Жақсыгүл ТОҒАНОВА,

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары  колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының магистрі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері:

− Жақсыгүл Қоханқызы, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құтты болсын! Мерейлі мезетке қандай жетістікпен келіп отырсыздар?

− «Біз қастерлі Тәуелсіздіктің отыз жылдығына қадам басамыз. Бұл – баршамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекетқұруға атсалысқан бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің тарихи шежіресі» деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. 90 жылдық тарихы бар М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі – заманауи білім беру мен кәсіптік даярлауды бағдар тұтқан оқу орны. Қазіргі жаһандану ғасырындағы қоғамдық-әлеуметтік өзгерістерге сай, бәсекеге қабілетті маман даярлап келеді. Білім ордасының дамуы, жаңашылдықпен қадам басуы – ел Тәуелсіздігінің жемісі. Егемен елде ғана балалар саналы білім алып, армандарына жол ашады. Біз ата-бабамызға арман болған бейбіт күннің әр таңын бағалауымыз қажет.

Білімді де белсенді жастың – болашағы жарқын

− Технология уақыты келді. Оқу орны жаңашылдыққа ілесе алды ма?

− Үш ғимараттан тұратын оқу орнының материалдық-техникалық базасы озық елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, заманауи, дизайнерлік үлгіде толық жабдықталды. Электронды кітапхана, дыбыс жазу және фото-видео студиялары, «Технология» шеберханасы, «Робототехника», «Цифрлық 3D»,  «Цифрлық білім беру» және «Мектеп физикасының цифрлық зертханасы», «Студенттерге электрондық қызмет көрсету» және Coworking орталықтары, «Схематехника», «Электроника және электротехника» кабинеттері бар. Жыл сайын колледждің материалдық-техникалық базасы заманауи техникалармен толықтырылып отыр. Қазір оқу процесінде 372 компьютер бар. Бұл  бір компьютерге 5 студенттен келеді. Соңғы үлгідегі интерактивті тақталар және панельдер, мультимедиялық сандық подиум, «BILIMBOOK» жеке мультимедиялық компьютерлері оқу процесінде тиімді қолданылуда. Колледжде студенттер жатақханасы, әскери-спорт кешені, мен асхана білім алушылардың игілігіне қызмет етеді. Колледждің кітап қоры 4031 данадан 133 535 данаға артты.

Білімді де белсенді жастың – болашағы жарқын
OLYMPUS DIGITAL CAMERA

− Оқытушылардың білімді және білікті болуы басты талап. Бұл үрдістен қалай шығып жүрсіздер?

− Оқу процесіне қатысты тұлғалардың сұранысын қанағаттандыруға және оны жүзеге асыруға бағытталған оқу орны мен еңбек нарығының арасындағы әлеуметтік серіктестіктің маңызы өте зор. Осы тұста колледждің  әлеуметтік серіктестері − білім беру, мәдениет және спорт басқармалары мен оларға қарасты мекемелер, бизнес құрылымдары. Сонымен қатар оқу орны жоғары оқу орындарымен де серіктестік байланысын нығайтып отыр. Атап айтқанда, Тәуелсіздік жылдары Қарағанды экономикалық университетінің оқытушылары «Модульдік оқыту технологиясын қолдану» бағдарламасы аясында «Алгоритмдеу және бағдарламалау негіздері» тақырыбында курс  ұйымдастырды. Халықаралық іс-тәжірибемен танысу мақсатында колледж оқытушылары АҚШ, Англия, Норвегия, Германия, Түркия, Чехия, Сингапур, Моңғолия, Қытай, Ресей, Оңтүстік  Корея мемлекеттерінде тағылымдамадан өтті. Оқытушылар білім беру саласындағы жаңалықтарды меңгеру бағытында үздіксіз білім жетілдіріп келеді. Оған дәлел, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырған «Колледж бітіруші студенттеріне қосымша білім беру бағдарламасы» Кембридж технологиясы бойынша тренерлерді оқыту курсынан өтіп, сертификаттар алды. Сол сияқты «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында қолданбалы бакалавриат бағдарламаларын іске асыру», «CLIL(КЛИЛ) әдістемесі: арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқыту процесінде пәндік-тілдік интеграцияланған оқыту», «Модульдік-құзіреттілік тәсілдеме негізінде әзірленген техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыру», «Кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының оқыту процесіне критериалдық бағалау әдістерін енгізу», «Педагогтердің ІТ-құзыреттілігін дамыту және жетілдіру»  тақырыбындағы курстарда білім жетілдірді. Оқытушылардың  кәсіби-шығармашылық, зерттеу жұмыстарының нәтижесін баспадан шыққан авторлық оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдары арқылы бағалауға болады. Оқытушылардың баспадан шыққан еңбектерінің саны 258-ге жетті. Олар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында кеңінен қолданыстағы оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар.

