«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл,
білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады».
Абай Құнанбайұлы
Ойшыл Абай Құнанбайұлы жазбалары мен қара сөздерінде білім мен ғылымға айрықша тоқталып, оның адам өміріндегі маңызына назар аударады. Расымен, дамыған һәм мықты ел болып қалыптасамын десе, кез келген мемлекет жастардың ғылымға құлшынысын арттыру бойынша, ізденімпаз әрі білікті мамандар даярлау бойынша ауқымды жұмыс атқаруы тиіс. Себебі білім адам өмірінің негізі, ұлт болашағының кепілі.
Бастауыш сынып, орта буын, жоғары сынып, ал кейін колледж бен жоғары оқу орны. Міне, осындай тізбекпен адам өмірі әрдайым іліммен тығыз байланыста болады. Бүгінде колледждер заманауи білім беру мен кәсіби дамудың берік негізі. Бұл оқу орындары жастарға тек мамандық игеруге ғана емес, сонымен қатар өмірлік маңызды дағдыларды меңгеріп, жеке тұлға ретінде қалыптасуға мүмкіндік береді. Осы орайда апта басында сол жағалауда орналасқан «Болашақ» университетінің жоғары колледжіне барып, жұмысымен таныстық. Еңселі білім ордасын қазірде білікті маман Асқар Еңсепов басқарады.
Білім ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігін баяндамас бұрын, оның тарихына шолу жасасақ. Бұл оқу орны 2001 жылы университет жанындағы «Экономика және сервис» колледжі ретінде жұмысын бастаған. Ал 2010 жылдың 10 қыркүйегінде білім ошағы жаңа кезеңге қадам басып, «Болашақ» университетінің колледжі мәртебесіне ие болды.
ТҮЛЕКТЕРДІҢ 60%-Ы ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСҚАН
Білім ошағы студенттерге есігі ашылған жылы 9 мамандық бойынша мамандар даярласа, жылдан жылға уақыт талабына сәйкес қажетті жаңа мамандықтар ашылып, бүгінде гуманитарлық, педагогикалық, техникалық, қызмет көрсету салаларында 34 мамандық, 56 біліктілік бойынша мамандар даярлауда. 1000-нан астам студент білім алып, оның ішінде 500-ге жуығы мемлекеттік тапсырыс аясында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болған. Биыл 234 білім алушы жас маман атанып 60%-ы жұмысқа орналасса, 12%-ы жоғары оқу орнында білімін жалғастыруда.
Студенттер белгіленген кесте бойынша өндірістік тәжірибеден өтеді. 2024-2025 оқу жылында «АГМ Табыс» ЖШС, «№7 Өрт сөндіру бөлімшесі», «Бегім ана» балабақшасы, «Байзақ Момынбаев атындағы №278 ақпараттық технология мектеп-лицейі» және «Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектеппен» келісім жасаса, «Шаштараз өнері», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Дене тәрбиесі және спорт», «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандықтарында оқитын студенттер дуалдық оқу жүйесі бойынша білім алады. Сонымен қатар тәжірибе арттыру мақсатында «Grand Master» бағдарламалау мектебіне үш күн сабақ процесіне кіріктірілген тәжірибе де қарастырылған.
Түрлі байқау мен сайыстарда да жүлделі орын иеленген таланттар аз емес. Мәселен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында өткізілген «Worldskills Qyzylorda-2024» кәсіби шеберлік байқауына «Кіші сыныптарда оқыту» құзіреттілігі бойынша «Бастауыш білім беру» мамандығының студенті Айдана Алтынбекова қатысып, үздік нәтиже көрсеткен. Қазылар алқасының шешімімен II дәрежелі дипломмен марапатталды.
Ал ұлттық чемпионаттың «Желілік және жүйелік әкімшілендіру» құзыреттілігі бойынша Мақсат Уәлибек ІІІ орын иеленді.
Қазан айында колледждің «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының студенттері «Smart City Kyzylorda Hackathon 2024» байқауына қатысқан. Атап айтсақ Нұрсұлу Айтмағанбет, Ерік Расул «DMD Дизайн макеттерін дайындау» бот электронды оқулығы, Әли Мұхамбетқали, Арнұр Исмағұл «Kerek bot АКТ сабақтарын жоспарлау» электронды бот оқулығы, Наурызбек Идиатулла, Нұрдәулет Абдрахманов «QR KZO» Қызылорда қаласының танылмаған ауыл аймақтарын картада көрсету, туризмді дамыту, жаңашаландыру бағытына арналған карталық жоба әзірлеген. Нәтижесінде қатысқан 3 жобаның екеуі инновациялық жобалар фестиваліне жолдама алып, үздік 30 жоба қатарына кірді.
