Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, мемлекеттік білім беру ұйымдарына мұғалімдерді жұмысқа қабылдау тәртібі 2021 жылдың 19 қарашасында бекітіліп, сол уақыттан бастап күшіне енді. Бұл ретте әр мектептің, білім басқармасының, білім бөлімінің бастығы осы тәртіпті білуі тиіс.
Министрдің мәліметінше, жаңа тәртіп бекітілгеннен кейін 3 100 адам жұмысқа қабылданған.
Осы адамдардың жұмысқа қабылдану тәртібін біздің комитет тексеруі керек, қараймыз. 3 100 адам деген көп емес. Конкурс өткізілді ме? Конкурс нәтижесі ашық қаралып, дұрыс шешім қабылданды ма? Оны тез он күннің ішінде қарап шығуға болады. Үлкен жұмыс емес. Қарағаннан кейін әрбір облыс бойынша ақпарат беріп, қажет болса ауытқулар орын алса, онда тиісті шара қабылдауға мүмкіндік болады, – деді Асхат Аймағамбетов.
Бұған қоса ол директорлардың бос жұмыс орындарын жасырын ұстап қалатынын сынға алды. Мектеп басшылары заң бекіткендей, тиісті органдарға, еңбекпен қамту органдарына бос лауазымдар туралы ақпарат бермейтінін атап өтті.
«Ешкімге ашық айтпайсыздар. Қыркүйек айы өткеннен кейін, біраз уақыттан соң «адам келмеді, мұғалім таппадық» деп, сол бар сағаттарды іштегі жұмыс істеп жүрген мұғалімдерге бөліп бересіздер. Бұл – заңсыздық. Мұндайға заңмен көзделген жауапкершілік, оның ішінде әкімшілік те жауапкершілік бар. Ол бос сағатты бөлген кезде де тәуекел көп және объективті жұмыс жүрмейді», – деді министр.
Асхат Аймағамбетов мектептерді білімді, білікті мамандармен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, педагогтерді жұмысқа ашық әрі әділ конкурс арқылы жұмысқа қабылдау қажеттігіне назар аударды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!