Әрине бойға сіңіруге болады. Кәдімгі бойға сіңген құнарлы ас сияқты білім де адамның миынан өтіп, жүрегіне жетеді. Мұны әдетте оқушының сүйікті сабақтары деген ұғым арқылы тани түсеміз.
Оқушының сабақты қабылдауының классикалық әдісі ол – ең алдымен пәнді емес, мұғалімді қабылдауы. Мұғалімді жақсы көру, құрмет көрсету арқылы оқушы оның пәнін ұнатады. Сабақ үстінде мұқият тыңдап, үй тапсырмасын орындау арқылы сол сабаққа деген оқушының ынта-ықыласын, сүйіспеншілігін байқауға болады.
Әдетте оқушы неге сабақ оқымайды немесе оқығысы келмейді деп ойлайсыз? Біріншіден, мұғалімді жақсы көргеннің өзінде пәнге деген қажеттілікті сезінбеу, үшіншіден, сыныптағы шулы атмосфера, төртіншіден, оқушының бейімділігінің төмен болуы (мәселен, гуманитарлық пәндерге жақсы оқушы математика сияқты нақты қолданбалы ғылымдарды баяу қабылдайды немесе мүлдем түсінбейді, немесе керісінше математикадан жүйрік оқушы әдебиетті іш пыстырарлық сабақ деп ойлайды, т.б.). Әрине бұл тізімді жалғастыруға әбден болады. Оқушының сабақты мүлдем түсіне алмауы көбінде сабаққа келмей қалудан, бірімен бірі тығыз байланысты бастапқы тақырыптарды жіберіп алудан да болады. Сыныптағы барлық оқушы бірдей үздік болмауының бірнеше факторлары бар, тақырып бұл туралы емес, сондықтан сөздің мазмұнын оқушының сабақта өткен тақырыптарды есте сақтай алуының бірнеше әдіс-тәсілдеріне тоқталып көрейік.
Меніңше, үй тапсырмасын сұрау кезінде көбінде «автор орындығы» деген әдіс пайдалырақ. Бұл кезде оқушы үйден жазып алып келген шығарма немесе эссесін орындықта отырып оқиды. Бұл әдіс өткен сабақты бекітуде де тиімді. «Өзіңізді тексеріңіз» деген әдісті жаңа сабақты түсіндіріп болғаннан кейін оқушының сабақты қаншалықты тыңдап отырғанын анықтау үшін қолдануға болады. Бұл әдісте өткен мәтіннен мысалдар келтіріледі, оқушы ол мысалдардың мәтінде бар-жоғын «Шындық па?» «Жалған ба?» деген сауалдар арқылы анықтайды. «Серпілген сауал» деген әдісте оқушылардың тақырыпты түсіну деңгейін анықтауға болады. Мысалы, «Айман, Саматтың жауабы туралы сен не ойлайсың?», немесе «Гүлжан, Нұрланның жауабын кеңейту үшін тағы қандай пікір қосуға болады?», немесе «Қайыркен, осы жауаптардың барлығын біріктіріп, басқаша сөзбен қалай айтуға болады? Барлық ойды бір ғана сөйлемге сыйдырып айта аласың ба?» деген сұрақтар бойынша жетелеп отырып, жаңа тақырыпты оқушының есінде қалдыруға әбден болады.
Сабақтың мейлінше қызықты әрі есте қалатындай өтуі әрине пән мұғалімінің шеберлігіне байланысты. Қайсыбір пәнде өткен тақырып болсын, түбінде оқушының алдынан шығатынын сезген мұғалім, меніңше, ең жақсы мұғалім.

Гүлнұр АБДУЛЛАЕВА,
Жаңақорған ауданы
Қожакент ауылы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!