Білімнің кеңістігінде керуен кешіп жүріп тек оқу оқып ғана қоймай, сонымен қоса бірқатар мемлекет ұсынып отырған бағдарламалар арқылы мүмкіндікті құр жібермеуге болады. Қазір студенттер үшін шетелде білім алып, тәжірибе алмасу оңай. Елімізде жыл сайын өзге мемлекетте білім алуға ынталы студенттердің саны артып келеді. Қазақстанда статистика бойынша 14%-тен астам жас өзге елде білім алады екен. Тек білім нәрімен сусындап қоймай, өзге елдің мәдениеті, салт-дәстүр көкжиегімен танысып, көрінісін тамашалап, танымын арттыруда. Италиядағы «University of Siena» оқу орнында экономика, бизнес менеджмент саласында оқып жатқан Баян Сәрібаевамен тақырып тінін тарқатқан едік
Мүмкіндіктен құр қалмау керек
Қазіргі танда шетелде оқу қолжетімді. Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі болғандықтан, өзге мемлекетте оқуға деген ынтам мектеп қабырғасында білім алып жүргенде-ақ ашылған еді. Сол кездері шетелден тәжірибе алмасу үшін келген мұғалімдер сабақ беріп, өзге мәдениетке деген қызығушылықтың артуына ықпал етті. Бүгінде Италиядағы “University of Siena” ЖОО-да экономика, бизнес менеджмент саласында сапалы білім алудамын.
Өзге тіл тірлік үшін
Білім алу деңгейі, өмір сүру салты алуан түрлі болғандықтан, тілдік барьер бастапқыда ғана болды. Қуанышымызға орай, елімізде 3 тілде оқыту жүйесі жақсы дамыған. Ағылшын тілін өздігімше балалық шақтан меңгеруді бастап едім, осы күні білім алуға және жаңа достар табуда игілігіме жарап отыр. Итальяндықтармен араласу арқылы жаңа тіл үйренуге деген құштарлығым артып болып келеді. Әйтсе де, «өзге тілдің бәрін біл, өз тілінді құрметте» деген қандастарыммен ана тілімізді бұрмаламай, таза қазақша сөйлейміз.
Шетел шеттетпейді
Итальяндықтар қазақтар секілді қонақжай. «Сәлем – сөздің анасы» деп бекер айтылмаса керек, жергілікті тұрғындар күнделікті бір-бірінің амандығын сұрап, қолдан келген көмекті аямайды. Жат елден екенімізді біліп кемсітпей, керісінше өз қатарына қосып, құшақ жая қарсы алды.
Елге ораламын
Шетелде білім алудың арқасында Италияны әр қырынан танып, мәдениетімен таныстым. Жаңа білім алдым. Десе де Қазақстанға оралуға асықпын. Қазақстанның ілгері басып, азуы алты қарыс дамыған елдермен терезесін теңестіруге атсалысуды борышым деп есептеймін.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!