2023 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы стипендиясының үміткерлеріне қойылатын талаптар күшейтілді. Енді «Болашақ» бағдарламасының конкурстық іріктеуіне қатысу үшін үміткерлер шет тілін меңгергенін растауы тиіс.

Кандидаттар өтінім берген кезде шет тілінен емтихан тапсырғаны туралы сертификат ұсынады. Мысалға, ағылшын тілінде магистратураға түсушілер нәтижесі 9.0 — ден кем дегенде 6.0 IELTS, PBT 677- ден 498, IBT 120- дан 60 TOEFL сертификаттарын, тағылымдамадан өтушілер — IELTS 5.0, PBT-417, IBT-35 TOEFL, DET 75 сертификаттарын ұсынуы тиіс.

«БИЫЛ «БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ КОНКУРСТЫҚ ІРІКТЕУ ЕРЕЖЕЛЕРІ ЖЕТІЛДІРІЛДІ. БҰЛ ШАРА КАНДИДАТТАРДЫҢ ҚҰРАМЫН САПАЛЫҚ ЖАҒЫНАН АРТТЫРУ ҮШІН ҚАБЫЛДАНДЫ. ШЕТЕЛДІК ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНЫҢ ДОКТОРАНТУРАСЫНА ТҮСЕТІН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫ ҚОСПАҒАНДА, «БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ҮМІТКЕРЛЕРІ ШЕТ ТІЛІН МЕҢГЕРУДІҢ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙІН РАСТАУЫ ҚАЖЕТ», — ДЕП АТАП ӨТТІ «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР ОРТАЛЫҒЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ ОЛЖАС СӘКЕНОВ.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдан бастап «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына жеңілдігі бар кандидаттарды қоспағанда, жетекші шетелдік жоғары оқу орнынан шартсыз шақыруы бар үміткерлер ғана қатыса алады. Сонымен қатар В1 және одан жоғары деңгейі бар мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны туралы ҚАЗТЕСТ сертификатын ұсыну талабы да қойылады.

2023 жылы «Болашақ» бағдарламасы аясында 555 стипендия бөлінді. Оның ішінде 395 стипендия магистратура/резидентура, 50 – докторантура бағдарламаларына үлестірілген, сондай-ақ тағылымдамадан өту үшін 110 стипендия бөлінді.

Айта кетейік, құжат қабылдау және конкурстық іріктеу толығымен автоматтандырылған. Бұл халықаралық стипендия тағайындау конкурсының ашықтығын қамтамасыз етеді. Үміткерлер өңірлерден шықпай-ақ өтінім береді және іріктеудің барлық кезеңдерінен өтеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!