Білімді де белсенді жастың – болашағы жарқын

− «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген студенттердің қандай жетістігімен мақтана аласыз?

− Халық даналығында «Талапты ұстаздан – талантты шәкірт» деген түсінік бар. Оқу орны өзінің жасампаз жастарымен мақтанады. Олардың қатарында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Алғыс хатымен марапатталған 21 студент бар. Колледждің белсенді де, көшбасшы студенттерінің жетістігі мақтан тұтарлық. Атап айтсақ, студенттеріміз бірнеше рет «Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП 100 студенті» жобасының жеңімпазы атанды. Студенттердің кәсіби құзыреттілігін саралап, бағалайтын «WorldSkills Kazakhstan» Ұлттық чемпионатында А.Сарманова жүлделі ІІ орын, күміс медаль иеленді. Осы жылы 3 курс студенті Камила Сақтапберген «Worldskiils Kazakhstan» аймақтық чемпионатының жеңімпазы болды. Республикалық ұлттық чемпионатқа «Бастауыш сыныптарды оқыту» құзыреттілігі бойынша 3 курс студенті Ақселеу Арленкеева қатысып, «Үздік маман» медальімен марапатталды. «VIDEOUROKI.NET» жобалар сайысында топ жарып жүрген студенттер де жетерлік.

− Білімді де, білекті де батырларыңыз туралы айтсаңыз.

− Білім мен спорт елді өркениетке жеткізеді. Сондықтан біз жастардың бос уақытында спортпен шұғылдануына ерекше мән береміз. Нәтижесінде  колледж жастарының еңсерген жетістіктері аз емес. Оған дәлел  Абу-Даби қаласында өткен дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында Мағжан Шамшадин әлем чемпионы атанса, Бангкок қаласында өткен дзюдо күресінен жастар арасындағы Азия біріншілігінде Марат Жанқожа І орын иеленді. Қытайда өткен ІІ жазғы жасөспірімдер олимпиадасында дзюдо күресінен Бауыржан Жауынтаев чемпион атанды. Жеңіл атлетикадан халықаралық жарыста Азамат Құлдас І дәрежелі дипломмен марапатталды. Колледжде 25 студент − ҚР Спорт шебері, 64 студент спорт шеберлігіне кандидаттар. Биылғы жылдың басты сүйінші жаңалығының бірі «Дене тәрбиесі және спорт» бөлімінің 4 курс студенті Нұрсұлтан Алтынбек Бокстан жастар арасында өткен Азия чемпионатынан алтын медальмен оралды. Кәсіби білім беру мен тәрбие беру процесі колледж қабығасында тең жүреді. Биылғы 2021-2022 оқу жылында 1 курс студенттері де белсенділік көрсетіп жатыр. ЭЕТ-А-21К тобының студенті Жаңабыл Дильназ Асылханқызы 2005-2006 ж.т.кіші жасөспірім қыздар арасындағы Қазақстан чемпионатында 72 кг салмақ дәрежесінде 1 орын иеленді. 

Білімді де белсенді жастың – болашағы жарқын

− Сыр елінен шыққан «Нұргүл» халық ән-би ансамблі уақытында елімізді әлемге танытты. Бұл өнер ұжымының бүгінгі жағдайы қалай?

− Дұрыс айтасыз, «Нұргүл» халық ән-би ансамблі − қазақ өнерін халықаралық және республикалық дәрежеде дәріптеп жүрген шығармашыл ұжым. Халықаралық «Розы Казахстана» кәсіби шығармашылық би байқауында бірнеше рет жеңімпаз болды. Халықаралық түрлі жанрдағы “GRAND PRIX” конкурсында гран-при жеңіп алды. Болгарияда өтетін “Розы Обзора” хореографиялық өнер фестиваль-конкурсына да қатысты. Өнер ұжымы әлі де жұмысын қарқынды жалғастыруда. Колледждің «Япурай» хор ұжымы «Жұбановтар әуені» халықаралық хор музыкасының байқауының жеңімпаздары. «Сартай» дуэті І Республикалық «Қазақстан Таланттары» рухани-патриоттық ән байқауында «Эстрада-Вокал» номинациясы бойынша Бас жүлде, Жанерке Науан – YI «Alash star» халықаралық өнер додасында «Вокал» номинациясы бойынша Бас жүлдені иеленсе, Аяжан Асылбек «Ustaz tilegi»  республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының Музыка пәнінен студенттер арасында ұйымдастырылған олимпиаданың жеңімпазы. Гүлмира Піржан − республикалық «ХХІ ғасыр көшбасшысы: Үздік студент» байқауының жеңімпазы.

