Көптеген елдер үшін инженерлік білімі бар мамандарға деген қажеттілік ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Бұл техникалық әзірлемелер мен жаңа машиналар мен механизмдерді жасау саласындағы әлемдік бәсекелестіктің күшеюі негізінде экономикалық өсудің жылдам қарқынымен байланысты.

Қазіргі уақытта біз еңбек нарығында инженерлік мамандықтарға сұраныстың артуын байқап отырмыз, бұл тиісінше осы бағыттарға студенттерді қабылдаудың ұлғаюына алып келеді. Қазіргі заманғы инженерлерді даярлау мәселелері академиялық және инженерлік ортада белсенді талқылау тақырыбы болып қала береді. Техникалық жоғары оқу орындарындағы кәсіби даярлық деңгейін бағалай отырып, зерттеушілер оқытудың дәстүрлі нысандары мен әдістерінің басым болуын, инженерлік мамандықтарға қабылдау сапасының төмен деңгейін, мамандарда soft skills-тің жеткіліксіз дамуын, инженерлік кадрларды даярлауда білім берудің, бизнес пен биліктің өзара іс-қимылының нашарлығын атап өтеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында еліміздің алдында тұрған басым міндеттерді іске асырудағы маңызды шара ретінде отандық, оның ішінде инженерлік және педагогикалық кадрларды даярлау сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Осы кезеңде мемлекет сапалы білім алуға қолжетімділікті арттыру тетіктерін қайта қарауға, білім берудің барлық деңгейлерінде, оның ішінде жоғары оқу орнынан кейінгі кезеңде кешенді тәсілді талап ететін жаңа әдістерді әзірлеуге тиіс. Егер біз Қазақстандық индустрияны және ұлттық экономиканың түрлі салаларын дамытқымыз келсе, онда кәсіби инженерлік және техникалық кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру мәселесіне басымдық беруге тура келеді.

Зерттеушілер отандық кәсіпорындарда жұмыс жасауға дайындалған инженерлік білімі бар мамандардың жетіспейтіндігін атап өтті. Бір жағынан, жұмыс берушілер сапалы инженерлік білімі бар қабілетті жас мамандарды жұмысқа орналастыруға мүдделі. Екінші жағынан, олардың қажетті кадрларды даярлауға қатысуы төмен. Көп жағдайда, жұмыс берушілер мектептермен, орта кәсіптік және жоғары білім беру ұйымдарымен тұрақты негізде өзара іс-қимыл жасамайды. Мектептен бастап ЖОО-ға дейін инженерлік білім беру қажеттіліктерін іске асыру процесін басқаратын тұтас жүйе жоқ. Мектептен кейінгі инженерлік мамандықты таңдаудың негізділігін бағалаудың төмен болуының себебі – мектеп жылдарында техникамен жұмыс істеуге бейімділікті ерте анықтаудың тиімді жүйесінің болмауы. Физика, химия, технология сабақтарында қазіргі заманғы техниканың ең көп таралған түрлерін құру және пайдалану принциптері туралы білімнің болмауы теріс әсер етеді. Білім алушылардың конструкторлық қызметпен айналысуда алғашқы тәжірибесін алуы үшін мектептердің материалдық-техникалық базасының қазіргі заманғы оқыту технологияларына сәйкес болуы да маңызды болып табылады.

ЖОО-да оқу кезінде студенттер алатын мамандық бойынша оған деген қажеттіліктің мазмұны, жұмыс шарттары туралы түсініктер, ықтимал жалақы, өндіріс міндеттері және т. б. туралы мағлұматтардан хабардар болып отырады. Жұмыс берушілердің жоғары сұраныстарын қанағаттандыратын білікті инженерлік кадрларды даярлауда салалық кәсіби стандарттардың талаптарына сай келетін білім беру траекториясын қамтитын оқу жоспарларын жасаудың да маңызы зор.

Соңғы жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ұсынатын білім беру бағдарламалары білім алушыларға өзінің білім беру траекториясын дербес модельдеуге  мүмкіндік береді. Бірінші курстан бастап студенттер білім беру бағдарламаларының жекелеген компоненттерін таңдай алады, әмбебап құзіреттіліктерді қалыптастырып, сонымен қатар болашақ дайындық бағытына сәйкес кәсіби таңдауды анықтап, басқа мамандықтармен және қосымша біліктілік алу мүмкіндіктерімен танысуға мүмкіндік алады.

Студенттер оқу процесінде үшінші курста дайындық бағытын немесе білім беру бағдарламасының бағытын (бейінін) өз бетінше таңдайды. Бұл ретте білім беру бағдарламаларының құрылымы елеулі академиялық айырмашылық тудырмай, даярлық бағыты мен бейінін өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл оларға таңдаған даярлық бағытының кәсіптік қызметінің белгілі бір салалары бойынша білімдерін тереңдетуге, сондай-ақ негізгі мамандыққа байланысты емес қосымша біліктілік алуға (minor) мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, студенттердің таңдауы бойынша пәндер пакеттері (блоктары) негізгі кәсіби дағдыларды ғана емес, сонымен қатар жұмыс берушілер талап ететін құзыреттерді, соның ішінде Soft Skills дамыту үшін қосымша білім бағдарламалары бойынша білім алуға мүмкіндік беруі тиіс. Бұл үшін білім беру бағдарламаларына білім алушылардың еркін таңдауындағы элективті пәндер енгізілуі тиіс, олар жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне қарай жыл сайын жаңартылып, кеңейтіледі, олар даярлаудың осы бағыты үшін кәсіби компоненттерді де, дүниетанымы мен кәсіби эрудициясын кеңейтетін пәндерді де қамтиды.

Жоғарыда айтылғандардан басқа, ұсынылған тәсіл білім алушыларға «қос диплом» бағдарламаларына қатысуға, сондай-ақ future Skills құзыреттілігін білім беру бағдарламаларына енгізуге, оқытуды дербестендіруге және студенттерге қосымша құзыреттер мен біліктіліктер алуға мүмкіндік береді. Ал оқытуды практикалық дайындықпен интеграциялау арқасында білім алушылар жұмыс берушілермен белсенді өзара іс-қимыл жасап, практикалық тәжірибе жинақтайтын болады.

Инженерлік білім беру бағдарламаларында оқитын білім алушылар үшін жеке білім беру траекторияларын қалыптастырудың қазіргі заманғы мәселелеріне жүргізілген талдау, білім беру бағдарламаларының практикалық бағдарлануын өзектендіруді ескере отырып, оларды қолданыстағы кәсіптік стандарттарға және жұмыс берушілердің сұраныстарына бағдарлау келесі негізгі қорытындыларды тұжырымдауға мүмкіндік береді.

Қазіргі жағдайда инженерлік білімі бар жас маманға жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін бірден кәсіби ортаға кіруге дайын болуды көздейтін талаптар жиынтығы ұсынылуы тиіс. Жақын болашақта үнемі өзгеріп отыратын ғылым мен білім жағдайында өзекті деп саналатын техника мен технологияны құру қажеттілігін болжай алатын және университетте оқу кезінде алған білімі мен дағдылары негізінде өндірістік процесті басқара алатын қызметкерлерге қажеттілік артатыны сөзсіз. Көптеген елдерде мұндай мамандарға деген қажеттілік ең өзекті болып табылады. Егер инженер осындай талаптарға сай болса, онда кәсіпорын әлеуеті артып, серіктестерімен өзара тиімді мәмілелер жасауға мүмкіндік алар еді.

Гүлнар СЫДЫҚОВА,

Электр энергетикасы, техносфералық қауіпсіздік және экология кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!