Сәкен ҚАНЖАР, «Самғау – 2021» жастар

сыйлығының иегері,

жас ғалым:

– Сәкен, осы кезге дейін алты ғылыми еңбегіңіздің ҚР патенттері түрінде жарық көргенін білеміз. Бұл қандай жобалар, ерекшелігі неде? Ең алғаш зерттеу жұмысы қалай басталды?

– Қызылорда облысы күріш өндіруден көшбасшы екенін білесіздер. Күріш қалдықтары құрамында кремний болғандықтан, оның ыдырау барысы ұзақ уақыт алады. Сондықтан күріш қалдықтарын өңірде өртейді, бұл экологияға  зиян келтіреді. Осыны ескере отырып, күріш қалдықтарынан белсендірілген көмір, биочар, кремний диоксиді, аморфты кремний, целлюлоза және КМЦ алынып, аталған заттар бойынша ғылыми еңбектер жарық көрді. Ең алғаш зерттеу жұмысы оқуға түскен сәттен  басталды. Жетекшім, химия ғылым­дарының  кандитаты, профессор Нұрбол Аппазов  қон­дырғы­лармен таныс­тырып, сол жылы күріш қалдығынан белсендірілген көмір алдық. Содан соң белсендірілген көмірдің зерттеулерін жасай бастадым.

– Белсенді студент қатарынан екенсіз. Бәріне қалай үлгересіз? Жалпы сізді жас ғалым ретінде танитынымыз рас. Алайда біз білмейтін тағы да қандай қабілетіңіз бар?

– Өзімді белсенді студент санамаймын, себебі біздің университетте белсенді студент деп іс-шараларға қатысатын әнші, биші, басқа да өнерлі жастарды айтады. Мен тек ғылыммен айналысамын. Бос уақытымды зерттеуге арнаймын, қалған студенттер оқудан кейін үйге қайтатын болса, мен кешке қалып зерттеулермен айналысамын, тіпті түнге дейін қалып жұмыс істеген кездерім де болды.

– Қазір қандай ғылыми еңбек бойынша зерттеу жүргізудесіз? Сіз таңдаған мамандыққа деген қоғамның сұранысы қандай? Жас мамандар үшін облыс аумағында тәжірибе жүргізуге, жан-жақты ізденуге мүмкіндіктер қарастырылған ба?

–  Суды тазалауға қатысты зерттеу жүргізудемін, бірақ нақты тақырыбы  әзірге құпия болсын. Иә,негізінен жастар бұл мамандыққа көп қызыға бермейді, себебі химия күрделі ғылым. Бірақ ізденемін деген адамға ештеңе кедергі емес. Облыста осы саланы үйренемін деген жастарға бағыт көрсетіп, химияға деген қызығушылықты арттыру керек. Себебі бізді қоршаған ортаның  бәрі – «Химия».

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен:

Гүлдана ЖҰМАДИН