Ең алғаш мектеп табалдырығын имене аттаған бүлдіршінге жылы қабақ танытып, құшағын жаятын мұғалім бейнесі оның жадында мәңгі қалатыны анық. Балаға алғаш рет әріп танытып, алғаш рет қалам ұстатып, біліммен биікті бағындыруына үлес қосатын да – ұстаз. Мен де осы қиындығы мол қасиетті жолды таңдадым.
Еңбек жолымды бастаған сәтте өзімді ашық теңізде ескексіз жүзген балықшыдай сезіндім. Теңіз толқындары қайта-қайта соғып, жағаға шығарып тастағаны секілді мен де кедергілерге тап болдым. Алайда мамандығыма деген құрмет және балаларға деген ыстық ықылас алға жетелей түсті. «Ұстаздық – ұлы қызмет» деп қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы айтқандай, ұстаздық ету – ұлтты тәрбиелейтін ұлы іс екенін терең түсіндім. Бұл жолда баланың сеніміне кірбің ұялатпай, оның жеке тұлғасының дұрыс қалыптасуына жұмыс істеу қажет. Сабақты қабылдау әр балада әртүрлі жүруі мүмкін. Бір бала баяу қабылдаса, бір бала оны дереу әрі шапшаң қағып алады. Мұғалімнің кереметі сонда, әр баланың икем-қабілетін ескере отырып сабақ өтуінде. Психолог та болу керек. Әр баланың ішкі жан дүниесіне үңілу маңызды. Өйткені бала бұйрықты бұлжытпай орындайтын әскер емес. Құпияға толы, бұлтарысы көп жаратылыс иесі. Сол себепті жас өскіннің тәрбиесін назардан тыс қалдырмау керек. Сонда ғана мұғалім баланың бойындағы қандай да бір ұшқынды байқай алады. Ерекше қасиетін, адамдық даралығын қалыптастыру үшін де «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай айтқандай, жалықпай еңбектенуі қажет.
Жалпы, білімнің негізі бастауыш сыныпта қаланады. Осы кезеңдерде баланың қабілеті ашылып, жаңа қыры танылып жатса, мұғалімнің діттеген мақсатына бір табан жақындағаны деп ойлаймын. Мұғалім мерейі оқушысының жеткен жетістігімен өлшенеді дегенге де келіспеске болмайды.Шәкірті озған ұстаз бақытты емес пе? Ендеше, менде жыл сайын зейінді оқушылардың қатары артсын деген тілек бар. Өйткені білімнен асқан байлық жоқ.
Салтанат ТОҚСАНБАЕВА,
№247 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!