Баланың заман көшінен қалмай, жан-жақты дамуына ықпал етіп жүрген оқушылар үйінің маңызы зор. Әсте мектепте меңгерген материалды тереңдете түсіндірудің айыбы жоқ. Талай өренді жеңіс тұғырына көтеруге әзір мекеменің нәтижесі оң. Директор Меруерт Наушақызымен сұхбаттасу арқылы көкейдегі сұраққа жауап алдық.
– Оқушылар үйі – шығармашылықтың ортасы. Мұнда мектептегі қатаң қағида бар ма? Әлде шығармашылық еркіндік беріле ме?
– Қосымша білімнің ерекшелігі басқа білім ошағы секілді қағида жоқ. Мұнда қызметкерлердің шығармашылықпен айналысуына жағдай жасалған. Болар баланың белінен буу үшін тиімді әдіс-тәсілді қолдануға құқылы. Сондай-ақ мұғалім өз пәнінен ғана емес, шығармашылық тұрғыда шыңдалғаны ләзім. Бала жанының бағбаны болғандықтан әрқайсысымен жеке жұмыс істеп, қабілетін ашу қажет. Негізгі ұстаным осы. Егер мұғалім сабаққа сәйкес бағдарламасын әзірлесе, облыстық оқу-әдістемелік орталығымен бірлесе зерделейміз. Нәтижесінде бұл мұғалімнің авторлық бағдарламасы болып табылады.
Бүгінде 79 педагог қызмет атқаруда. Креативті ой мен тың идеяны бір арнаға тоғыстыра білген мұғалімнің тәжірибесі бірден байқалады. Сондықтан болар, сырттан естіп, баласын үйірмеге беру асығатын ата-ана көп. Ылғи мұғалімнің кәсіби тұрғыда білімін жетілдіруге көңіл бөлемін. «Өрлеу БАҰО» акционерлік қоғамы және педагогикалық шеберлікті арттыру орталығында курстар өткізіледі. Қазіргі таңда 6 мұғалім республикалық курстардың тренері атанды. Бұл мекеме ұстаздарына берілген лайықты баға. Өйткені министрліктің өткізетін курсына спикер болу екінің бірінің қолынан келмейді.
Сондай-ақ педагогтерді цифрлық тұрғыдан сауатты және жан-жақты деп айта аламын. Заман талабынан шығуға мейлінше талаптанып жүрген жас мамандар жетерлік. Инновациялық технологияларға мобильдік қосымшасын жасаған қызметкеріміз бар. Яғни, мобильді қосымшаға QR кодты енгізу арқылы сурет бетіндегі әр әріпті және суретті анимациялық қозғалыс түрінде көре алады.
Жаңа оқу жылы жағымды жаңалықпен басталғаны рас. Қыркүйек айында «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялардың республикалық байқауының облыстық кезеңінде «Робототехника» үйірмесінің оқушысы Жорабек Заңғар І орын иеленді. Жетекшісі – Раушанбек Бейбарыс. Орталық директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Төлегенова «Авторлық бағдарлама – 2023» байқауының облыстық кезеңінде ІІ орын орын алды. Бұл шолу ғана. Әйтпесе жетістікті тізбелесек жетіп артылады.
– Қапылыс пен сабылыс оң нәтиже бермейтіні рас. Байқауымша, алдын-ала жылдық жоспар дайындайсыздар. Осы жайында айта кетсеңіз…
– Әлбетте ерте қамдану – жандануға түрткі. Соған сәйкес жыл сайын даму жоспарын жасаймыз. Онда іс-шаралар тізбесі, өткізу ережесі қамтылады. Жылдық жоспарды қалалық білім бөлімі және облыстық білім басқармасымен бекітеміз. Әрі оның уақытында орындалуын назарға алып отырамын. Сайып келгенде түрлі бағыттағы байқау да жиі өткізілетіні көпке мәлім. Сондай сәтте әділ қазы мүшелерін мектептен, яки қосымша білім беру мұғалімін емес, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжі, Қазанғап атындағы музыкалық колледжден шақырамыз. Мұны да алдын-ала ойласып, 15-20 күн бұрын сұраныс хат жібереміз. 5 бөлімнің өз қызметін тиянақты атқаруы шарадан шикілік шықпауына сеп. Мәселен, көркем-өнер бағытындағы үйірме өзіне тиесілі ән-би байқауын ұйымдастырады. Бұдан бөлек танымдық бағытта да басқосу, іс-шара жүргізу жүйелі өтіп жатыр. Білім беру ұйымы болғандықтан ата-анамен де тығыз байланыстамыз. Жұмыс сапасын арттыру басты орында.
