paryz.kz

Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарынан 400 мыңнан астам бала материалдық көмекпен қамтылады. Ата-аналар мемлекеттен берілетін ақшаға мектеп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтарды өздері таңдап сатып ала алады.

Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратынша, биыл әр оқушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға арналған қаражаттың ең төменгі мөлшері – 40 567 теңге. Ақша ата-аналардың шотына аударылады.

«Қаражат ата-аналарға балалармен бірге мектеп формасын, аяқ киімді, кеңсе тауарларын өздері таңдап алу үшін беріледі. Қабылданған өзгерістер ата – аналар мен балаларға жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді», – дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан.

Мұқтаж отбасыларға материалдық көмек көрсету және балаларды 100% қамтамасыз ету үшін жалпыға бірдей міндетті орта білім беру қоры жұмыс істейді.

«Жалпыға бірдей оқыту» қоры мына балаларға қаржылай көмек көрсетеді:

атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балаларға;

жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларға;

жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;

төтенше жағдайға тап болған оқушыларға (соның ішінде Абай облысында өрттен қаза тапқан орманшылардың балалары да бар).

Еске салсақ, былтыр мектеп жиынтығын сатып алу сомасы 17 мың теңгеден басталған болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!