Білімді де белсенді жастың – болашағы жарқын

− Нарыққа қажетті мамандар дайындауда қандай жұмыстар істелуде?

− Колледж бітірушілері еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие. Оған дәлел – бітірушілердің бітірген жылы 98 пайызының жоғары  оқу орындарына түсуі мен жұмысқа орналасуы. Мәселен, биыл 339 колледж түлегінің 129-ы ЖОО-на грантқа түсті. Бітірушілердің нарықтық кәсіпкерлік қызметті меңгеруі үшін колледж жанынан арнайы ашылған студенттік бизнес-инкубатор арқылы 120-дан астам түлек өз бизнестерін ашып, кәсібінің жемісін көруде. Үнемі ізденіс үстіндегі шығармашылық еңбектің нәтижесінде ұжым «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру оқу орны» байқауының жеңімпазы атанды. Республикалық «Оқу процесінде жаңа ақпараттық технологияларды белсенді қолданғаны үшін», «Үздік білім мекемесі», «Білімнің алтын қазығы», «Салауатты колледж» және облыстық «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру оқу орны» байқауының  І орын иегері. Білім беру сапасын қамтамасыздандыру тәуелсіз Қазақстан агенттігі сараптамасы бойынша, Қазақстанның үздік колледждері рейтингісінде, «Қазақстанның үздік гуманитарлық-экономикалық колледждер рейтингісі» 100 балмен І орынды иеленді. Қазақстанның Ұлттық бизнес- рейтинг  Одағының  сараптау қорытындысы бойынша  ҚР кәсіпорындар арасында «Даму динамикасы» номинациясы бойынша Алтын рейтингке,  «Темп роста» номинациясы бойынша Күміс рейтингке ие болды. Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттігінің «Қазақстандағы педагогикалық колледждердің рейтингі – 2019» қорытындысы бойынша  4-орын иегері.

− Оқу орнынан шыққан елімізге белгілі тұлғалар көп. Түлектерімен мақтанатын білім ошағы бүгінде қандай тағлымды жобаларды жүзеге асыруда?

− Білім ордасы − талантты жастардың өзіндік  айқындамасы бар, нағыз азамат болып қалыптасуына ерекше еңбек сіңірген оқу орны. Түлектер қатарында ғалым-академиктер, жиырмадан астам ғылым докторлары, 200-ден аса ғылым кандидаттары мен қоғам және мәдениет қайраткерлері бар. Оқу орнының мақтаныштары − халықаралық педагогикалық ғылымдар Академиясының академигі − Шәмша Беркімбаева, «Құрмет» орденінің иегері – Мария Жүйріктаева, ғалым, білікті ұстаз − Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі − Әлия Бейсенова, Қазақстанның әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі − Қанапия Ғабдуллина мен өнер жұлдыздары − Надежда Лушникова, Бақыт Әшімова, Мәдина Ералиева, Гүлнұр Оразымбетовалар осы киелі мекеннен түлеп ұшқан. Облысымыздың бас ұстазы Ақзира Қасымованың қолдауымен «Тағылым» мегажобасын іске асыру жоспарлануда. Тағылым төрт бағыттан тұрады. Оның біріншісі – «Тәрбие танымы», жобаның ұйымдастыру жұмыстары. Бұл жерде білім алушыларға барынша жайлы, қауіпсіз орта қалыптастырудан бастап студенттердің өзін-өзі басқару жүйесін заманауиландыру бағыты да қарастырылған. Екінші бөлікте «Тәуелсіздік – қастерлі құндылық» атты Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясындағы рухани-патриоттық бағытта іс-шаралар жоспарын жинақтадық. Бұнда жастарға бүгінгі тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғындыру мақсатын көздейміз. Сонымен қатар Ы.Алтынсариннің 180, Ж.Жабаевтың 175, Ә.Бөкейханның 155, А.Жұбановтың 115, Қ.Аманжоловтың 110 жылдығын атап өту мақсатында  кешенді шаралар ұйымдастыруды жоспарланып отырмыз. Осы секілді атаулы күндермен бірге біз үшін де, жалпы қазақ руханияты үшін де ерекше уақыттар келе жатыр. Олар – КСРО батыры, қазақ халқының қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың 100 жылдығы, іргелі оқу орнымыздың 90 жылдығы. Осы бағытта «Тағылым» жобасының үшінші бөлігінде «Ұлағат ұясы – жаңа белесте» атты шаралар кестесі бекітілді. Тарихымызды түгендеп, оны жалпы халыққа түсінікті түрде жеткізу, ақпараттандыру мақсатында телехабарлар, жинақтар, хронологиялық карталарды жасауды жоспарлап отырмыз. Төртінші бағыт − «Имидж» бөлімі. Жоғарыда аталған «Тағылым» жобасы аясында атқарылатын атаулы жұмыстарды тек істеп ғана қоймай, оны көпшілік назарына ұсынуды, насихаттауды қамтамасыз ететін іс-шаралар жоспары.

