Мұғалім – қоғамның негізгі тіректерінің бірі, білім мен тәрбиенің шырақшысы. Қазіргі таңда Қазақстанда педагог мамандығының маңызы артып, білім беру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде 500 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді. Бұл – ел болашағын қалыптастыратын ұрпақ тәрбиелеуге жауапты үлкен күш. Алайда мұғалім тапшылығы, олардың әлеуметтік мәртебесі мен еңбекақы мәселесі жиі көтерілетін тақырыптардың бірі. 2023 жылғы мәліметке сәйкес, педагогикалық бағытта білім алып жатқан студенттердің саны 150 мыңнан асса, олардың ішінде мектепке жұмысқа орналасатындардың үлесі шамамен 70%-ды құрайды. Бұл – жастардың мұғалімдік қызметке деген қызығушылығының бар екенін көрсеткенімен, салада кадрлық тұрақтылық пен кәсіби даму мәселелерінің әлі де өзекті екенін білдіреді.
Қазақстанда соңғы жылдары педагог мәртебесін көтеру үшін бірқатар реформа жүргізілуде. 2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң мұғалімдердің құқықтарын қорғау, жүктемені азайту және еңбекақыны өсіру бағытында оң өзгерістер әкелді. Осы заң аясында мұғалімдердің жалақысы жыл сайын көтеріліп келеді. 2023 жылы мұғалімнің орташа жалақысы 320 мың теңгеге жетті. Сонымен қатар, педагогикалық бағытта білім алып жатқан студенттерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап бакалавриаттағы болашақ мұғалімдерге берілетін шәкіртақы 50%-ға өсіп, 66 317 теңгені құрады. Магистранттар үшін бұл көрсеткіш 195 мың теңгеге, ал докторанттар үшін 260 мың теңгеге жетті. Бұл өзгерістер педагогикалық мамандықтарға деген сұранысты арттырып, болашақ мұғалімдерді ынталандыруға бағытталды.

Дегенмен, білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтар мен заманауи талаптар мұғалімдерден үнемі дамуды, ізденісті және кәсіби біліктілікті арттыруды талап етеді. Себебі білімнің құлдырауы – бір ұлттың құлдырауы екенін ұмытпаған жөн. Оңтүстік Африка Республикасының Стелленбос университетінің маңдайшасында осындай жазба бекітілген. Мұның мән-мағынасын былай түсіндіреді. Дәл осындай жүйенің «құрбаны» болған дәрігерлердің қолынан науқастар өледі, инженерлердің қолымен соғылған ғимараттар құлайды. Осындай жүйеден әділетті аяққа таптаған заңгерлер шығады дейді. Шынтуайтына келгенде, мұғалім – барлық мамандықтың тамыры. Осы мақсатта елімізде 2014 жылы «Мұғалім» жобасы құрылды. Жоба мақсаты – мектеп бітіруші үздіктерін мұғалімдік салаға тарту, замануи ұстаздар буынын тәрбиелеу, мұғалім тапшылығы мәселесінің алдын алу. Еліміздің түкпір-түкпірінде жоба жүзеге асуда. Бүгінде бұл жоба бойынша білім алып жатқан стипендиаттар саны 1700-ге жетті. Ал, Қызылорда облысында 112 студент бар. Сыр бойында жоба қалай басталды?

– «Білім Ыбырай» қоғамдық қорын 2020 жылы аштық. Сол уақытта пандемия алқымнан алып, мектептер онлайн білім беру жүйесіне көшіп, мұғалім мамандығының қадірін ұғындық. Жалпы, осы сала бойынша еліміздегі әлсіз тұстар анық көрінді. Жергілікті кәсіпкерлермен ақылдасып, білім саласындағы пайдалы қор ашуды жөн санадық. Қай сала болмасын оны мықты қылатын ұстаз екені белгілі. Жобаға студенттерді жан-жақтан жинаймыз. Тек аймақ студенттері емес, басқа облыстың да студенттердің тарту арқылы көкжиегі кеңейген шәкірттер қалыптасады деп сенеміз, – деді «Білім Ыбырай» қоғамдық қорының директоры Нұрбек Серікбаев.
Республикалық «Мұғалім» жобасы аясында құрылған бұл қоғамдық қордың білім беру бағдарламасын тереңірек тарқатсақ. Жоба 4 бағытта дамиды. Біріншісі, кәсіби даму. Бұл бағыт аясында студенттер курсқа бөлінеді. 1-2 курс студенттері университеттен тыс уақытта арнайы платформа арқылы видео-сабақтар көреді және тапсырмалар орындайды. Айдың соңы арнайы емтихан алынып, білім деңгейі сынға түседі. Ал, 3-4 курс студенттері қоғамдық қормен келісім-шартқа отырған мекемелерге барып, практикадан өтеді. Мәселен, «Білім- инновация» лицейі, Достық мектебі, 125 high school, т.т. Яки студент екі жыл көлемінде куратор, мұғалімнің ассистенті ретінде білімін жетілдіреді. Бұдан бөлек, студенттердің жеке менторлары университеттегі білім деңгейін басты бақылауға алады.

