Астанадағы мектептердің бірінде оқушылардың қысылып қалғаны туралы ақпарат тарады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әлеуметтік желіде астаналық мектептердің бірінің баспалдағында түсірілген сурет пайда болды. Жазба авторының айтуынша, сурет үзіліс кезінде түсірілген.

Астана Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, суретте кейінгі 5 жылда үш ауысыммен жұмыс істеген №59 мектеп-лицейі бейнеленген.

«2023 жылғы 4 қыркүйекте №59 мектепте білім алушының көп болуына байланысты үзіліс кезінде оқушылардың қозғалысына қатысты мәселе туындаған. 5 қыркүйектен бастап кабинеттік жүйе уақытша тоқтатылды. Қазір сабақтар өздеріне бекітілген кабинеттерде өтіп жатыр. Жоғары сыныптар сабақ кестесіне сәйкес мамандандырылған кабинеттерге көшеді. Қазір бұл мәселе шешілді», – деді ведомство өкілдері.

Жаңа оқу жылында мектеп жанынан 1200 оқушыға арналған жаңа ғимарат пайдалануға берілген.

«Бұл мектепте үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Алайда көші-қон ағынының жыл сайын ұлғаюына және №59 мектептегі балалар санының көбеюіне байланысты бұл мәселе өзекті болып қала береді», – деді басқарма өкілдері.

2023 оқу жылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектептің маңында тағы бір мектеп салынып, пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, билік өкілдерінің айтуынша, қалада №59 мектеп-лицей орналасқан Есіл ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 6 «жайлы» мектеп салынады.

Еске салайық, Көкшетаудағы мектептердің бірінде оқушылардың дәлізде қысылып қалғаны бейнеленген видео тарап еді. Білім басқармасы тергеу жүргізді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!