Мектеп табалдырығын аттауға өтініш бергендер қатары 250 мыңға жуықтады. Оқу-ағарту министрлігі биыл балалардың 70 пайызы мемлекеттік тілде білім алуға ниетті екенін жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Елімізде 1 сыныпқа қабылдау сәуір айының 1-і мен тамыздың 1-ші жұлдызына дейін жалғасады. Қазірдің өзінде 249 737 өтініш түсіпті. Оның ішінде балалардың 70 пайызы қазақ тілінде оқытуды таңдаған. 

“Құжаттарды қабылдау штаттық режимде жүргізілуде. Ата-аналар белсенділік танытып жатыр. Биылғы бірінші сыныпқа қабылданушылар арасында мемлекеттік тілде оқығысы келетіндер көп. Қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қабылдау бойынша Қызылорда (94,1%), Маңғыстау (93,2%), Ұлытау (82,5%), Түркістан (80,6%) және Жамбыл (79,4%) облыстары ең жоғары көрсеткішпен алда тұр”, – деді комитет төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев. 

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін құжаттарды қабылдау мемлекеттік қызметі толығымен автоматтандырылған. 1-сыныпқа қабылдау Еgov.kz электронды үкімет веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. 

Бірінші сыныпқа балалар 6 жастан бастап ата-анасының немесе баланың заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады. 

Сондай-ақ денсаулық жағдайы туралы құжаттар (026/у-3 нысаны және 065/у) және 3х4 өлшемді 2 фотосурет қоса беріледі. 

Алдын ала болжам бойынша, жаңа оқу жылында 410 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады деп күтілуде.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!