Түркістан облысының білім беру саласының қызметкерлері 2 миллиард теңгеден астам сома жымқырды деп күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Түркістан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шардара және Сарыағаш аудандарының білім бөлімдерінің бухгалтерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Олар бюджет қаражатын аса ірі көлемде жүйелі негізде жымқырды деп айыпталып отыр.
“Тергеу мәліметтері бойынша күдікті тұлғалар 2020-2023 жылдар аралығында білім беру саласында жұмыс істемейтін тұлғалардың шоттарына ақша аударып, мектеп қызметкерлеріне жоғары жалақы есептеу арқылы шамамен 2,6 млрд теңге жымқырған. Қазіргі уақытта Түркістан облысының білім беру саласынан 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда, олардың төртеуіқамауға алынды”, – деп мәлімдеді Антикордың баспасөз қызметі.
Залалды өтеу мақсатында 39 жылжымайтын мүлік, 44 көлік, зергерлік бұйымдар және айыпталушылардың шоттары бұғатталды.
“Тергеу барысында Түркістан облысының тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы әшкереленді, ол Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудит барысында анықталған жымқыру фактілерін пайдакүнемдік ниетпен жасырған”, – делінген ведомоствосында.
Сондай-ақ Жетісу облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында 2,5 жыл ішінде 4,4 миллиард теңге жымқырған қалалық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Мұнда басшы мен 11 қызметкер, бухгалтер сот алдында жауап береді.
Фото: Нұрболат Нұржаубай
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!