Балқашта екі баланы жүйелі түрде ұрып-соққаны үшін балабақша тәрбиешісінің көмекшісі сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Балқаш қалалық соты ҚК 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы “Азаптау” бойынша балабақша тәрбиешісінің көмекшісіне қатысты үкім шығарды.

«Сотталушы 2022 жылғы 22 қыркүйек пен 20 желтоқсан аралығында психосөйлеу дамуы тежелген балаларға арналған арнайы топта тәрбиешінің көмекшісі болып, денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соқпаған жүйелі түрде ұрып-соғу және өзге де зорлық-зомбылық іс-қимылдар жасап, кәмелетке толмаған екі адамға дене азабын келтірді», – делінген сот хабарламасында.

Айыпталушының кінәсі оның мойындау айғақтарымен, жәбірленушілердің заңды өкілдерінің айғақтарымен, бейнебақылау камераларындағы жазбалармен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен және қылмыстық істің басқа материалдарымен дәлелденді.

Әйелге кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты қызметпен 3 жыл мерзімге айналысу құқығынан айыра отырып, 4 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бастапқыда қылмыстық іс «Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» бабы бойынша басталды. Алайда тергеу кезінде жаңа жағдайлар ашылды. Күтуші балаларды шымшып, беттерін лас шүберекпен сүрткен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!