Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Түркияда өткен онлайн форматтағы халықаралық олимпиада жүлдегері Ерасыл Сапарбековпен кездесті. Озат оқушы осы айда география пәнінен халықаралық білім байқауына қатысып, қола жүлдегер атанған еді.
Кездесуде аймақ басшысы Сыр елі үшін тамыз айы жемісті болғанын, Токио олимпиадасында жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев қола жүлде иеленсе, білім бәйгесінде Ерасылдың олжалы оралғанын ерекше атап өтті.
– Ең алдымен өзіңді онлайн форматта өткен Түркия жеріндегі жарқын жеңісіңмен шын жүректен құттықтаймын. Әлем елдерінен 160-тан астам дарынды жас қатысқан білім додасында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, қола медаль иелену, шын мәнінде, үлкен жетістік. Бұл – сенің талай жылдардан бергі талмай ізденгеніңнің нәтижесі, ата-анаң мен ұстаздарыңның ортақ жемісі. Бұл жүлдең біз үшін алтынмен тең. Білім көгінде жұлдызың биіктен жарқырай берсін деген тілегімді білдіремін, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде №9 Білім-инновация лицейінің 10-сынып оқушысы Ерасыл Сапарбеков 46 елдің талантты жастары қатысқан байқаудың қалай өткенін, осы бағыттағы ұсынысын жеткізді. Ол үш кезеңнен тұратын күрделі сынақты ағылшын тілінде тапсырған. Н.Ілиясов ауылының тумасы лицейге қабылданғаннан кейін, географияға ерекше ден қояды әрі оның терең білім алуына ұстазының да ықпалы мол болған. Айта кету керек, ол осы кезеңге дейін халықаралық Әл-Фараби атындағы география пәнінен өткен онлайн олимпиадада алтын медаль иеленіп, облыстық, қалалық пәндік олимпиада жеңімпазы атанған.
Жүздесуде облыс басшысы Ерасыл Сапарбековке аймақ абыройын асырып, білім додасында алға шыққаны үшін арнайы естелік сыйлықты табыс етті. Жас өрен сенім білдіріп, қолдау көрсеткен Сыр жұртшылығына алғысын айтып, білім сынында бұдан да биік шыңдарды бағындыратынына уәде етті.
«СБ» ақпарат
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!