Білім беру жүйесі қоғаммен бірге дамып, үнемі өзгеріп отырады. Ол әр ұлттың өзіндік ерекшеліктеріне қарай қалыптасып, уақыт өткен сайын күрделенеді. Қай кезде де жалпы білімнің атқаратын қызметі – жас ұрпақтың танымдық дүниесін байытып, дамуын қамтамасыз ету. Заман өзгерістеріне қарай мектептерге қойылатын талап та, ондағы оқыту және тәрбиелеу әдіс-тәсілдері де өзгереді. Сондықтан география саласына қызығатын жастың қатарын көбейту ісінде де тың бастама керек-ақ.
Оқыту барысында ойындар әрқашан оқу материалдарымен байланыста болады әрі оқушыларды қызықтыратын жағдай туғызады. Ол оқушыларға оқу мәліметтерінің белгілі мөлшерін тез әрі жеңіл қабылдауына көмектеседі. Географияны оқыту әдістемесінде мақсатқа жеңіл жетудің көптеген тәсілдері бар.
Ең көп тарағаны – ойын сабақ. Ойынды тиімді тәсіл ретінде қолдану тарихы тереңге кеткен. Адам баласы қоршаған орта туралы шындықты белсенді іс-әрекеттің нәтижесінде танып біледі. Ол іс-әрекеттер – ойын, оқу және еңбек. Ойын сабақтың басында, не ортасында, болмаса сабақ соңында қолдануға болады. Егер мұғалім ойынды сабақтың басында қолданатын болса, онда оқушылардың ойын бір жерге жинақтау, жаңа сабаққа немесе сұралатын үй тапсырмасына оқушыларды түгел қатыстыру, белсенділік қабілетін арттыру. Егер ойын сабақ ортасында қолданылатын болса, онда оқушылардың шаршап-шалдығуына жол бермеу, көңіл-күйін көтеруге мүмкіндік туады.
География пәнін оқытуда баланың танымдық танымдық белсенділігін назарға алу, яғни оқушының оқуға, білуге деген ынта-ықыласын, құштарлығын қалыптастыру маңызды. Мысалы, мұғалімнің баяндаған материалын түсіну үшін оқушының зейін қойып тыңдауы, алған білімін кеңейту үшін өздігінен кітап оқуы керек. Өйткені айтылған мәлімет қайталауды, дағдыларға үйренуді талап етеді. Яғни, оқушының белсенділігі оқу үрдісінің барлық кезеңінде шешуші рөл атқарады.
Сәуле БЕТУҒАНОВА,
Т.Рұсқұлов атындағы
№222 орта мектептің география пәнінің мұғалімі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!