– Мекеме үйірмесіне бар бала үйір. Көрсеткіш те артпаса кемімек емес. Жалпы, қай үйірмеге сұраныс басым?
– 2020 жылы 1050 оқушы болса, биыл бала саны 2110-ға жетті. Үш жылдың ішінде көрсеткіш екі есеге өсіп отыр. Демек бұл қуанарлық жайт, жүйелі жұмыстың жемісі. Оның үстіне ата-ана да баласын қосымша біліммен қамтуға дайын. Тіпті, 55 үйірме саны 71-ге жетті. Талапты жастың талантын таныту мақсатында жан-жақты мүмкіндікті қарастыруда қалыс емеспіз. Әртістік шеберлік үйірмесіне сұраныс жоғары. Дарынымен дараланған топ мүшелері былтыр екі бірдей қойылым қойды. Жетекшінің жол көрсетуі мен баланың қарым-қабілетінің нәтижесі. Тамыз айының 15-інен бастап қыркүйектің 15-іне дейін құжат қабылдау жүргізіледі. Әрқайсысының таңдауы әртүрлі. Тек әр топта 15-20 оқушыдан асып кетпеуін қадағалаймыз. Бұл сапалы білім алуға негіз.
IT IMAQORDA технопаркіне сұраныс жоғары. 540 оқушы осы үйірмеге жазылған. Көркем-өнер бағытында 239, бейіндік оқытуда 721 оқушы бар. ҰБТ-ға дайындау курсы әрі тегін болғандықтан бала саны көп. Жоғары балл жинап, дайындық қарқынды болу үшін мықты мамандардың басын қостық. Бейіндік оқыту бойынша 7 топ бар. Яғни қазақ, орыс, ағылшын тілі, биология мен химия сынды пәндер бойынша тестке дайындалады. Айтпақшы оқушы қарым-қабілеті мен таңдауына қарай бірнеше үйірмеге қатысуына мүмкіндік бар. Тек сабақ кестесі мен уақыты сай болуы қажет.
Жаңа оқу жылынан бастап балалардың шығармашылығын дамытуда гитара, тоқыма әлемі, витраж, «ЭтноART» үйірмелерінің ашылуы да жаңашылдық қатарынан табылады. Үйірме оқушылары арасында домбыра оркестрін құру жайы да пысықталып жатыр. Осы өзгерістер оқушыларды ел тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін сыйлап-құрметтеуге үйретеді деген үміт басым.
– Педагогтерді қабылдауда талап пен тәртіп қатаң көрінеді. Білікті маман табу қаншалықты қиын?
– Бос жұмыс орындарын желідегі парақшаға жариялаймыз. Барлық талап пен шарт сонда көрсетілген. Шығармашылыққа жақын, қолынан іс келетін маман табу оңай емес. Ол тек сабақ беріп ғана қоймай, баланың таным-түсінігін кеңейтіп, ой-өрісін дамытуға жұмыс істеу керек. Жаңашылдыққа жаны құмар мұғалім әр оқушыны жетістікке жетелейтіні шындық. Қазір IT мамандарды жұмысқа қабылдау бойынша конкурсты үш рет жарияласақ та, әлі таба алмай жатырмыз. Бұл салада 14 мұғалім сабақ береді. Дегенмен тағы бір маман артық етпейді деген ой болған.
Қолөнер бағытында маман тапшы. Мектептегі сабақ беру бағдарламасы бір ғана тақырып төңірегінде шектелуі мүмкін. Біз қосымша білім беру орталығы болғандықтан тақырыпты тарқатып, ауқымды түсіндіруді мақсат етеміз. Сонда «үйренсем, білсем» деген баланың ынтасы ашыла түспек. Мәселен, мұғалімдер кесте тігу бойынша кәсіби бағдар беріп жүр. Киім дизайнының қыр-сырын үйреткенінің нәтижесінде он шақты оқушы Астана, Алматы қаласындағы жоғары оқу орнына грантқа түсті. Оқушының дамуда даңғыл жолын қалап берсек, миссияның сәтті орындалғаны.
