Биыл еліміздің жетекші университеті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 88 жыл толып отыр. 1934 жылдың 15 қаңтары Қазақстандағы тұңғыш көп салалы университеттің ресми ашылу күні болып саналады. Сол күні оқытушы-профессорлар құрамы туралы бұйрыққа қол қойылып, алғашқы студенттерді қабылдау басталды. Оқу орны құрылғалы бері Қазақстанның әлеуметтік-саяси өміріне және экономикасына аса зор үлес қосып келеді. Бүгінде ол халықаралық ғылым және білім беру кеңістігінде өзінің лайықты орнын алып, жоғары білім саласындағы әлемдік көшбасшы университеттің біріне айналды.
Қазақ ұлттық университеті 2022 ж. QS (Ұлыбритания) рейтингтік агенттігінің ранжировкасы бойынша әлемдік жоғарғы оқу орындарының ішінде сапа көрсеткіштері бойынша Топ-200 университетінің ішінде 150-орынды иеленді.
Бұл – талантты, дарынды студенттердің басын біріктіріп отырған мекен.14 факультеттен тұратын білім мекені – сапалы оқыту әдістемелерімен ерекшеленеді. Әсіресе – Экономика және бизнес жоғары факультеті қазіргі заманғы базамен жабдықталған төрт кафедрадан тұрады. Факультетте техникамен жабдықталған мамандандырылған кабинеттер жұмыс істейді. Сонымен қатар, ғылыми және оқу әдебиетінің бай қорымен жабдықталған кітапхана бар. Студенттер сабаққа мамандандырылған оқу залдарында, оқу-әдістемелік аудиторияларда дайындалады, практикалық, зертханалық сабақтар өтетін және тест түріндегі емтихандар қабылданатын компьютерлік класстар бар.
Кафедра бухгалтерлік есеп және аудит, қаржы саласында бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандарды дайындайтын кафедра болып табылады. Бұл кафедрада профессор-оқытушылар құрамының сапасын арттыру бойынша жұмыстар үнемі жүргізіліп отырады. Жыл сайын профессорлық оқытушылар құрамы шетелдегі жетекші ЖОО-ға біліктілікті арттыруға барады. 30 артық пән бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім береді. Міндетті пәндермен бірге элективті пәндер де оқытылады. Кафедра бойынша элективті курстардың ерекшеліктері –- экономиканың әртүрлі салаларында жұмыс істейтін бухгалтерлерді дайындау кезінде тәжірибелік қызметке көп көңіл бөлінетіндігінде.
2012-2013 оқу жылынан бастап «Есеп және аудит» мамандығы бойынша тек ағылшын тілінде білім алатын студенттер тобы қабылданған. Бүгiн бiздiң студенттер диплом алғаннан кейін нарықта сұранысқа ие, оқу процесiн үзбей кез-келген студент халықаралық бухгалтерлік есеп саласы бойынша СIPA сертификация бағдарламасы САР – сертификатталған тәжірибелі бухгалтерге оқып, сертификат алуға мүмкіндігі бар.
Академиялық мобильділік шеңберінде «Қаржы және есеп» – «Entrepreneurial University as a model for proper managerial interrelation among education, science and innovation development» секілді тағы да басқа көптеген ғылыми конференциялар, симпозиумдер, көрмелер өткізіледі. Жыл сайын оқытушылар халықаралық ғылыми практикалық конференциялар мен семинарларға қатысады.
Факультет студенттері әртүрлі халықаралық және республикалық конференциялар мен байқауларға қатысады. Экономика факультетінің студенттері тек қана кәсіби дайындықты игеріп қана қоймай, сонымен бірге қоғамдық өмірге де белсенді. Факультеттің жастар комитеті әртүрлі олимпиадалар, белгілі тұлғалармен кездесулер ұйымдастырады. Факультеттен тыс әртүрлі пікірталастар, интеллектуалды ойындар және дөңгелек үстелдер ұйымдастыратын интеллектуалды-дискуссиялық клубтар қарастырылған. Оқу процесіне өзін-өзі басқару элементтерін енгізу, жастардың мәдени-жалпылама және спорттық жұмысын ұйымдастыру, саламатты өмір салтын ұстануды насихаттау, оқу-тәрбие процесін жетілдіруге атсалысатын студенттік деканат қызмет етеді. Нәтижесінде студенттер тек қана өз ісінің маманы ғана емес, көшбасшы болып қалыптасады.

Г.НҰРҒАЛИЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Экономика жәнe Бизнес Жоғары Мектебі, э.ғ.к, доцент

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!