Жаңа оқу жылында мектепке 3,9 млн бала барады. 1 қыркүйек қарсаңында оқушыларды мектепке даярлауға мемлекеттен 43 307 теңгеден беріліп жатыр. Сондай-ақ “Мектепке жол” акциясы сияқты жобалар арқылы балалар мектепке дайындалып жатыр. Жалпы бір баланы мектепке дайындауға қанша кетеді? Мектеп құрал-жабдықтарының бағасы қалай? BAQ.KZ тілшісінің материалынан оқи аласыз.
Балаңызды мектепке қанша теңгеге дайындадыңыз?
Бүгінде мектеп құрал-жабдықтарының өзіне бірталай шаражат қажет. Мысалы, сауда желілерінде 12 беттік бір дәптердің бағасы 30 теңгеден сатылып жатыр. Ал қаламдардың бағасы 40 теңгеден басталады.
Жаңа оқу жылында балаға кеңсе тауарларынан басқа мектеп формасы, аяқ киім, спорттық киім, сөмке және басқа да заттар қажет. Мысалы, елордалық ата-аналардың бірі бір баласына шамамен 150 мың теңге жұмсағанын айтты.
Ал алматылық тұрғын бір балаға шамамен 100 мың теңге кететінін айтады.
Ал түркістандық ата-ана Айжан биыл екі қызын мектепке дайындап жатқанын айтты. Ол әр баласына 60 мың теңгедей қажет екенін жеткізді.
Ол қызына мынадай заттар алған:
Жейде – 7000 теңге
Жейде – 8000 теңге
Белдемше – 6000 теңге
Сөмке – 5500 теңге
Кроссовкалар – 6500 теңге
Аяқ киім – 7000 теңге
Спорттық киім – 8000 теңге
Бантиктер – 700 теңге
Жеңсіз топ – 1300 теңге
Дәптер, қалам – 6000 теңге
Мектеп құралдары мен формалары былтырғымен салыстырғанда қымбатырақ. Бұл доллар, юань, рубльдің көтерілуіне байланысты деп ойлаймын. Былтыр бір баланы 40-50 мыңға киіндірсек,биыл орта есеппен 50-60 мың теңге жұмсап отырмыз. Баланы мектепке дайындау барлық ата-анаға оңай емес, себебі кейбір үйде 4-5 бала мектепке баруы мүмкін. Әрқайсысына орта есеппен 50-60 мың теңге кетсе, әрине, қалтаға ауырлық болары сөзсіз. Бірақ ата-ана баласының оқығанын, ешкімнен кем болмай барсын деп, керек заттарын алып беріп жатады, – дейді Түркістан тұрғыны.
Қазақстан оқушыларына қандай форма рұқсат етілген?
Қазақстандық оқушыларға пиджак, жилет, шалбар, белдемше және жейдеден тұратын қазіргі мектеп формасымен қатар оқушыларға пиджак пен жакетті түймелері бар немесе сыдырмалары бар тоқылған күрте/кардигандарға ауыстыруға, сондай-ақ күнделікті киіп жүрген жейделерін поло жейделерге ауыстыруға мүмкіндік беріледі. Алайда киімнің түсі, стилі және басқа да тұстары мектеп әкімшілігімен келісілуі керек.
Ұлдарға арналған мектеп формасы:
пиджак, жилет, шалбар, көйлек, күнделікті жейде немесе түймелері бар немесе сыдырмалары бар тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе футболка (қысқы кезең: тоқылған жилет, жемпір). Ер балаларға арналған шалбар, ұзын және аяқтың тобығын жабуы қажет.
Қыздарға арналған мектеп формасы:
пиджак, жилет, белдемше, шалбар, классикалық блузка немесе түймелері бар немесе сыдырмалары бар тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе футболка (қыста: тоқылған жилет, сарафан, жемпір). Қыздарға арналған шалбар бос және ұзындығы бойынша аяқтың тобығын жабуы қажет.
Сонымен бірге біркелкі киім үлгісіне (ұлдарға ақ көйлек, қыздарға ақ блузка) қойылатын талап алынып тасталды.
Енді галстук міндетті болмайды.
Бұл өзгерістер қажет болған жағдайда пайдалануға болатын қосымша мүмкіндік пен нұсқа ғана. Ата-аналар өндірушіні таңдауда және мектеп формасын сатып алуда тәуелсіз екенін еске сала кетейік.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!