Әне-міне дегенше, күнтізбедегі тамыз айының соңына таядық. «Туған ай тураған етпен тең» деп өзімізді жұбатсақ та, отыз күнге есеп беруге әлі бір-екі күн бар. Осы ретте Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары жарап тұр. Білім десе бәйгеден қалмайтын олар тамыздың соңғы екі аптасында ауылға барып қайтты.

Әдетте қала баласының ауылға баруы жаңалық емес, жылда қайталанатын қалыпты жағдай екені рас. Алайда біз айтқалы отырған әлеуметтік жоба ‒ көшбасшы мектептің жаңа бастамасы. «Екі апта ауылда» ‒ Назарбаев Зият­кер­лік мектептері оқушы­ла­рын ауылдық өмірге бейім­деуге арналған қызықты әрі ерек­ше жоба. Қазақ тілінің қол­даныс аясын кеңейтуді, оқу­шы­лар арасында ұлттық құн­дылық­тарды дәріптеуді, ту­ған елдің тарихын бүгінгі ұр­пақ арасында жиі насихаттауды мақсат еткен бастаманың әр күні маңызды. Себебі 7-10 сы­нып оқушылары қазақтың салт-дәстүрі, өнері мен мәдениетінің қаймағы бұзылмаған ауыл тұрмысын көзбен көріп, бойында жаңа қасиеттерді қалыптастыруға тырысуы керек.

Мектептің жаңа баста­ма­­сымен  7 сынып оқушысы Таир­­жан Хамитбеков Жала­ғаш ауданының Ақсу елді ме­кенінде  болып қайтты. Қа­ла­да туып өскен жас зият­кер ата-әжесі қоныс теп­ген туған жерге ерекше қызы­ғушылықпен ба­рыпты.  Небәрі үш мыңнан астам түтіні бар ауылдың та­рихына қаныққан Таиржан бізге тұрғындардың күнделікті тіршілігі жайында әңгімелеп берді:

Білім алаңындағы бірегей жоба

‒ Ауылдағы тіршілік қаладағыдай емес, тым ерте басталады. Екі апта ішінде мен таңертең ерте тұрып, шөп орып, төрт түлікке жем-суын беріп,  қора тазаладым. Бір байқағаным, ауылда ұлттық салт-дәстүр жақсы сақталған. Балалар күні бойы асық атып, арқан тартады, одан өзге ойын түрлерін де біледі. Мұның өзі біздің денсаулығымызға пайдалы болды деп ойлаймын. Сондай-ақ ауыл адамдарынан бір-біріне деген жылулық байқалады. Олар қай кезде де көмектесуге дайын тұрады екен. Сонымен қатар ауыл ауасының, тағамының, табиғатының таза болуы маған ерекше ұнады», ‒ дейді Таиржан.

«Ауыл ‒ қазақтың түп қазығы» десек, туған жерге жиі барып тұру балаларды қазақы болмысқа, еркіндікке жақындатады. Осы орайда жобаның тағы бір артықшылығын мектеп директорының орынбасары Ләззат Әбдраимова келесідей түсіндірді:   

 

Білім алаңындағы бірегей жоба

‒ Біріншіден, бұл жоба қалада өскен бала­лардың ойында  «ауыл» туралы түсінікті қалып­тастырады. Балалар қазақы мәдениетпен ете­не танысады. Сонымен қатар шалғайдағы ел­ді-мекендердің әлеуметтік-экономикалық мә­се­­ле­лерін көріп, оны шешу бойынша зерттеу жұмыстарын ұсынады, ‒ дейді ол.

12 сынып оқушысы Әйгерім Тұрмаханова да әкесінің кіндік қаны тамған Сырдария ауданы, Ақжарма ауылында демалысын қызықты өткізіпті. Ауылдағы алғашқы күннен бастап күйбең тіршілікке білек сыбана  кіріскен Әйгерім екі апта уақыттың пайдалы болғанын айтады:

Білім алаңындағы бірегей жоба

‒ Бау-бақшадан жеміс-жидек жинап, көкөністерді суару менің күнделікті әдетіме айналды. Бұдан бөлек ауыл тұрғындарымен әңгімелесіп, олардың осындағы өмірі туралы ақпарат жинадым. Барынша айналама ауыл тұрғынының көзімен қарауға тырыстым. Сол сәтте мен бірнеше өзекті мәселені байқадым. Соның бірі ауылда газ жүйесі жүргізілмеген, аурухана мен өрт сөндіру қызметтері  әлі күнге қарастырылмаған. Жаны сыздап ауырған адамдардың бірнеше шақырым қашықтықта орналасқан аудандық ауруханаға баруына тура келеді. Алдағы уақытта осы мәселелерді зерттеп, шешілу жолдарын қарастырғым келеді. Ауыл өмірі менің бойымда адамгершілік, төзімділік, еңбекқорлық секілді ең жақсы қасиеттерді қалыптастырды деп ойлаймын, ‒ дейді үздік оқушы.

Ауылдағы екі аптаның оқушылар үшін тез өте шыққаны анық. Енді Назарбаев мектебінің зияткерлері жаңа оқу жылын ауылдан алған жаңа қуат, көңілді күймен бастайтын болады.

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!