Фото: видеодан скриншот
Астанада бүкіл оқушы есімін жатқа білетін директор Нұртас Жағабаев №104 орта мектепті басқарып отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Еуразия арнасына сілтеме жасап.
Мектеп директорының мамандығына деген махабаты сондай, тіпті биыл ғана 1 сыныпқа қадам басқан бүлдіршіндердің есімдерін жатқа біледі. Жұмыстан тыс уақытта шәкірттерімен асық ойнап, театрға барады екен.
Нұртас Жағабаев мектепке таңғы 7-ден кете келеді. Ол оқушыларын өзі қарсы алып, сабаққа сәттілік тілейтін көрінеді. Тіпті көпшілігін жаңылмай танып, есімдерін атап жатқанын байқадық. «Көңіл-күйлерің қалай? Мен сендерді өте қатты жақсы көремін! Оқуда озат болыңдар! Күндерің сәтті өтсін!» деп шәкірттеріне тілегін арнайды.
№104 орта мектепте баласы оқитын Жәнібек Қуанышбеков мектеп басшысы туралы пікір білдірді.
«Биыл тұңғышымыз 1 сыныпқа барып жатыр. Енді алғаш келген күннен бастап балаға мектеп қатты ұнады. Біздің оқушы кезімізде мектеп директорын кездестіру әркімге бұйыра бермейтін бақыт еді ғой, былайша айтқанда. Ал қазір енді біздің мектебіміздің директоры балаларды өзі қарсы алып, ата-ана келсе де өзі шығып тікелей байланыста. Кез келген уақытта сұрағымызға жауап ала аламыз», – дейді оқушының әкесі.
Сонымен қатар мектеп басшысы кішкентайлардың ғана көңілін таппайды, жоғарғы сыныптармен де етене байланыста. Ол қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ал қоңырауда асық ойнап, теннистің түбін түсіреді екен. Бала білімді, мәдениетті һәм тәрбиелі болуы үшін әуелі өзіміз мейірімді болуымыз керек дейді.
«Қазіргі уақытта бормен, укасканы қолға алып сабақ берсек, әрине, біздің оқушыларымыз ол нәрсені түсініп қабылдамайды. Оқушылардың өз тілімен сабақ бере білуіміз керек. допты қалай лақтырсаң, кейін саған солай ұшып келеді. Сондықтан бірінші кезекте өзіміз мейірімділік танытсақ, оны көрген бала ол білімді, мәдениетті, тәрбиелі болып өседі», – дейді мектеп басшысы.
Нұртас Жағабаев басқарып отырған №104 орта мектеп биыл ғана ашылыпты. Ол бұған дейін Қызылсу атындағы орта мектеп пен №43 мектепте директор болған. Қай жерде жүрсе де айналасындағыларға қуаныш сыйлап жүретін көрінеді.
Басшы қызметін әріптестері жоғары бағалайды. Аталмыш білім ордасындағы тарих пәні мұғалімі Алма Жүкен директордың өте мейірімді, қамқор басшы екенін айтты.
«Ол кісі өте керемет басшы. Мейірімді, өте қамқор. Мектептің тек білім саласына ғана емес, сонымен қатар қоғамдық өміріне өте көп істер жасап жатыр. Әрдайым бізді түсінуге, қолдауға тырысады», – дейді тарих пәні мұғалімі.
Мамандық пен адалдықты үйлестіріп, көп ықыласына бөленген азаматтың ұстаздық ұлы жолға үскеніне 20 жылдан асыпты. Бүгінде 140-қа жуық маман, 1700 шәкіртке бас-көз болып отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!