– Қалай ойлайсыз, ақылы түрде берілетін білімнің сапасы сын көтере ме? Сондай-ақ, сіздермен бір сапта тұра алатын мекеме бар ма?
– Мемлекеттік мекемеміз. Би және ағылшын сабағы ақылы негізде жүргізіледі, қалған үйірме тегін. Дегенмен, басқа оқу орталықтарына қарағанда баға төмен, қалтаға қонымды. Білімнің салмағы бағаға байланысты емес. Мұғалімнің тәжірибесі мен оқушының қабылдауында. Берілген білім нәтижесіне бақылау жүргіземіз. Оқушылар жарты жыл сайын меңгерген материалы бойынша емтихан тапсырады. Яғни көңілге тоқығанын, санаға сіңіргенін сарапқа салады. Топ жетекшісі дайындап, бала білімін комиссия мүшесі таразылап, бағалайды. Осылайша сапада сын болмас үшін бақылау мониторингін қолға алып, тұшымды талдауды рет-ретімен өткізуді дағды еттік. Қысқасы әрбір бөлім өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды.
Аймақ басшысының қолдауымен тағы бір оқушылар сарайы салынбақ. Қомақты қаржы бөлініп, ендігі жылға жоспарлануда. 350-ден аса оқушыны қабылдау көзделіп отыр. Бұл балаларға ерекше тарту болмақ. Шынтуайтында, бәсекенің болуы алға жылжуға себеп. Өнер мектебі және Тасбөгет кентіндегі оқушылар үйі де үздіктер қатарында. Әрине бақталаспаймыз, бірақ бәсекеге лайық орта қалыптасқанына қуанамыз. Қала балаларын түгел қамтитын орталықтардың ашылуы көкірек көзі ояу ұрпақ көбеюіне үлес қосатыны айдан анық.
– Оқушылар үйінде өнері өрге жүзген өрендер көп. Контент түсіруде контингентін де қалыптастырып үлгерді. Осы жөнінде сөз қозғасаңыз…
– Жасөсіпірімдер «онлайн каникул» айдарында озық ойын танытты. Камера көрсе күмілжімейтін, іске шебер, сөзге шешен жасөспірімдер әр жобада төбе көрсетті. Жазғы лагерьге 50-70-ке жуық балаларды қабылдаймыз. Өткен жылы 4 топ ашып, 100 баланы қамтыдық. Сұраныс көп болғандықтан барлық баланы назарға алып, «онлайн каникул» жобасын қолға алдық. Тіпті пандемия кезінде арнаға 23 мың оқырман жазылды. Сол уақытта мұндай контент түсіріп, аудитория жинаған мекеме болған жоқ. Таңғы жаттығудан бастап, танымдық материалдар да берілді. Пәндік сабақтар бойынша пайдалы ақпараттар ұсынылды. Әу баста мұғалімдер жүргізетін болса, кейін екі оқушы іске кірісті. Бүгінде қарым-қабілетіне қатарластары қанық, қоғам куә. Осыдан соң басқа балалардың да қызығушылығы артып, келушілер көбеюде.
– «Bala-Orda» бағдарламасы да бағындырған бір белес. Шалқар шабыттан туған шығарылымның жайы қандай?
– Бағдарлама облыстық білім басқармасы және «Qyzylorda” облыстық телеарнасының басшыларымен меморандум арқылы бекітілген болатын. Балаларға арналған бағдарламаның биыл 3-інші маусымы. Осы уақытқа дейін 31 шығарылымы шықты. Қазір айдар бойынша өзгеріс енгіздік. Оның ішінде мықты ұстаздармен тәжірибе алмасу арқылы сұхбат өрбиді. Сонымен қатар мектеп жасына дейінгі немесе бастауыш сыныпта оқитын балаларға ойын-сауық форматында сұрақтар қойылады. Осындай диалог арқылы ашық әңгіме жүргізіледі. Бағдарлама аясында қаладағы 30-дан аса мектеп пен 4 колледжге барып түсірілім жасайды. Шет аудандардағы оқушылар үйінің үйірмесін де тасада қалдырған емеспіз. Сценарийді де өзіміз жазамыз, түсірілімді телеарна жасап, жариялап отырады. Бұрын айына 1 рет болса, қазір сұранысқа сай айына 2 шығарылым көрерменге ұсынылып отыр. Әртістік шеберлік үйірмесінің оқушылары түсірілімде бой көрсетіп жүр.