– Облыстық жобалар байқауына қатысқан студенттеріміз жаңашыл бастамаларын жоғары деңгейде қорғап шығып, үздік деп танылды. Жобаларды дайындауда Айзат Жеңісбекқызы жетекшілік етті, – деп пікірімен бөлісті оқытушы.
Мамандардың айтуынша, колледждің әдістемелік жұмыстарына қарасты жас маманның жұмысқа бейімделуіне, қызығушылығын арттыруда, жетістіктерге жетуге және педагогикалық потенциалының дамуына байланысты «Жас маман» мектебі жұмыс жасайды. Педагогтардың «Мен педагог» позитивті концепциясын, коммуникативті дағдыларын қалыптастыруға, жаңа ортаға бейімделуіне, басқа адамдарды түсінуге, психологиялық қолдау көрсетіп, дамыту мақсатында жыл сайын жас мамандарға психологиялық, педагогикалық тренинг, дөңгелек үстел, семинар ұйымдастырылады.
Колледжде студенттердің өзін-өзі басқару жұмысы Студенттік Парламент арқылы жүзеге асырылады. Парламент жұмысы бастама, қолдау, қаржыландыру, ұйымдастыру, жүзеге асыру алгоритміне сәйкес жұмыс істейді. Жастардың оқудан тыс кезде өз мүмкіндіктерін іске асыру жағдайлары Студенттік Парламент жұмысы арқылы, тәрбие жұмысының жүйелі жолға қойылуы арқылы, әдістемелік жұмыстың дұрыс ұйымдастырылуы жүзеге асады. Колледжде шығармашылық, спорттық әлеуетті дамыту мақсатында 10 үйірме, 4 спорт секциясы, 1 ансамбль және 1 студенттік театр жұмыс істейді.
КОЛЛЕДЖДЕГІ БІЛІКТІ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚҰРАМ
Тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Аида Смаилова әңгіме барысында басты міндеттердің біріне тоқталды.
– «Болашақ» университеті жоғары колледжінің оқытушыларының алдына қойылған міндеттердің бірі – оқыту әдістері мен тәсілдерін ұдайы жетілдіру және заманауи педагогикалық технологияларды сабақ процесінде, іс-шараларда жүйелі түрде қолдану жолға қойылған. Колледж оқытушыларының шығармашылық мүмкіндігін дамыту факторы ретінде, білім беру үрдісі сапасын арттыруға мүмкіндік жасайтын кәсіби құзыретін арттыру мен ұстаздық шеберліктің өсуі үшін жағдайлар жасауға бағытталған.
Жас ұрпақтың саналы да сапалы білім алуының бірден бір шарты мұғалімнің ізденімпаз болуы. Қазіргі замандағы мұғалімнің міндеті ғылым мен техниканың қарқынды дамып келе жатқан заманда өмір сүруге икемді, қоғам пайдасына қарай өзін өзі толық жүзеге асыруға дайын білімді, шығармашылыққа бейім, құзіретті және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру. Бұл міндетті тек кәсіби білімі жетік, бәсекеге қабілетті ұстаздар ғана атқара алады, – деді ол.
«Ұстаздан шәкірт озады» демекші, колледж құрамы сабақ беретін ұстаздардың кәсіби дәрежесінен құрастырылса, білім алушыларға 75-тен астам оқытушы білім береді. Оның ішінде 1 ғылым кандидаты, 22 ғылым магистрі, 16 педагог-модератор оқытушы, 3 педагог-сарапшы, 8 педагог-зерттеуші, өндіріс шеберлерімен қоса атқарушы оқытушылар саны 22 адамды құрайды.
Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру – сабақ беру мен оқыту сапасын арттыру үшін жаңадан және бұрын алынған кәсіби білімін, іскерлігін, дағдысы мен құзыретін дамытуға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге мүмкіндік беретін кәсіби оқыту нысаны. Колледж оқытушылары жыл сайын тағылымдамалардан өтіп, педагогикалық біліктілігін халықаралық, республикалық деңгейде жетілдіріп отырады.
