Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттері басшыларының телефон нөмірлері жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою мақсатында Оқу-ағарту министрлігі білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету аумақтық департаменті бірінші басшыларының ұялы және жұмыс телефондары нөмірлерін жариялады. Сонымен қатар департамент басшыларының әлеуметтік желілердегі аккаунттары және орынбасарларының телефон нөмірлері де көпшілік назарына ұсынылды.
«Қазақстандықтар білім саласындағы кез келген мәселе бойынша аумақтық департамент басшыларына тікелей хабарлай алады. Мысалы, мұғалімдердің міндетіне жатпайтын жұмысқа тартылуы, педагогикалық этиканы бұзу, білім беру ұйымдарында қауіпсіздік жүйесі элементтерінің (бейнебақылау камералары, дабыл түймелері) жоқтығы немесе дұрыс жұмыс істемеуі туралы және т.б. Азаматтар жауапты қызметкерлерге хабарласу арқылы кері байланыс пен қабылданған шаралар туралы ақпарат алады», – деп жазды министрліктен.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов білім басқармалары мен аумақтық департаменттердің басшыларына өңірлерден түскен өтініштер, шағымдар мен ұсыныстарды жедел қарауды тапсырған болатын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!