Ізденістің ізін жалғап, тың ой мен түрлі жобаны тоғыстыра отырып жүзеге асыру өнертапқышқа тән қасиет. Ұтқырлығымен ұтымды жоба ұсынуды ұйғаратындардың іске білек сыбана кірісетіндігі бесенеден белгілі. Жаңалығы халық игілігіне жарап тұрса, мемлекеттің дамуына сеп болса өндірісіміздің өркендейтіні де сөзсіз. Тиісінше өзге елдермен тереземіз теңесіп, жаһанды аузына қаратқан Жапониядан да көш ілгері жүретініміз анық. Өнердің кілтін тауып, дүниеге дүрбімен қарап, қоғамға қажеттіні санада сараптап нәтиже шығару ел экономикасының дамуына ықпал етеді. Сондықтан да «болам» деген баланың бетінен қақпай, белін буу келешекті күмәнді етпейді.
Бала күннен әлденені құрастыруға бейімделіп, жан-жақты жетілуде жігерленген жастың инновациялық жоба жасауға икемді болатыны айтпаса да түсінікті. Өйткені жаңашыл идея иесінің көздегеніне қол жеткізбейінше тынбайтыны рас. Асылында талаптың тұлпарына мінген таланттардың мүмкіндікті мүлт жібермей, байқауда бақ сынауда бұғып қалмайтындығы қуантады. «InnoFest» Qyzylorda инновациялық идеялар фестивалінің «Smart city» секциясының жеңімпазы Аралбек Жанысбеков та байқауда дарынымен дараланған жас. Алдағы уақытта «Күн сәулесімен жүретін жол талғамайтын көлік» жобасын жандандыруды көздеген жастың арманы асқақ, мақсаты айқын.
– Жобаның басында мен «TemnayaFaza» деген YouTube каналын көріп жүрдім. Бұл каналдың авторы өз қолымен күннен қуат алатын көлік жасап, тек күн энергиясын қолданып Қазақстан бойынша 3000 шақырым жол жүрген. Осылайша менің ойыма күн қуатымен жүретін жол талғамайтын көлік жасау идеясы келді. Алдағы уақытта толық өлшемді күн көлігін жасағым келеді, – деді өнертапқыш А.Жанысбеков.
Әлбетте идеяның жемісіне айналған жобаның жұртты қызықтырар ерекшелігі мен өндірісті өрге сүйрейтін қауқары болу керек. Бір тәуліктің ішінде қиыннан қиыстырып құраған құрылым құрдымға кетпей, келешекте көптің керегіне жарағаны ләзім. Жобаға дейінгі жоспар жүйелі құрылса нәтиженің нанымды, қорытынды қуантарлық деңгейде болады. Осыны ескерген жас өнертапқыш көлік құрылымының бүге-шүгесіне дейін жіті мән берген. Осы ретте Аралбек көлік жобасына тоқталып, толығырақ тарқатып айтты.
– Бұл көлік күн энергиясын толық қолдану үшін төбесіндегі күн панельдерін күнге тік бағыттай алады, көліктің алдында және артында лебедкалар бар. Лебедканың арқасында көлік тұрып қалған жағдайда өзін тартып шығара алады және басқа жүктерді тасымалдай алады. Яғни бұл көлікті көп салаларда қолдануға болады. Мысалы ауыр жүк тасымалдаушы көлік, құтқарушы көлік және әскери техника ретінде қарастырылады.
Сонымен қатар көлік құрылымы 2 Ev3 процессоры, 4 үлкен мотор және 3 кіші мотордан құрылған. Тағы бір айта кетерлігі, көлікте арнайы қосымша құрылғы бар. Соның негізінде көлік кез келген жерде жүре алады, – деді ол.
Мүмкіндіктер алаңына айналған фестиваль талай дарындының дара жолын қалап, дамуының діңгегіне, талпынысының негізіне айналды. Қатысушылар тек өз идеясымен ғана бөліспей, өзге де жобаларды талқылап, пікірлес болады. Сондай-ақ, топтық құрамамен қатысу бірлікті бекемдеп біріге жұмыс істеп, ұйымшылдықпен бітімге келудің үлгісін көрсетіп, жас буынның санасына серпіліс, көңіліне қуаныш сыйлағаны анық. Еркіндіктің есігін айқара ашқан Аралбек те тартынбастан ойын ашық жеткізіп, шегінбестен алға нық қадам басты. Шамасы, оқ бойы озық болып, жеңіс тұғырынан көрінуі таудай талабының титімдей де үлесінен болса керек. Қазіргі таңда Аралбек тың жобаларды жүзеге асыруда төбе көрсетіп, бағытынан бұрылған жоқ.
Нәзік АХМЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!