Еліміздің бірқатар өңіріндегі мектептерде 1-қыркүйек күні алғашқы қоңырау соғылмайды. Өйткені, жөндеу жұмыстарын құрылысшылар аяқтап үлгермей жатыр, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Мысалы, жөндеуі бітпеген мектепте оқитын жамбылдық балалар мәдениет үйі мен спорт кешеніне орналастырылмақ. Сондай-ақ Ақтөбе облысында екі бірдей білім ошағының оқушылары көрші мектептерге уақытша ауысуларына тура келеді. Ал жаңа оқу жылының басталуына екі апта уақыт қалды. 

Жамбыл жақта күрделі жөндеу жүріп жатқан 6 бірдей мектептің құрылысы әлі аяқталмаған. Тіпті шалғайда жатқан Мойынқұм ауданының екі ауылында алғашқы қоңырау соғылмайды. Құрылыс қыркүйекке дейін бітпейтін болғандықтан балалар мәдениет үйі, спорт кешені секілді мекемелерде білім алатын болады.

Өйткені Бірлік пен Айдарлы ауылдары республикалық маңызы бар жол бойында орналасқан. Сол себепті оқушыларды күнделікті көрші елді мекендерге тасымалдау қауіпті болып отыр.

«Бұл екі мектептің де сараптамамен бітетін уақыты 20 қараша. 64 айға жоспарланған жұмыстар ғой барлығы. Мердігерлермен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біз балалардың уақытша қауіпсіз, дұрыс білім алуына жағдай жасаймыз. Мүмкіндігінше олар негізгі корпусын тез бітіріп беру жолдарын қарастырып жатыр. Содан кейін негізгі корпусында оқытамыз», – дейді Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек. 

Білім басқармасы құрылыс жүріп жатқан Тараздағы 4 мектептің 2-қыркүйекке дейін бетпей қала ма деп алаңдаулы. Аймақтың бас ұстазы бұған жөндеу жұмыстарының тым баяу жүріп жатқаны себеп деп ашығынан айтты.

Құрылысты қарқындату үшін жақында ғана мердігерлермен жолығып, тапсырма берген. Нәтижесінде, компаниялар жұмысшылар санын екі есеге көбейтіпті. Осылай жұмыс жүйелі жүргізілсе, негізгі бөліктері аяқталып, балалар басқа мекемеге сабылмайтын болады.

Биыл Жамбылда жалпы саны 17 білім беру нысанының күрделі жөндеу жұмыстарына қазынадан 4,4 млрд теңге қарастырылған. 

Ақтөбе облысында да білім күні екі мектепте алғашқы қоңырау соғылмайды. Бірі Шалқар ауданындағы Үргенішбаев атындағы білім ошағы, екіншісі Ақтөбе іргесіндегі Сазды ауылындағы мектеп. Ондағы құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі екі айсыз аяқталмайды деп отыр мамандар.

Қос мектептің оқушыларын жаңа оқу жылында қайда оқытатындарын білім басқармасындағылар реттеп жатыр. Шалқар ауданындағы мектептің балалары сол маңдағы басқа білім ошақтарына уақытша ауысатын болса, Сазды ауылының оқушылары облыс орталығындағы мектептерге арнайы автобуспен қатынап оқиды. Сосын, қазанда өздерінің мектептеріне қайта оралады. Бірақ осы екі білім ошағының күрделі жөндеуі келер жылы да жалғасады дейді шенеуніктер.

«Үлгермей жатқан екі мектеп. Өйткені, екі мектепті айтып отырмын, өте күрделі жөндеудің де түрлері бар. Ол күрделі жөндеу болғанда бұл мектептерде жалпы ауыспалы дейді. Өте үлкен сомада және өте үлкен ауқымды жұмыстар. Шатырдың ауыстырылуы, сыртын қаптау, ішіндегі барлық терезелерін ауыстыру сияқты үлкен жұмыстар», – дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова. 

Аймақтағы қалған жөндеу жүріп жатқан 31 мектептегі жұмыстар аяқталып қалды деп сендіреді білім басқармасындағылар. Ал жыл бойы бала оқытатын жер таба алмай бірнеше рет наразылыққа шыққан Батыс-2 ықшамауданындағы мәселені инвестор көмегенімен шешіпті. 7 мың оқушыға арналған жекеменшік гимназия осы аудандағы барлық баланы мемлекеттік тапсырыспен, ата-анадан ақы алмай тегін оқытуға келіскен. Қазірдің өзінде осында тек бірінші сыныпқа баратындар 23 класты толтырыпты.

Ақтөбелік шенділер оқулыққа қатысты ешқандай мәселе жоқ деп отыр. Көп мектептер кітаптарын оқушыларға таратып үлгерген. Онымен қоса, бастауышта оқитындарды биыл ыстық тамақпен жаппай қамту жайы ата-аналарды қуантып отыр.

Биылдан бастап бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі. Бұл әрине, ата-ананы да, балаларды қуантып отыр. Бұған дейін тек Астана мен Алматы, сосын бес өңірдің оқушылары ғана ыстық тамақпен тегін қамтылған.

Қалған облыстарда аз қамтылған отбасы балаларына беріліп келді. Бұған қатысты қоғамда түрлі пікір айтылды. Көпшілігі оқушыларды жағдайына қарай алалау деп бағалады. Қазір бастауыштың оқушылары үшін тегін ыстық тамаққа қазынадан ақша бөлініп қойған. Мысалы, Маңғыстау облысында 90 мың баланың мектептегі тамағын мемлекет мойнына алып отыр.

«Бірінші-төртінші сыныптардың оқушылары сонымен қатар, аз қамтылған отбасылардың 5-11 сынып аралығында 17 мыңдай оқушы бар. Осы оқушылардың барлығы бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін болады. Ол үшін жергілікті бюджеттен қажетті қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта біздің асхананың жағдайлары сонымен қатар, тамақтану кестелері қоңырау кезінде асханаға бар жағдайлары соның барлығы қазір шешіліп жатыр», – дейді Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева. 

Маңғыстау облысында бір баланың тамақтану құны 570 теңге. Бұл баға аймақтарда әркелкі келеді. Бірақ, ас мәзірін дайындауда білім ошақтары жаппай ұлттық салауатты тағамтану орталығының ұсынысына сәйкес болуы шарт. Оқу процесіне кедергі келтірмей, сабақ арасындағы үзілістерде тамақтанады.

Маңғыстау облысында 193 мектеп бар. Жаңа оқу жылы қарсаңында тек оқушылар тамақтанатын асхана ғана емес, балалардың қауіпсіздігі үшін білім ошағына кіріп-шығатын жерден бастап, бейнебақылау камералары мен дабыл жүйесін де жаппай тексеріп жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!