Шаһар басшысы Ғанибек Қазантаев қаладағы бірқатар орта білім ұйымдарының бүгінгі жай-күйін көріп, шешілуі тиіс мәселелерді назарға алды. Алдымен қала әкімі облыс орталығындағы өткен жылы пайдалануға берілген 500 орындық заманауи «Зерде» интеллектуалды мектебіне барды.
Жаңа мектептің құрылтайшысы Сейітқали Алшынбаев заманауи бағытта салынған интеллектуалдық мектептің ерекшеліктерімен таныстырды. Мектептің аумағы – 8 мың шаршы метр, жалпы алаңы – 1600 гектар. Интеллектуалды мектеп 3 қабаттан тұрады. Бірінші қабатта оқушылар үшін спорт зал, би залы, асхана мен оқу кабинеттері орналасса, екінші қабатта балалар демалыс алаңы және теннис залы салынған. Ал, үшінші қабат заманауи үлгідегі акт зал, компьютер сыныпқа арналған.
Одан әрі Абай даңғылы бойында орналасқан Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжіне барып, білім саласының қазіргі жай-күйін көрді. Бұл білім ордасының негізгі бағыты – бәсекелестікке және нарықтық экономика жағдайларына төзе білетін білікті де білімді, жоғары сапалы жұмысшы мамандарды даярлау. Мамандық бойынша оқу процесі үшін қолданылатын оқу базасының жалпы көлемі – 12694 шаршы метр. Білім беру мен дағдысын қалыптастыру бағытында 25 оқу кабинеті, 3 зертхана, 7 шеберхана, 1 тренинг орталығы арқылы жүзеге асуда. Бүгінгі таңда колледжде 12 мамандық бойынша 604 студент білім алуда. Оларға 97 инженер-педагог, оның ішінде 43 оқытушы, 54 өндірістік оқу шебері дәріс береді. Қызметкерлердің 91%-ы жоғары білімді болса, 8%-і арнаулы орта білімді.
Жарты ғасырдан астам тарихы бар ғимараттың жай-күйін көрген Ғанибек Қазантаев бүгінде білім ордасы өте ескі екенін жеткізе отырып, заман талабына сай күрделі жөндеуді қажет ететінін айтты. Осы орайда аймағымыздың білім саласына әрдайым өз үлесін қосып жүрген Сейтқали Алшынбаев аталмыш білім ордасына инвестор болатынын жеткізді.
– 54 жылдық тарихы бар ғимараттың жағдайы белгілі. Енді облыстық бюджет арқылы пилоттық жобаны сенімді басқаруға алдық. Алда 5 жылдың ішінде 3 млрд.теңгеге инвестицияға жаңа жобалар жасап, бүгінгі заман талабына жаңа ғимарат салуды жоспарлап отырмын деді, – инвестор Сейтқали Алшынбаев.
Соңғы жылдары жекеменшік мектептердің құрылысы бойынша инвесторлармен қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталған қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлы, қала орталығында сәнін кетіріп, көп жылдан бері пайдаланылмай тұрған ғимараттар мен бос жерлерді заңды түрде ел игілігіне жұмыс жасаймын деген кәсіпкерлерге бере отырып, қолдайтынын жеткізді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!