«ДҰРЫС ҚАНАТТАНҒАН ТҮЗУ ҰШАР»
Бүгінгі ұрпақ ертеңгі күннің негізін қалыптастырады. Сондықтан оларды жан-жақты дамытып, ізгі құндылықтарға баулу – ата-ана, ұстаз және қоғамның басты міндеті. Бұл ретте колледж басшылығы қарқынды жұмыс атқаруда. «Болашақ» университеті жоғары колледжі директорының тәрбие жұмысы бойынша орынбасары Аида Есенгелдіқызы тәрбие жұмыстарымен таныстырды.
Білім ордасында 1050 білім алушы сапалы білім алуда. Олардың оқу үдерісін тиімді ұйымдастырып, оқу үлгерімі мен тәртібін жоғары деңгейде ұстап тұру мақсатында төрт пән бойынша әдістемелік бірлестіктер жүйелі жұмыс атқарады. Сонымен қатар колледждегі тәрбие жұмысы «Білім беру ұйымдарындағы біртұтас тәрбие бағдарламасы» негізінде жүзеге асырылып, жан-жақты дамуға бағытталған.
Мәселен «Біртұтас тәрбие бағдарламасында» «Тәуелсіздік және отаншылдық», «Бірлік және ынтымақ», «Әділдік және жауапкершілік», «Заң және тәртіп», «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік», «Жасампаздық және жаңашылдық» секілді құндылықтар қарастырылған.
– Осы 6 бағыт бойынша тәрбиелік іс-шараларды тиімді ұйымдастыру мақсатында әр сәрсенбі күні І ауысым үшін сағат 12.50-де және ІІ ауысым үшін 17.30-да барлық оқу топтарында бірегей тәрбие сағаттары ұйымдастырылады. Тәрбие сағаттары дөңгелек үстел, сайыс, байқау, пікірталас, диспут , конференция, пресс-конференция, панорама, саяхат, ойын, акция, флешмоб, ток-шоу форматтарында өтеді, – дейді Аида Есенгелдіқызы.
Бұдан бөлек ынтымақтастық аясында да түрлі іс- шаралар өтеді. Мәселен колледждің тәрбие жұмысын тиімді жүзеге асыру мақсатында салааралық байланыс жоғары деңгейде жолға қойылған. Қызылорда облыстық және қалалық ішкі істер басқармасы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, қоғамдық даму басқармасы, «Аманат» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының облыстық филиалы, облыстық дін істері басқармасы, дін мәселелерін зерттеу орталығы, жастар денсаулық орталығы, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталық, қалалық мешіттер секілді мекемелермен тығыз ынтымақтастық орнатылған. Осы серіктестіктердің арқасында тәрбиенің барлық бағыттары бойынша ауқымды іс-шаралар бірлесе жүзеге асырылуда.
Қызметкерлердің айтуынша, студенттердің оқу кезіндегі тұрмыстық жағдайлары тәрбие орынбасары, колледж психологы, әлеуметтік педагог, колледж инспекторы, ПӘБ жетекшілері, топ кураторлары тарапынан қадағаланады. Себебі әр студент – білім ордасының болашағы һәм жарқын болашақтың тұтқасын ұстайтын азамат.
Жатақханада тұратын студенттер үшін арнайы кезекшілік кестесі бекітіліп, оның орындалуы колледж әкімшілігі мен оқытушылары тарапынан ұйымдастырылған кезекшілік арқылы қадағаланады. Ал пәтер жалдап тұратын студенттердің жағдайын топ кураторлары, колледж психологы және әлеуметтік педагог үйлеріне барып тексеріп отырады. Туыстарының үйінде тұратын студенттер үшін олардың жақын туыстарымен тұрақты байланыс орнатылып, бақылау байланыс құралдары арқылы жүзеге асырылады.