Екінші бағыт – тұлғалық даму. Бұл бағыт аясында студенттер кітап оқу дағдысын бойына қалыптастырады. Курс болып топқа бөлініп, педагогикалық, психологиялық, тұлғалық және т.б бағытта ай сайын бір кітап оқып, апта сайын кітап талқылауға қатысады. Нәтижесінде студент тек кітап оқып қана қоймайды. Оны жіті түсініп, баяндап, кітап төңірегенде семинар өтіп, сыни ойлау қабілетін дамытады. Сондай-ақ, бұл бағыт аясында айлық семинар өткізіледі. Мәселен, қаладан ауылға көшкен Аралбек Берікұлы спикер болыпты. Ол математика пәні мұғалімі, Казнаковка орта мектебінің директоры, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері және 3 кітаптың авторы. Steppe&World баспасының негізін қалаушы Раиса Қадыр сынды танымал тұлғалармен қатар, облыс көлемінде білім мен даму саласында жүрген мамандарды студенттерге шақырады екен.

Келесі бағыт – әлеуметтік даму. Бұл бағыт аясында студенттер жобаның «Мұғалім паспорты» деп аталатын арнайы тапсырмасын орындайды. Мұнда студент өзінің IQ, EQ, PQ, SQ дағдыларын бойына сіңіреді. Бұған қоса, болашақта маман болған сәтінде шәкіртімен қалай дұрыс байланыс орнатуды үйренеді. Қордың академиялық ұжымы бұл бағыт бойынша көп жұмыс істейтін көрінеді. Себебі білім жолында жүрген студенттердің сана сезімі сергек болуы үшін бар күшін жұмсайтындарын айтты. Және оңтүстік аймақ студенттері болып, жылына екі рет бас қосады. Жазғы және қысқы лагерьде студенттер білімін жетілдіріп, тәжиребелерімен бөліседі.
Қазіргі мұғалімдерден тек өз пәнін жақсы меңгеріп қана қоймай, сонымен қатар бірнеше тілді еркін игеруі талап етіледі. Әсіресе, ағылшын тілі – жаһандық білім кеңістігіне жол ашатын негізгі құрал. Бүгінде Қазақстанда үштілді білім беру саясаты енгізіліп, мұғалімдерге қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сабақ беруге мүмкіндік жасалуда. Бұл жүйе педагогтардың кәсіби шеберлігін арттырып, олардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуына ықпал етеді. Жобаның соңғы және негізгі бағыты – тіл білімі. Осы мақсатта деңгей бойынша білікті мамандар аптасына үш рет ағылшын тілін үйретеді. Бүгінде аймақ жобасының 20-дан аса студентінде IELTS халықаралық ағылшын тілі деңгейін анықтайтын емтихан сертификаты бар.

Бұдан бөлек, жоба жанынан студенттер арасында құрылған «SoulQyz» қыздар клубы, «Semser» медиа клубы, «AIrise» жасанды интеллект және ақпараттық технологиялыр клубы, «Invincible» спорт клубы, «Altrum» қайырымдылық клубы жұмыс істейді. Сонымен қатар, ғылым жолында жүрген студенттерден құралған «Aina» жобасы бар. Осы жоба аясында студенттер 3 шығарылымын жарыққа шығарды. Қазіргі таңда, 4-жинақты шығару көзделуде. Жобадағы студенттердің басым бөлігі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім алушылары болған соң, университет жанынан «Ыбырай» педагогикалық ұйымы құрылыпты. Нәтижесінде университет ақылы бөлімде білім алатын қоғамдық қордың стипендиаттарына 25 пайыз оқу ақысына жеңілдік жасаған. Осы орайда, аталған университеттің академиялық ұтқырлық бағдарламасымен шет елге жиі баратын студенттер осы қоғамдық қордың білім алушылары екенін айта кеткен жөн.

«Білім Ыбырай» қоғамдық қорының студенттерінің белсенділігінің арқасында республикалық «Мұғалім» жобасы аясындағы конкурстардан студенттер жүлделі орындарға иеленген. Спорт бағыты бойынша республикалық болашақ мұғалімдер арасындағы ерлер футбол турнирінен екі рет алтын жүлде, бір рет қола жүлде алған. Ал, оңтүстік аймақ арасындағы турнирден 4 жыл қатарынан чемпиондықты бермей келеді. Ал, волейбол спортынан қыздар арасындағы оңтүстік аймақтық кезеңде 1 рет күміс, 1 рет қоланы еншілеген. Мәдениет бағыты бойынша студенттер «Мұғалім жұлдыздары» квн ойынынан республикалық деңгейде күміс жүлде, оңтүстік аймақтық кезеңдерде екі рет алтын, екі рет күміс, бір рет қолыны иемденген. Және білім бағыты бойынша өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылған «INTELLECTA» байқауынан республикалық, оңтүстік аймақтық деңгейде алтын жүлдені алып, чемпион атанды.
Айта кетейік, қорда 112 студент бар. Оның 70-ке жуығы стипендиат. Яки қордан тек білім алып қана қоймай, айына 30 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады. Егер университетте «өте жақсы» бағаға оқыса, шәкіртақы көлемі 50 мың теңгеге көтеріледі. Жыл соңында қордың ең үздік топ-10 студенті анықталып, гала-концертте үздік үштік марапатталады. Оларға демеушілердің есебінен MacBook, IPAD, AppleWatch сыйлыққа беріледі. Өткен жылдың үздігі – ағылшын тілі мамандығының 2-курс студенті Шамиль Анарбай болды. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің педагогикалық ұйымының төрағасы, «Артыңа қара» кітабының авторы.

