«Жалпыға міндетті білім беру» қоры қаржысын мақсатсыз жұмсаған ата-ана жауапқа тартылады. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ата-ана немесе баланың заңды өкіліне «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан қаржылай көмек алуға өтініш жазған кезде жауапкершілік туралы ескертіледі. Яғни ата-ана қордан алған қаржыны мақсатты жұмсап, дәлел ретінде алған заттың чегі немесе квитанциясын ұсынуға келісімін береді. Чек пен квитанцияны қордан қаржысын қолына алғаннан кейін 15 күннің ішінде тапсыру керек. Сонымен қатар ата-ана жалған ақпарат немесе жалған чек ұсынған жағдайда жауапкершіліктің барын біледі. Қажет жағдайда қылмыстық іске дейін қозғалады», – деді Дулат Жекебаев министрліктің «Oqu-ağartu LIVE» жобасының эфирінде.
Оның айтуынша, қор қаржысы мақсатты түрде жұмсалуы тиіс. Яғни оқушыға мектепке арналған киім-кешек пен құрал-жабдық сатып алуы қажет.
Сондай-ақ, комитет басшысының орынбасары биыл қордан берілетін қаржының шекті сомасы белгіленгені туралы айтты.
«Бұған дейін «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан берілетін сома әр өңірде әртүрлі болды. Тіпті бір қаланың өзінде екі түрлі сома еді. 2020 жылы аудандар бойынша реттедік, яғни бір сома белгіленуге тиіс. Кейін облыс, қалаларды ретке келтірдік. Биылдан бастап республика бойынша шекті сома нақтыланды. Жаңа қаулыға сәйкес ең төменгі сома 37 389 теңге. Қордан берілетін қолдау аталған сомадан төмен болмауы тиіс. Егер белгіленген сомадан көп береміз десе оны өздері біледі. Ол мәселені жергілікті билік шешеді», – дейді ол.
Одан бөлек, «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан берілетін көмекке қатысты биылғы жаңашылдық – қолдау қаржылай беріледі. Бұған дейін заттай беріліп келген еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!