Біліммен қаруланған адамның еңбегі жемісті, ісі өнімді, шығар шыңы биік болмақ. Бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заманда білімнің салмағы басым болу керек. Сондықтан ақылға азық берудің айыбы жоқ. Санасына сауаттылық сіңірген жанның айы оңынан туып, кедергісіз кемел келешектің кірпішін қалай алады. Білім алуда зерікпей, зейін қойып зерек атанғысы келетін жастар жетерлік.

жанының бағбанына айналған ұстаздар да осыны ескеріп, талантты шәкірттің талабын байқап, шыңдауда шеберлік танытуға тырысады. Білімді жас кез келген олимпиадада өзінің біліктілігін, қабілетін көрсетсе алға жылжуда тұралап қалмайтыны сөзсіз. Жарыста жығылмаған, сайыста сүрінбеген саналы оқушы түрлі кезеңнен мүдірмей өтсе зор мүмкіндікке ие болады. Тиісінше бұл болашағын жарқын етіп, мектеп мерейін де үстем ететіні анық.
Аймағымызда жаңашылдыққа жаны құмар, оқуға құштар білімпаз көп. Тіпті олар шетелге жолдама алып, ел намысын қолдан бермеуге тыраштанып келеді. Венгрияда өтетін IOI 2023 халықаралық олимпиадасында Қазақстан құрамасының атынан қызылордалық оқушы Мансур информатика пәні бойынша бақ сынайтын болады. Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін олимпиада 28 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында өтеді. Оған бүкіл дүние жүзінен мыңға жуық бала қатысады деп жоспарлануда. Кіл мықты мен шын үздік бас қосатын білім додасына айналған халықаралық олимпиада ең биік шың. Тәжірибе жинақтап, білім алудан безінбеген жас қана жеңіс тұғырынан көрінеді. Сондықтан олимпида көп іздену мен терең білімді қажет етеді. Осы ретте білгенін бөлісіп, үйретуден жалықпайтын ұстаздың еңбегі зор. Қанша дегенмен жетекшілік етудің жүгі ауыр екені бесенеден белгілі.
– Жалпы олимпиаданың маңызын, баланың болашағына оң әсер ететінін оқушымен жеке сөйлесіп, түсіндіріп келеміз. Соның нәтижесінде оқушының қызығушылығы артып, қатысуға ынта білдіреді. Ал әрі қарай халықаралық деңгейге жету үшін білімді шыңдап, дайындыққа ден қою керек. Біз барлық оқушыдан логикалық сұрақтан тұратын емтихан алғанбыз, сол уақытта ынтасын байқадық. Ол тың ақпараттарды, жаңа нәрсені тез ұғып, қабылдап алады. Мансур – озат оқушы. Ол білім байқауларында бірнеше медальға қол жеткізіп, облыста ең жас олимпиада қатысушысы және олимпиада жеңімпазы болды. Енді тамыз айына дейін дайындықты тоқтатпай, ізденісті үзбейміз. Қазірдің өзінде дайындығымыз жақсы, аса қатты қобалжу жоқ, бағы жанып, бабы шапса жүлдеге ие боламыз, – деді информатика пәнінің мұғалімі Батыр Жарқын.
Әр пәннің өз қиындығы барын ескерсек, информатика да оңай емес. Шешімі табыла қоймайтын есепті шемішкедей шағып, оңай шағылмайтын жаңғақты жік-жікке бөлу тек жүйрік адамның қолынан келеді. Оның үстіне баланың пәнге қызығушылығы мен бейімділігі болмаса бәрі бекер. Осы ретте Мансурмен де тілдесіп, ойын білдік.
– Информатика пәніне қызығушылығым жоғары. Олимпиада кезінде бәсеке мықты, талап қатаң болады. Қарсыласыңды шаң қақтырып, оқ бойы озық болу үшін тырысып бағасың. Негізі әрбір олимпиададағы ұтыстың астарында үлкен ұмтылыс пен табандылық жатыр. Тынбай есеп шығару, жетекшімен кері байланыста болу, мұның бәрі жеңіске жетелейді. Маған бағыт беруде Батыр және Айдос ұстаздың көрсеткен көмегі мен қолдауы зор. Әрине информатика сүйікті пәніме айналды десем де болады. Келешекте мамандығымның осы пәнмен байланысты болатынына күмәнім жоқ, – деді С.Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицейінің 8-ші сынып оқушысы Мансур Мамадахунов.
Әлбетте жеңіс оңай жолмен келмейді. Жалқаулыққа мойыны жар бергеннің жетістікке жетуі тіпті қиын. Марапат мінберінен көрініп, жеңіс тұғырынан түспеу үшін тіпті түнімен көз ілмей дайындықты жалғастыруға тура келеді. Сондықтан бақ пен бап қатар шауып, білім бәйгесінде алға озу еңбектің ақталғанын білдірсе, тәтті жеңістің татымында төгілген тердің үлесі жатыр. Жас болса да жасымай, жанына жасқаншақтық пен жасықтықты жуытпаған Мансур сенімнің үдесінен шығады деген ойдамыз. Ел намысын абыроймен арқалап, жүлдемен оралса үкілеген үміттің ақталғаны.

Замира ДАСТАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!