«Болашақ мамандықты таңдауға қатысты да айта кетейін. Жинаған балл көлеміне немесе басқа бір факторларға байланысты қабылданған шешім қате екенін есте сақтаңыз.
Оқу мен кәсіптің 3 түрі үлкен әлеуетке ие деп ойлаймын. Бірінші – жас мұғалім. Қазір бұл мамандық тұрақтылықтың кепіліне айналды. Елімізде жақсы мұғалімдерге сұраныс өте жоғары. Қазір жалақы да, даму мен мансаптық өсу мүмкіндіктеріне де жағдай жасалған. Сонымен қатар осы бағытқа 9,5 мың грант бөлініп, ең жоғары стипендия тағайындалады, одан бөлек, жалақы жыл сайын 25 пайызға өсіп отырады», – деп жазды министр Facebook парақшасында мектеп бітіретін түлектерге арнаған хатында.
Сонымен қатар ол инженерлік мен ғылымның әлеуеті зор екендігін атап өтті.
«Екінші – жас инженер. Президент техникалық мамандықтардың маңыздылығын атап өткен болатын. Мықты инженер болсаңыз, онда сіз кез келген жерде бәсекеге қабілетті боласыз. Өздеріңіз білетіндей, жүздеген жас қазақстандық Google, Amazon және әлемге әйгілі басқа да компанияларда жұмыс істейді. Үшінші – жас ғалым. Қазақстан ғылымы қарқынды дамып келеді. Отандық ғалымдар QazVac вакцинасын жасады. Сондай-ақ жас ғалымдар бүкіл әлем бойынша ғылыми жарыстарда алдыңғы орындарда. Олардың жобаларына шетелдік компаниялар серіктестік ұсынып жүр. Одан бөлек, біз ғалымдарға барынша қолайлы жағдай жасап жатырмыз. Атап айтқанда, ғылыми гранттар бөлу, шетелдік ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту және тағы басқалары. Сіздердің араларыңыздан да Сәтбаев ісін жалғастырушы мықты ғалым шығуы әбден мүмкін», – деді Асхат Аймағамбетов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!