– «Білім Ыбырай» қоғамдық қоры маған тек қолдау көрсетіп қана қоймай, өзімді дамытуға көп мүмкіндік берді. Жыл студенті атану – мен үшін үлкен жауапкершілік және мотивация. Қордың қолдауымен мен өзімді түрлі бағытта дамытып, жаңа бастамаларға қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Қор ұйымдастыратын семинарлар, тренингтер, қалалық іс-шаралар мені жетілдіріп қана қоймай, менің көзқарасымды кеңейтті. Сондай-ақ, жаңа адамдармен танысуға және өзімнің көшбасшылық қабілетімді дамытуға көмектесті. Жыл студенті ретінде мен осы мүмкіндіктерді басқалармен бөлісіп, қордың миссиясын алға жылжытуға барымды саламын. «Ыбырай» – тек ұйым емес, бұл дамуды, білімді және ортақ мақсаттарды біріктіретін орта, – деді Шамиль Сейдахметұлы.

Расында да, ұстаздықты дәріптесе де, бұл түрлі бағытта дамитын студенттерден құралған орта. Білім ордасының бүгінде 17 түлегі бар. Олар аймақ және республика көлемінде мұғалім болып қызмет жасауда. Қазіргі таңда қорда 32 ағылшын тілі мұғалімі, 17 математика мұғалімі, 12 биология мұғалімі, 12 қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, 8 информатика мұғалімі, 8 физика мұғалімі, 7 химия мұғалімі, 5 бастауыш пәні мұғалімі, 4 тарих мұғалімі, 1 география мұғалімі және 1 педагог-психолог бар. Бұл статистикаға қарап, 3-4 жыл көлемінде облысымыздағы ұстаздар қатары білікті мамандармен толығатыны сөзсіз. Мұны елеген аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қор директоры Нұрбек Досболұлын өткен жылы арнайы алғыс хатпен марапаттаған болатын. Дегенмен, қоғамдық қор мемлекеттік бағдарламалар аясында емес, жергілікті кәсіпкерлер мен игі жақсылардың қолдауымен жүзеге асатынын тілге тиек еткен жөн.

– Бір жылыңды ойласаң, егін ек. Он жылыңды ойласаң, ағаш ек. Жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле деп қазақ бекер айтпаған. Білімге қолдаудың үш жолы бар. Шәкірт болу, ұстаз болу немесе осы екеуіне қолдау көрсететін адам болу. Біз шәкірт болатын уақыттан өттік. Ұстаз болуға біліміміз жетіспейді. Сондықтан екеуіне көрсететін жолды таңдадық. Болашақты тәрбиелеу туралы көптеген әңгіме айтамыз. Олардың көптігі сонша, құлақтар шаршаған. Бірақ көздер әрекеттерге аш. Сол себепті бұл жоба нақты іс-әрекеттерге арналған, – деді «БЦК» акционерлік қоғамының Қызылорда қаласындағы филиал директоры Айбек Бекбанов.
Білімнің бастауы – ізденіс, ал ізденіске жол ашатын орта – ұстаз бен шәкірт бас қосқан білім мекені. Қазіргі заманның басты талабы – сапалы білім мен бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиелеу. Осы мақсатта 2020 жылдан бері өз миссиясын қалтқысыз атқарып келе жатқан «Білім Ыбырай» қоғамдық қоры талай шәкіртке білімнің шамын жағып, олардың болашаққа нық қадам басуына септігін тигізіп келеді.

Уақыттың сынынан сүрінбей өткен бұл білім ордасы бүгінге дейін жалдамалы ғимаратта жұмыс істегенімен, оның қабырғасынан түлеп ұшқан сансыз түлек өз өмірінің жаңа парағын жарқын болашаққа арнауда. Қордың тұрақты демеушілерінің қолдауының арқасында биыл білім ордасы өз жеке ғимаратына ие болмақ. Алайда, қаржылық қиындықтар құрылыстың қарқынын баяулатуда. Десе де қор қызметкерлері мен шәкірттері бұл күннің де таяу екеніне шынайы сенім білдіреді. Балам дейтін жұрт болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын?! Қордын демеушілері Алаш арыстарының ізін жалғастыруда. Сіз де, солардың қатарынан бола аласыз. «Білім Ыбырай» – тек білім ордасы ғана емес, ұрпаққа аманат етілген ұлы мұраттың жаршысы.
Азамат АБИМОЛДА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!