«Тәуелсіздік – ғұмырың, елің, тұғырың», «Қазақ жері – бейбітшілік белдеуі», «Ата заңым – айбыным», «Тілі басқа, жүрегі бір», «Тәуелсіздік – айбарым, желбіре, көк байрағым», «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», «Қызылорда – жырдың кіндігі, Қызылорда – елдің кіндігі», «Желтоқсандағы ерлік, мәңгілікке дерлік», «Көше заңы тым қатал», «Бала құқығы – асыл қазына», «Әдептілік – адамгершілік әліппесі», «Баланың бас ұстазы – ата-анасы», «Ұлдан – ұлағат, қыздан – инабат», «Ұл ұятымен, қыз қылығымен», «Адамды адам ететін де, сұлтан ететін де – Иман», «Болашақ бүгіннен басталады», «Өмір – теңіз, жүзем онда демеңіз, ізгіліктен жасалмаса кемеңіз», «Мен өмірді таңдаймын», «Табиғат туып өскен тал бесігім», «Біз – таза қала үшін», «Табиғаттың тарылтпайық тынысын», «Адамдардың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтуға тілі жоқ», «Біз нашасыз өмірді таңдаймыз», «Дені сау ұрпақ – жарқын болашақ», «Сақтан, ұрпақ, ЖИТС деген қатерден» тақырыбында іс-шаралар білім алушыларды Отан, отбасы, денсаулық, қоршаған орта, өзін тану, әдептілік, сыйластық деген құндылықтарды бағалауға үйретуде маңызы зор.
Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мәселесі қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі. Жасөспірімдер – қоғамның болашағы, сондықтан оларды тәрбиелеуде және қылмысқа жол бермеуде жүйелі жұмыс жүргізу өте маңызды. «Болашақ» университетінің жоғары колледжінде жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алудың 2024-2025 оқу жылына арналған іс-шаралар жоспары, Қызылорда қалалық ІІБ-ның ЖПБ-нің ЮПБ-мен бірлескен жұмыс жоспары бойынша қыркүйек айынан бастап жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Сабақтан себепсіз жиі қалатын білім алушылар анықталып, колледжішілік бақылауға қойылып, ата-аналармен тығыз байланыс жасалады. Әр топ оқушысының әлеуметтік картасы толтырылып, отбасылық жағдайы зерттеледі.
Сондай-ақ Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерлерімен колледж студенттерінің кездесуі, құқық бұзушылыққа қарсы жиналыстар ұйымдастырылып, алкоголь және табак өнімдерінің адам ағзасына тигізер зияны жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізілді. Діни экстремизмге, сыбайлас жемқорлыққа, нашақорлыққа қарсы күрес, салауатты өмір салтын ұстану, суицидтің, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жайлы материалдар қоры жинақталып, көрнекілік түрінде пайдаланылып, жылы бойы түрлі тақырыптарда іс-шараларда қолданылып келеді.
– Топ кураторлары «Діни экстремизм және оның алдын алу жолдары» тақырыбында тәрбие сағаттарын өткізді. «Ислам туралы не білеміз? Экстремизм деген не? Қоғамға тигізер әсері қандай? Экстремизмнің негізгі белгілерін қалай ажыратамыз? Бүгінгі шиеленіскен діни ахуалдың себеп-салдары қандай?» деген сауалдар төңірегінде оқушылар мен оқытушылар ой бөлісті. «Ғаламтор желілері арқылы адамды арбау тәсілдері» атты баяндама, «Ар – адамдық өлшемі, парыз – азаматтың келбеті», «Тегіміз – Түркі, дініміз – Ислам» атты барлық топтарда бірегей тәрбие сағаттары жүргізілді, – деді колледж директорының тәрбие жұмысы бойынша орынбасары.
Осындай тәрбие жұмыстарымен қатар студенттер «Жастардың арасындағы діни сауаттылықты қалыптастыру – елдің қауіпсіздігі мен тыныштығының кепілі» тақырыбында эссе жазу да қолға алынған.
Сондай-ақ колледж инспекторымен бірге жыл бойы жүйелі түрде балалар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтының негіздерін қалыптастыру, зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Ал ай сайын «Нашақорлыққа және синтетикалық есірткіге қарсы іс-қимыл» тақырыбында іс-шаралар, тәрбие сағаттары өтеді.
Жұмыспен танысу барысында «Өткізілген іс-шаралар студент пен мұғалім арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, студенттердің өмірге деген құлшынысын арттырады. Өмірге деген көзқарасын өзгертіп қиыншылықтарға мойымай күресе білуге, күйзелістің алдын алуға көп септігін тигізеді» деді Аида Есенгелдіқызы.
Қаланың сол жағалауында орналасқан «Болашақ» университетінің жоғары колледжіне арналған танысу жұмыстарында оқу ордасы үшін әр студенттің құнды екеніне көз жеткіздік. Мұндай оқу орындары жастардың болашаққа нық қадам басуына септігін тигізіп, қоғамға пайдалы, бәсекеге қабілетті мамандар даярлайтыны сөзсіз.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!