Әрбір салада атқарылған іс сараланып, алға жоспар межеленетін күн алыс емес. Себебі жылжабар уақыт жақындады. Соның ішінде білім саласы ауқымды өзгерістерімен ерекшеленеді. Әсіресе, «Педагог мәртебесінің» сақталуы бойынша қолға алынған жұмыс көп.
Мұғалім миллион
ала ма?
Мысалы, «Педагог мәртебесі» туралы заң көп нәрсені өзгертті. Мектеп, колледж мұғалімдерінің, балабақша тәрбиешілерінің және қосымша білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру сияқты бірнеше бағытта жұмыс жүргізілді. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша соңғы 3 жылда мұғалімдердің жалақысы 2 еседен аса өскен. Ал келесі 2023 жылы білім беру қызметкерлері мен педагогтардың еңбекақысы қосымша тағы 25 пайызға артады.
Деректерге сүйенсек, биыл республикалық бюджеттен бұл бастамаға оларға біліктілік санаттары, магистр дәрежесі үшін қосымша ақы төлеуге және дене шынықтыру мұғалімдерінің сабақтан тыс сабақ өткізуіне 1,2 трлн теңге бөлінген. Оның 121,5 млрд теңгесі мектепке дейінгі білім беру педагогтеріне, 1 трлн теңгесі орта білім беру ұйымдарына, 39,8 млрд теңгесі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына бағытталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2021-2022 жылдардың қаңтарында жалақы 25%-ға өсті. Сәйкесінше жылдан жылға білім беру ұйымдары қызметкерлерінің, яғни тәрбиешілердің, мектеп пен колледж педагогтерінің, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі мамандарының еңбекақысын арттыруға бөлінетін қаражат көлемі ұлғайып келеді. Сондай-ақ олар біліктілік санаты (лауазымдық жалақының 30%-дан 50%-ға дейінгі мөлшерін), магистр дәрежесі, пәндерді ағылшын тілінде оқытқаны, дәптер тексергені, сынып жетекшілігі мен тәлімгерлік қызметі үшін қосымша ақы алады» делінген Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратында.
Бұған қоса министр де өз парақшасында «Мұғалім миллион жалақы ала ма?» деген сұрақты былай тарқатты. ««Менің ойымша, әлеуметтік теңсіздік болмайды. Бізде 350 мың мұғалімнің жалақысын төлеу жүйесі бірдей. Бірақ бірдей болғаннан кейін, екі мұғалім бір мектепте жұмыс істеп жатса, яғни жалақысы мен жүктемесі бірдей қойылса да, біліктілігіне сәйкес қазірдің өзінде айырмашылық бар. Мысалы, оның «шебер» деген біліктілігі болса, 50%-ке артық жалақы алады. Ал магистратура дәрежесі болса, онда ай сайын 30 мың теңге үстемақы төленеді. Сол сияқты бұл жерде де қосымша шарттар қосылып отыр. Егер сол мектептегі мұғалімнің өзі басқа тапшылығы бар жерге көшіп барса және ол тиісті емтиханнан өте алса, оның дәл осындай жалақы алуға мүмкіндігі бар», – дейді Асхат Аймағамбетов.
Толтыратын құжат азайды
Пән мұғалімдері мен сынып жетекшілері толтыратын құжат саны да қысқармақ. Енді тек әр мұғалім күніне тек қана екі құжат бекіту керек. Ол баланың бағасын қоятын электрондық журнал және мұғалімнің күделікті оқу жоспары. Басқа ешқандай қосымша құжат болмау керек. Бұдан артық құжатты талап ету заң бұзушылыққа жатады. Жауапты ведомство педагогтер қандай құжаттармен жұмыс жасаудан босатылатынына қатысты жадынама дайындаған.
Енді келер жылдан бастап пән мұғалімдері дарынды балалармен жұмыс жоспарын, «Алтын белгіге» үміткерлермен жүргізілетін жұмыс туралы есепті, педогогикалық тәжірибені трансляциялау жөніндегі құжатты, кабинет паспортын, өзін-өзі дамыту бойынша жұмысты, оқушыларды қорытынды аттестаттауға және пән бойынша білім жетістіктерін бағалауға дайындық жоспарын, тоқсан/оқу жылы бөлінісінде пән бойынша үлгерім динамикасы бойынша есепті және аттестаттауға дайындық жоспарын толтыруға міндетті емес.
Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі № 130 бұйрығына сәйкес, сынып жетекшілері де артық құжат толтыруға міндеттелмейді.
Аттестация сапаны арттырады
Енгізілетін өзгерістер легі мұнымен тоқтамайды. Бұған қоса мектеп мұғалімдерінің аттестациясына қатысты да жаңашылдық бар. Жыл басында мұғалімдердің, ауыл директорлары мен директор орынбасарларының, қала мектептерінің, білім бөлімдері мен білім басқармалары өкілдерінің қатысуымен педагогтердің аттестациядан өту жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс тобы құрылған.Жұмыс тобы әдістемеге, әрбір біліктілік санатына қойылатын талаптарға, күтілетін нәтижеге, кәсіби стандарттың өзара байланысына және т.б. қатысты өз ұсыныстарын жасаған.
Қазір барлық педагог аттестацияның екі кезеңінен өтеді: бірінші кезең – барлық педагогтің пән мен оқыту әдістемесін білуге арналған тестілеуден міндетті түрде өтуі және екінші кезең – педагог портфолиосын, жетістіктерін бағалау.
Аттестацияға мынадай өзгерістер ұсынылады. Бірінші кезеңге, яғни ҰБТ-ға қатысты.Әдістеме бойынша тестілеу сұрақтарын қамтитын толық тақырыптар мен әдебиеттер барлығына қолжетімді болады. Педагогикалық өтілі 30 жыл және жаңа аттестация жүйесі бойынша санаты бар педагогтерді біліктілік тестілеуден босату ұсынылады. Олар аттестацияның екінші кезеңінен ғана өтеді, яғни портфолио тапсырады. Бұл ретте егер олар біліктілік санатын көтергісі келсе, онда аттестация жалпы негізде өтеді. Мысалы, 30 жылдық еңбек өтілі бар педагог-сарапшы өз санатын растаса, аттестациядан тек екінші кезеңнен ҰБТ-сыз өтеді, ал арттырғысы келсе қосымша ҰБТ тапсырады.
Сондай-ақ педагогикалық өтілі 30 жыл, бірақ ескі аттестаттау жүйесі бойынша жоғары, бірінші санатты педагогтер, «педагог-модератор» санатына ауысатын болса, онда олар біліктілік тестілеуден өтуден босатылады. Бұл жағдайда олар аттестацияның екінші кезеңінен өтеді, яғни портфолио тапсырады. Ал егер бұл педагогтер аттестацияның жаңа жүйесі бойынша басқа санаттарды алғысы келсе, онда аттестация жалпы негізде өтеді.Зейнетке шығуына 4 жыл қалған мұғалімдер де жаңа жүйе бойынша бар санатын растаған жағдайда оларды аттестациядан босату ұсынылады. Ал егер олар қолданыстағы біліктілік санатын, тиісінше алатын үстемақысын арттырғысы келсе, онда аттестация жалпы негізде өтеді.
Аттестацияның екінші кезеңінде де өзгерістер болады.
Құжаттардың саны айтарлықтай қысқарады. Екінші кезеңдегі негізгі бағалау критерийлері: сабаққа қатысуы және оны талдауы, педагогтің біліктілікті арттыру курстарынан өтуі. ҰБДҚ-да әр мұғалім үшін маңызды ақпараты бар электронды портфолио құру жоспарланып отыр, мұғалімдер аттестация кезінде мәліметтерді сол жерден алады.
Бұл шаралар мұғалімдерге біліктілік деңгейін арттыру мәселелеріне тиімдірек қарауға мүмкіндік береді. Гаждеттер заманын кітап заманына айналдыру үшін мектептердің базасында «құлыпсыз» кітапханалар ашу және өзге де бастамалар келер жылдың еншісіне белгіленіп отыр. Бұл әсіресе үйінде сабақ оқуға жағдайы жоқ балалар үшін таптырмас көмек болмақ.
А.СНАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!