Атырау қаласындағы №3 мектеп-гимназиясында 40 мұғалімнің жұмыс орны бос тұр. Білім ордасының әкімшілігі бос жұмыс орындарына конкурс жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мектеп-гимназия әкімшілігінің мәліметінше, білім ордасына тұрақты жұмыс істеуге пән мұғалімдері қажеттігі туындап отыр.
«Атырау қаласындағы жалпы білім беретін №3 мектеп-гимназиясы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидалары негізінде бос орындарға педагог қызметкерлерді тағайындау үшін конкурс жариялайды. Конкурс құжаттары 14-22 тамыз аралығында қабылданады», -делінген білім ордасының хабарландыруында.
Мәселен, оқушыларға информатика пәнінің қыр-сырын меңгертетін 3, бастауыш сыныптарға 7 мұғалім керек. Математика, орыс тілі мен әдебиеті, тарих пәндерінің әрқайсысына 4 мұғалімнен қажет. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен дәріс беретін 2, оқушыларды көркем еңбекке баулитын 4 мұғалімнің орны бос тұр. Химия, физика, география пәндерінің әрқайсысы үшін бір-бір педагогтан жұмысқа шақырылған.
Сондай-ақ, бір-бірден спорт нұсқаушысы мен шеберхана меңгерушісі, педагог-ұйымдастырушыны, химия, биология, физика және информатика пәндері үшін 4 зертханашы керек. Мектеп директорына 2 орынбасар қажет. Орынбасардың біріне оқу ісі, ал, екіншісіне тәрбие ісі жөніндегі міндет жүктеледі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 13 мектеп пен 12 балабақша директорының лауазымдық орны бос тұрғанын хабарлаған едік.
Сондай-ақ, Атырау мектептерінде 600-ден астам мұғалім жетіспейтінін жазған болатынбыз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!