Адамзаттың қол жеткізген ұлы игілігі – білім биігі. Бүгінде оның сипаты алуан түрлі болып құбылды. Білім ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе көркем әдебиет арқылы да жеткен. Білімнің басты сақтаушысы – кітап. Ақылына ақы сұрамайтын құндылық адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік» деген еді Ғабит Мүсірепов.

Сәуірдің жиырма үшінші жұлдызы – күллі ғаламның кітапсүйер халқы мен осы сала қызметкерлері үшін мереке. Дәл осы дата 1995 жылы ЮНЕСКО шешімімен «Халықаралық кітап және авторлық құқық күні» болып белгіленген.

Расымен кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді өмір қажетіңе жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғышарттардың бірі. Ақыл-ой тәрбиесі әр заманда жастарға білім берудің негізгі құралы. Білім алуға және ғылымға ұмтылыс халық санасының тереңінен әрдайым орын алды. Халық табиғат пен қоғам дамуының заңдылықтары бейнеленген ғылымның деректерін, түсініктерін және заңдарын мақсатты игерудің нәтижесі деп білді. Тек ақылды адам ғана терең білімдерді меңгере алатынын түсінді. Білімнің мәнін «Ақылдан қымбат байлық жоқ», «Ақылды сатып ала алмайсың», «Ақыл – тозбас киім, білім – сарқылмас бұлақ» деген халықтың даналық сөздерінен-ақ байқауға болады.

Тәуелсіздік алғаннан бастап еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуымен қатар білім беру жүйесін жаңғырту мақсатында кезең-кезеңімен реформалар жүргізіліп келеді. Сол білім беру жүйесіндегі реформаларды жүргізу Егемен Қазақстанның алғашқы құқықтық құжаттарының бірі – Тәуелсіздік Декларациясында бекітілген болатын. Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау.

Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі – мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс – оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Ол өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға құзыреті. Жаңа формация мұғалімі табысы, біліктері арқылы қалыптасады, дамиды. Нарық жағдайындағы мұғалімге қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі.

Тәуелсіздік алғалы бері жыл сайын жүргізіліп, білім жүйесіне енгізіліп отырған реформалар біздің болашағымызға салынып жатқан даңғыл жол деп айтуымызға болады. Себебі қай мемлекеттің болсын даму жолы, яғни экономикалық-әлеуметтік жағдайына тікелей апарар жол – сол елдің білімінің дамуы болып табылады. Яғни болашақта бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына ену міндеті бәсекеге қабілетті жас маман мойнына жүктелетін абыройлы да, жауапты міндет болып отыр. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі мемлекет тұтқасын ұстаушы білікті маман, ел тағдырын шешуші тұлға.

Назерке БАЗАРБАЕВА,
Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімінің бас маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!