Фото: pavon.kz

«Мектеп – кеме, білім – теңіз» демекші биылғы оқу жылының аяқталуына да санаулы күн қалды. Алғашқы қоңырау соғылғанда жүректері дүрсілдеп мектеп табалдырығын аттаған оқушылар жыл бойына үздіксіз білім алды.

№5 мектеп-лицейде 2023-2024 оқу жылында жалпы 1755 оқушы білім алды. Оның ішінде 1-4 сыныптарда – 704 оқушы, 5-8,10 сыныптарда – 918 оқушы болса, барлығы да қазақ тілі пәнінен емтихан тапсырады. Биыл 4 түлегіміз «Алтын белгіге» үміткер.

Биылғы оқу жылында қарқынды жұмыстың нәтижесінде ұстаздарымызбен шәкірттеріміз білім бәйгесінде оза шапты. Республикалық, қалалық, облыстық ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадалардың жүлдегерлері атанды. Ұстаздар балаға тәрбие беріп қана қоймай, ізденіс жолына бағыт берді.

Бүгінде аралас мектепте түрлі ұлт өкілдері тәрбиеленуде. Ұлтқа, тілге бөлінбей ана тілімізді биік қойып, шәкірттеріміз мектеп оқу ордасына жылулық ұялатты. Оқу жылындағы қалалық үздік мектептер арасында алдыңғы орындардан көрініп, сайыстардың жүлдесін қанжығасына байлады. Әртүрлі қайырымдылық шарасына белсене атсалысып, үйден оқытылатын оқушылардың да көңіл-күйін көтеру мақсатында түрлі іс-шаралар өткізілді. Иә, бұл ұжымдағы ауызбіршіліктің, білім көшіндегі алғырлықтың, тәлім мен тәрбиенің нәтижесі десек қателеспеген болар едім.

Осындай жетістіктің арғы жағында ұлылықты жоғары қойған ұстаздардың еңбегі жатыр. Шәкірттеріміздің білімді ұрпақ болып өсуі үшін күні-түні еңбек етіп жатқан ұстаздардың мәртебесі биік болғай дегіміз келеді. Осындай ұжымды басқарып отырған мектеп директоры Рита Мұхашова, оқу ісі жөніндегі орынбасары Болат Аблаев, тәрбие орынбасарлары, ғылыми-іс жөніндегі орынбасалары, мектеп әкімшілігінің еңбегін ерекше айтқым келеді. Мәртебелі мамандықтың мерейін көтеріп, баланың бетінен қақпай, белін буып жүрген ұлағатты ұстаздарымыз қашанда марапат төрінен көріне берсін.

Ақерке БАЛМАНОВА,
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!