– «Жас маман» байқауы көпті қызықтырып қойды. Мазмұнды шара ұстаздардың ұстанымын аңғартқан болар?
– Жылдық жоспардың орындалуы аясында 1 қараша күні жас педагогтердің біліктілігі мен білімі арқылы шеберлігін айқындау, шығармашылығын дамыту және қосымша білім беру ұйымындағы жас мамандардың мәртебесін аттыру мақсатында «Үздік жас маман-2023» байқауын абыроймен өткіздік. 14 жас маманның ішінен байқауға қатысуға 11 педагог өтініш берді. Сайыс бес кезең бойынша жүргізілді. І кезең «Tanys bol» немесе «Қосымша білім беру педагогінің визиткасы». Қатысушы өзі туралы және өзінің қызмет атқаратын ұжымын, үйірмесін таныстырды. ІІ кезең бойынша «Жас маман – жаңа идея» тақырыбында білім беру саласы бойынша жаңа идеялары, оларды жүзеге асыру жолдары жөнінде өз ойымен бөлісті. ІІІ кезең «Жас маман – болашақ бас маман». Қатысушылар берілген тақырып бойынша эссе жазды. ІV кезеңде «Үздіктердің үздігі» анықталды. Педагогтер өз өнерлерін ортаға салды. V кезең «Сұраққа дайын жауабым» бұл кезеңде педагогтер ситуациялық сұрақтарға жауап берді. Қазылар алқасының шешімімен «Bala-orda балалар театры» және «Сахна тілі» үйірмесінің жетекшісі Әл-Мұхаммед Бақытбекұлы «Үздік жас маман» атанды. Қалған қатысушылар арнайы марапат пен номинация иеленді.
Мұғалімдер бір-бірінен артық не болмаса кем емес. Барлығының мақсаты айқын, діттеген мұраты бар, бастысы саланың салмағын сезіне алады. Сайыс барысында әріптестердің бір-бірімен қырғи қабақ болмай, сында да қолдау көрсете алғаны қуантты. Алғаусыз көңілмен қошеметтеп, тындырымды ісі арқылы ұстаздықтың ұлық қызмет екенін дәріптеді. Мұнымен тоқтамаймыз, жетістік жолын жалғай бермекпіз.
– Білім ошағының басшысы қызметіндесіз. Уақыт тығыз, жұмыс қауырт болғанымен кітап оқуға көңіл бөлесіз бе? Қандай кітаптарды жиі оқисыз?
– Кітап – сарқылмайтын қазына, ақылды арттыратын құрал. Сондықтан жұмысымды шетке ысырып қоймасам да, бір сәт кітап оқуға тырысамын. Оқуды доғару кең ойлануға кедергі болады. Бұл айтпаса да түсінікті. Кітап таңдауда талғамның әртүрлі болатыны рас. Көбіне көркем және шетел әдебиетін жиі оқимын. Жақында М.Әуезовтің «Абай жолын» роман-эпопеясы қайталап оқып шықтым. Қайсыбір кітапты бетін ашып, жабу үшін ғана қолға алмайтынымыз белгілі. Мазмұнына мән беріп, түйінін түсіну маңызды. Әр томында салт сабақтастығы жазылып, дәстүр дәріптелген. Таным-көкжиекті кеңейтуге таптырмас мүмкіндік. Қазіргі таңда түрлі жанрда жазылған кітаптар көп. Жастар өзіне қызықты бағытты оқуға құмар. Осы орайда көркем әдебиетке де көз жүгіртуге кеңес беремін.
Адам рухани әлжуаз болмау үшін сана-сезімнің ояу, қажетті білімді меңгергені керек. Мен де осы ұстанымдамын. Сондықтан өзім басқаратын мекеме қызметкерлерінің кітап оқуын назарға алып, бірге іс-шараларға қатысамыз. Бұл рухани байланысымызды бекіте бермек. Қашанда құндылықтың құны жоғары. Сайып келгенде тек кітаппен шектелмей, театр қойылымын да тамашалауға барамыз. Ізденісі мен түйгені мол мұғалім оқушыға дұрыс бағдар бере алатыны анық.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Замира ДАСТАНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!