− Жастар саясатына белсенді араласқан жастар кейін қызметте де белсенді болып жатады. Студенттердің белсенділігі қалай?

− Колледж қабырғасында студент жастарды жастар саясатын қалыптастыруға және іске асыруға тікелей қатысуға тарту, білім беру және тәрбие процесі асында өткізілетін іс-шараларға қатыстыру, перспективалық қоғамдық маңызы бар жастар бастамаларын әзірлеу және іске асыру бағытында Жастар ісі жөніндегі комитет жұмыс жасайды. Комитет жанынан  студенттердің түрлі бағыттағы қызығушылықтарын қанағаттандыру үшін жастар ұйымдары құрылған. Олар білім алушының бос уақытын тиімді жоспарлауда, түрлі кәсіби дағдыларға үйретуде, дарынды, сапалы жастар легін қалыптастыруда таптырмас, теңдессіз механизм. Бас-аяғы алты ұйым-клуб, сонымен қатар бөлімдер жанынан үйірмелер жұмыс жасайды. 2021 жыл – Балалар әдебиеті жылы аясында үлкен жобаны жүзеге асырудамыз. «Жас қалам» атты жазба байқауымызды жарияладық, бұнда біздің балалар тақырыбында қалам тербеп жүрген жас ертегішілердің жұмысын жинақтап, алдағы уақытта кітап етіп шығаруды көздеп отырмыз. Ертегінің басты идеясы – М.Мәметованың өмір жолына арналады.

− Белсенді студенттердің жетістіктерін бөліссеңіз?

− Студенттердің қоғамдық шараларға тыңғылықты дайындалатыны қуантады. Жетістіктері көп. ЭЕТ-А-21 тобының студенті Ақмоншақ Берік  «Елбасы медалі» челенджіне   үміткер. Ол спорт, дағды мен дарын, кітап оқу, ұлттық мұра, туристік саяхаттар және еңбек тәжірибесі бағыттары бойынша сыналуда. ҚТЖ-18 тобының студенті  Бекзат  Ешмұратов  Білім министрі Асхат Аймағанбетовтың арнайы диплом иегері. Ол өткен жылы пандемия кезінде ерікті ретінде бірнеше шараларда белсенді қатысып, халыққа көмек қолын созғаны үшін Қызылорда қаласы әкімі Н.Нәлібаевтың алғыс хатымен марапатталды. ҚТЖ-18 тобының студенті Динара Сапар «Елбасы медалі» иегері. Әлия Тоқмырза, Бекзат Ешмұратов «ҚР колледждерінің ТОП-100 студенті» жобасының жеңімпазы. ҚТЖ-19 оқу тобының студенті Анел. Айтуған IV Халықаралық “Махамбет, Абай және Мұқағали” оқулары байқауында I дәрежелі диплом жеңіп алды.  Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған жалпы республикалық байқауда “Тәуелсіздік – тұғырым!” номинациясымен I дәрежелі диплом иегері болды. Қ-Ж-20 оқу тобының студенті Ақмаржан Нұрлыбекқызы “Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!” атты республикалық көркемсөз оқу байқауында жеңімпаз болды. ҚТЖ-17 оқу тобының студенті Құрмет Бүкенбайқызы ІҮ Халықаралық «Махамбет, Абай, Мұқағали» оқуларынан Бас жүлде иеленді. Ал ҚТЖ-19 оқу тобының студенті Гүлжан Мұстафаева «Ұстаз тілегі» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастыруымен өткізілген республикалық «Ең үздік эссе» байқауынан І орын иеленді.

− Алға қойған айқын мақсаттарыңыз қандай?

− Жиырмасыншы ғасырда Жүсіпбек Аймауытов  «Оқу, білім – жанған шырақ ойласаң, Үйренерсің, іздеп көрсең – қалмасаң, Қу өнерді, бу беліңді, жігер сал, Пайда аларсың, қаужанарсың, тоймасаң» деп еді. Ақынның бұл ойы бүгінде маңызға ие. Біздің мақсатымыз – жастарды білім алуға шақыру, сапалы білім, саналы тәрбие беру, заман талабына сай болу. Елдің жарқын болашағы жолында үздік еңбек ететін мамандарды дайындау.

Гүлбану МАҚАЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!