Соңғы 10 жылда еліміздің жоғары оқу орындарында білім алу үшін 1249 студент облыс әкімінің грантын иеленген. Биыл 170 студент оқуды аяқтап, диплом алған. Оларды «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы» аясында «Жастар тәжірибесі», «Ұрпақтар сабақтастығы» мен «Алғашқы жұмыс орны» жобалары бойынша жұмыспен қамту шаралары жүргізілуде.
Биыл да Сыр жастары үшін облыс әкімінің гранты берілмек. Облыстың еңбек ресурстарының балансына сәйкес мамандар тапшылығын және алдағы уақытта өңірде жүзеге асырылатын бірқатар инвестициялық жобалардың іске қосылатынын ескере келе 2022 жылға облыс әкімінің 100 оқу гранты бөлінді.

  • Гранттар білім, ауылшаруашылығы, өндірістік және өңдеу, инженерия және инженерлік іс, ветеринария, журналистика және ақпарат, әлеуметтік ғылымдар, мәдениет және денсаулық сақтау салаларына бағытталған. Өздеріңізге белгілі, мемлекеттік грант конкурсына талапкерлерден өтінім қабылдау 22 шілдеде аяқталды. Конкурс нәтижесі тамыз айының 10-на дейін жарияланады деп күтілуде, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев.

Мемлекеттік грантқа іліге алмай қалған әлеуметтік ахуалы төмен, белгілі санатқа жататын отбасыларынан шыққан талапкерлер облыс әкімінің грантына үміткер бола алады. Құжаттарды қабылдау аудандық және Қызылорда қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдерінде 5 тамыздан бастап жүргізіледі.

Грантты тағайындау туралы шешім аудан, қала әкімдіктері жанынан құрылған арнайы комиссиямен қабылданады. Бүгінде 100 студенттің оқу ақысын және жүріп-тұру, тамақтану шығындарын ішінара өтеуге әлеуметтік көмек тағайындауға облыстық бюджеттен 84,8 млн теңге қаражат бөлініп, аудан, қала бюджеттеріне жеткізілді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!