Балаларды бірінші сыныпқа қабылдау 1 тамызда аяқталады. Бұл туралы Мектепке дейінгі және орта білім комитеті орта білімнің мазмұны және әдіснамасы басқармасының басшысы Нәзира Әбдірахманова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бірінші сыныпқа қабылдау бойынша 400 мыңнан астам өтініш түсті. Биыл мектепке баратын балалардың 70 пайызы қазақ тілінде білім алуды таңдады. Қалғандары орыс, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқуды жоспарлап отыр. Ал, құжаттарды қабылдау мерзімі – 1 сәуірде басталып, 1 тамызда аяқталады. Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін министрлік бұл қызметті автоматтандырды. Яғни, құжаттар eGov порталы арқылы қабылданады. Сонымен қатар құжаттарды қағаз түрінде де қабылдау қатар жүреді», – деп атап өтті Нәзира Әбдірахманова. Баланы мектепке беру үшін қажетті құжаттар: – ата-ананың өтініші; – туу туралы куәліктің көшірмесі; – № 063/у және 026/у форматындағы денсаулық анықтамалары; – 2 дана 3х4 өлшеміндегі фотосуретi. Егер ата-ана өтінішті eGov порталы арқылы беретін болса, онда аталған құжаттардың жалпы жүктемесі 5 мегабайттан аспауы тиіс.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!