғалымдар.
Ақпарат пен технологиялар ағынын бойлап бара жатқан қоғам мәселесінің бірі – балаларды кітап оқуға баулу. Компьютерлік ойынға құмартқан жасөспірімнің смартфонға үңілуіне онлайн сабақ та себеп. Балаға қалай кітап оқытамыз? Қандай тәсілдер бар? Жаңа ұрпақтың тәрбиесіне алаңдайтын ұстаз бен әдеби блогердің, баспа саласындағы тәжірибелі маманның пікірін білген едік.
Зәуре Батаева, аудармашы, әдеби блогер:
– Біз бәрін смартфон заманынан көреміз. Бірақ балаға қай заманда болсын кітап оқыту оңай шаруа емес. Сондықтан стратегия мен тактиканы саналы түрде ерте құрған дұрыс екен. Менің әкем ол жағынан жақсы айла тапқан. Жас ата-аналарға пайдасы тиіп қалар, айта кетейін.
Ол кісінің қолданған стратегиясы қызық: ес білгелі көргеніміз – әр бөлмеде сөре-сөре кітап, қап-қап газет-журнал. Сапардан келсе, кем дегенде 5-6 кітап көтеріп келетін. Сөйте тұра, бізге мынаны оқы, ананы оқы деп бұйырған емес. Сұрақ қойсаң: «Бәленбай кітапты қара, бәленбай энциклопедияның осындай деген әріпін қара, бұл кітаптың бәрі сендер үшін», – деп жауап беретін.
Самсап тұрған кітапты көріп өскен бала күндердің бірінде сөрені жағалап, кітапқа үңіліп, қопара бастайды. Бірден оқып кетпесе де, бойында кітапқа деген ынтызарлық қалыптасады. Тәжірибелі ата-аналардың айтуынша, жеке өзіне арнап алынған кітаптың, тіпті, кітап сөресінің де маңызы зор көрінеді.
Осының бәрін ескеріп, ініме арнайы «Батудың басынан кешкендері» мен «Гарри Поттердің» қазақшасы, ал әлем ертегілері мен аңыздарынан «Мың бір түннің» балаларға арналған нұсқасы, Румидің мысалдары, «Алиса» мен «Винни Пух» кітаптарын жиып қойдым.
Ержеңіс Әбдиев, балалар ақыны, ұстаз:
– Балаларды қалай кітапқа қызықтырамыз деген ой бұрыннан мазалайтын. Өзім балалар әдебиетінен ойып тұрып орын алдым деп айта алмаймын. Біріншіден – ұстаз­бын. “Ержеңістің ерекше есептері” деген жинағым шықты. Яғни өлең арқылы берілген логикалық есептер, жұмбақтар жинағы. Туындының таралымы жақсы болды. Тапсырыс берген оқырмандарым кітап оқымайтын балалардың өзі аулада жиналып, кешкілік бірігіп осы жұмбақтарды шешіп жатқанына куә болдық деп, суреттерін маған жолдап отырды. Балалардың кітапқа қызығушылығын арттыруға осындай бір ерекшеліктер керек шығар деп түйдім.
Ұстаз болғандықтан, кейде оқушымен пікірлесіп, қандай кітап оқып жатқандарын, кітапқа деген көзқарасын сұраймын. Қазақтың классиктерін, қазіргі жазушыларын айтсам, көбісі танымайды. Оқушымның біразы шетел әдебиетін оқиды екен. Әлем әдебиетінен аударылған фантастика жанрындағы шығармалардың орысша нұсқасын көп қарайды. Қазақта фантастика жоқ емес. Осы жанрды дамытып, ертегі, шағын проза жазуымыз керек.
Балалардың әдебиетке қана емес, жалпы, білімге деген қызығушылығына кедергі – телефондағы түрлі ойынның, қызықты бағдарламалардың қолжетімділігі. Қазір секунд сайын жаңа ақпарат алатын жағдайдамыз. Ақпараттың көптігі мен жылдамдығы балалардың мектепте беріліп жатқан білімді қабылдауына кедергі келтіреді.
Қазір кітапханаларда, қосымша оқыту орталықтарында «coworking» деген бөлім ашылды. Соның аясында апта көлемінде, кейде екі немесе үш апта сайын балаларға проза оқуға тапсырма береміз. Оқып келген соң шығарманы бірге талдаймыз. Мәселен, топта 20 оқушы болса, соның кемі оны оқып келеді. Көбіне оқып келген балалармен кітап талдау барысында басқа балалардың қызығушылығы артып, талдауға қосылып жатады.
Раиса Қадыр, баспагер:
– Балалардың жас ерекшелігін де назарға алу керек. Мысалы, кішкене балалардың ертегілер, суреттері көп кітаптарды оқуға құмарлығы басым. Бастауыш сынып оқушыларына табиғат туралы кітаптарды көп ұсынады. Қоршаған ортаны қорғауды, экологияны наисхаттайтын кітаптар отандық баспаларда көптеп шығып жатыр. Солардың бірнешеуін балаға алып беруге болады. Жасөспірім балалар комикс кітаптарды көбірек сұрайды. Әрбір ата-ананың ең үлкен мәселесі – баланы планшеттен алшақ ұстау. Әсіресе ковид заманында балалар қашықтан оқуға кетіп, телефон, компьютерге телміріп отырып қалды ғой. Енді оларды технологиядан алшақ ұстау бұрынғыдан да қиындай түсті. Ендеше балаларды кітаппен қалай достастырамыз? Тамаша комикс кітаптар, иллюстрациялы еңбектер бар, соларды балаға ұсынып көруге болады. Өз балам комикс кітаптарды өте қызығып оқып жүр. Планшеттен басқаға көңіл аударғысы келмеу мәселесі менің баламда да бар еді. Сол кезде суретті, көркем безендірілген, ұл балаларға арналған (арасында болмайтын, тіпті дөрекі сөздері де бар) кітапты ұсынып көріп едім, бас алмай оқып шықты. Меніңше, бала планшетпен дос болғанша, кітаппен дос болғаны дұрыс. Осындай түрлі жанрдағы кітаптардан басталған достық мазмұнды, басқа да кітаптармен достыққа алмасатынына сенімдімін.Балаға кітап оқуға бергенде ата-ана өзіне де кітап алса деймін. Себебі, бала үлкендерге қарап бой түзейді. Ата-ана кітап оқып жүрсе бала да кішкентайынан кітап оқуға құмар келеді.


Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!