Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 26 студенті Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясына ие болды. Президенттік стипендия биылғы қыркүйек айынан бастап оқу үлгерімі «өте жақсы» және университеттің қоғамдық жұмыстарында белсенділігімен ерекшеленген білім алушыларға тағайындалды.

Білімді әрі белсенді жастарға қашанда жүйелі қолдау бар. Президенттік стипендия иегерлерінің бірі – «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4-курс студенті, «Жауқазын» студенттік театрының төрағасы Ақниет Мәулен.

“Оқу орнына алғаш қабылданғанда Президенттік стипендия иегерлерімен танысудың сәті түсті. Сол кезде «мен де осындай үздік студент боламын» деген мақсат пайда болды. Бұл маған ғылыми және қоғамдық жұмыстарға көбірек уақыт бөлуге, түрлі олимпиадаларға қатысуға мүмкіндік береді. Ең бастысы жоғары білікті маман болуға ынталандырады. Қазір 81 мың теңгеден астам шәкіртақы аламын”,– деді Ақниет Қайратқызы.

Стипендия күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттерге 3-курстан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде тек «өте жақсы» (А, А-) оқитын студенттерге беріледі. Дарынды жастарды шабыттандыруға арналған үлкен қолдау.

Биыл 26 студентке ҚР Президентінің стипендиясы тағайындалды

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!