Бауыржан Момышұлы – оқ пен оттың ортасында қан кешіп, қар жамылып, мұз төсеніп, ажалмен бетпе-бет келсе де беті қайтпаған өр қолбасшы. «Ерлік – елдің қасиеті, жүректелік – жігіттің қасиеті» деген  ұғымды ұстана отырып, қазақтың бойынан жігіттік қасиет іздеген нағыз тұлға. Басына күн туғанда жанын шүберекке түйген жауынгер байтақ даланың амандығы үшін күреске түсті. Айқас алаңдарында өшпес ерлік жасап, қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып тастай білген еді. Батырдың «Жауды өлтірсең, өлімнен құтылдың» деген сөзі келер ұрпақтың болашағы үшін басын өлімге байлап, жеңістің   туын тігуге ұмтылғанын көрсетеді.

Ол 22 жасында әскери қызметті қатардағы жауынгерліктен бастап, соғыс уақытында дивизия басқарған қазақтың бірі болған. Қолына түскен қағаздан ою ойып, сурет салған. Бүгінде батырға тиесілі бір-біріне ұқсамайтын жетпіске жуық оюы сақталған.Өзгелерден ерекшелігі ретінде қыстың күні аязда да терезені ашып ұйықтайтын, қолғап кимейтінін айтса  болады. Бала кезгі лақап аты – «Шаңтимес». Аты аңызға айналған әскери жазушы Бауыржан ата бір естелігінде: «Мен – өзге ұлттарды құрметтеуші,өз  ұлтын сүюші адаммын» дейді. Батырды әр қазақ жүрегінде сақтауының себебі де ұлтын сүйгендігінен деп білемін. Кейде ержүрек батырдың кітаптарын оқып отырып, терең ойға шомамын.Отанға деген сүйіспеншілігінен, халқына деген махаббатынан, ұлттық рухынан қуат аламын. Бауыржан атаның қаламынан  шыққан «Москва үшін шайқас», «Қанмен жазылған кітап», «Ұшқан ұя» атты туындылары жанға сая.

Шығармаларында әр кейіпкер өзгеше бір әлем. Әр сөйлемде тұнып тұрған сыр жатыр. Батырдың өсиет сөздерінің көбі Ұлы Отан соғысы кезінде орыс тілінде жазылған. Қазір бұл өсиеттер екі тілде де қолданысқа ие. «Елім» деп еңіреген ер, ұлт, Отан, батылдық, еңбек тақырыптарында өзінің дара, дана ойын жеткізуге тырысқан. Қанатты сөздер жайдан-жай тумайды және оны айтып соңынан қалдыру екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Бауыржан  Момышұлы атамызды ұлт мақтанышы деп айтуымыздың себебі көп. 1941 жылы Мәскеу түбіндегі қанды шайқастарда теңдесі жоқ ерлігімен әлемді дүр сілкіндірген. 316-атқыштар дивизиясының командирі ретінде қараңғыдан шығар жол тапқан, аты әлемге аңыз болып, батыр қолбасшы атанған.Өмірден өткеніне 39 жыл болса да оның қазақ азаматына сай тік мінезі мәңгі үлгі. Өмірінің соңына дейін «адам» деген атқа кір келтірмегені, артынан қалған қымбат қазынасыы болашаққа өнеге. Бауыржан ата нақыл сөздерінің бірінде:«Қазақ тілі – сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан дүниеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің ауызына құм құятын ғажайып кемел тіл» деп баяндаған. Оның бізге қалдырған мәңгілік өшпес, ғасырдан-ғасырға жетер мұралары үшін ұрпақтары мәңгі қарыздар. Қазақ елінің мақтанышы, даңқты батырымыз – Бауыржан Момышұлы туралы қанша айтсақ та артық етпесі белгілі.

Ділназ ДҮКЕНБАЙ,

М.Дүйсенов атындағы

№15 мектеп-лицейдің оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!