ҚР Оқу-ағарту министрлігінің арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы арнайы білім беру ұйымдарының педагогтеріне арнап конкурс жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қатысушылар бес номинация бойынша сынға түседі.

Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйгерім Кудеринованың айтуынша, дәстүрлі конкурс екі кезең бойынша өтеді, іріктеу және финал.

«Конкурсқа арнайы білім беру ұйымдарының педагогтері шақырылады. Бірінші кезеңде қатысушылар сабақтың бейнежазбасын конспект жоспарымен қоса ұсынуы керек. Екінші кезеңде кәсіби қызмет туралы портфолио, әдістемелік жүйелер және жұмыс тәжірибесі туралы презентация дайындайды. Байқау педагогикалық еңбектің беделін арттырып қана қоймай, тәжірибе алмасуға, жеке тұлғаның әлеуметтік-кәсіби ресурстарын дамытуға және педагогтердің шеберлігіне бағытталғанын атап өтемін», – дейді Әйгерім Кудеринова.

Естеріңізге сала кетейік, байқау жыл сайын өткізіледі. Құжат қабылдау 2023 жылдың 5 қыркүйегіне дейін жалғасады.

Толық ақпаратты мына сілтемеден алуға болады

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!