Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Жасанды интеллект институты 2023 жылы құрылды. Иә, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, бағдарламалау, киберқауіпсіздік және деректі талдау бойынша мамандар дайындауға бағытталған институттың берері мол.
Жақында білім ордасына жол түсіп, ішкі тыныстіршілігімен танысып қайттық. Жасанды интеллект институты директорының орынбасары Асхат Елтаев жылы қарсы алып, мекеменің тарихымен таныстырды.
− Институт Кореяның ұлттық қаһарманы генерал Хон Бом Доның есімімен тығыз байланысты. Ол 1943 жылы 25 қазанда Қызылорда қаласында дүниеден өткеннен кейін, есімі екі ел арасындағы рухани байланыстың символына айналды. Осы сабақтастық негізінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен СеулТех университеті арасында ынтымақтастық орнап, жаңа бастаманың іргетасы қаланды, − деді Асхат Елтаев.
Білім мен технология тоғысқан орта
Институттың ішкі дизайны мен оқу форматы да өзгеше. Әрбір аудитория студенттердің жайлылығын ескере отырып жабдықталған әрі заманауи компьютерлермен қамтамасыз етілген.
Сұхбат барысында студенттердің көзінен біліммен қатар болашаққа деген сенімді байқадық. Әрбір жас зерттеушінің идеясы өзіндік бір әлем іспеттес.
Бірінші курс студенті Алижан Олжасұлы қазір Қытайдан келген робот итпен жұмыс істеп жатқанын айтты.
− Жақында робот итке айналып секіру функциясын енгіздік. Қазір ол алға, артқа қозғалып, айналып секіре алады. Сонымен қатар миына 2GIS бағдарламасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұл арқылы ол кез келген бағытқа өздігінен барып, қайта орала алады. Одан бөлек түрлі іс-қимыл көрсетеді. Көзіндегі камерасы арқылы айналаның барлығын бақылай алады. Иттің есімі − Бенбен. Әзірге тек ағылшын тілінде жұмыс істейді, бірақ алдағы уақытта қазақ тілін енгізуді жоспарлап отырмыз, – дейді ол.
Сұхбат барысында біз де робот итпен тілдесіп, амандасып, бірге билеп ерекше әсер алдық. Ал алып робот адам қазір жөнделу үстінде. Осы күні құрылымын жетілдіру бағытында қызу жұмыс бар.
Ал Бекмахан Мұхаммед, Дана Төлепберген мен Айтбай Бекмұхаммед бірігіп, TestUp AI мобильді қосымшасын әзірлеп жатыр. Бұл − ҰБТ-ға дайындықты жеңілдететін жаңа шешім.
− Осы жобаны әзірлеу барысында жеке мектеппен бірге жұмыс істедік. TestUp AI арқылы қолданушылар кез келген пәнді таңдап, дайындық уақытын белгілей алады. Бағдарлама 120-140 балл нәтижесіне бағытталған. Барлық пән мен тілдер қамтылған, жауаптар толық дайын.
Осы жоба арқылы оқушыларға ыңғайлы әрі тиімді орта қалыптастыруға тырыстық. Қазір қосымша тексеріс кезеңінде, ал жақын арада Play Market пен App Store-да қолжетімді болады, – дейді Бекмахан Мұхаммед.
«Білім алуға құштарлығым екі есе артты»
Академиялық ұтқырлық аясында студенттерге шетелде білім алу мүмкіндігі де қарастырылған. Осы орайда Аяжан Махаббат Сеул қаласындағы студенттік өмірімен бөлісті.
− Былтыр Сеул қаласындағы СеулТех университетінде академиялық ұтқырлық бойынша білім алдым. Институт тарапынан тамақ, жатын орын қамтамасыз етілді. СеулТех студенттері көбіне ағылшын тілінде сөйлеседі, сондықтан тіл жағынан аса қиындық тумады. Біздің оқу орнымен ұқсастықтар көп болды. Біздің институтта да техникалық керек жабдықтар толық қамтамасыз етілген. Дегенмен олар оқу процесіне қарағанда өз мәдениетін таныстыруға көбірек мән берді. Қыркүйек айы мен желтоқсанға дейін үнемі мерекелік көңіл күйде жүрдік. Адамдары өте қонақжай, жылы қарсы алды. Оқу жүйесімен тапсырмалар беріп қинаған жоқ, барлығын байсалды, еркін форматта түсіндіреді. Білім алуға құштарлығым екі есе артты, – дейді ол.
Екі ел арасындағы достық пен бірліктің жемісі болған бұл институтта білімге құштар, қабілетті студенттер шоғырланған. Жаңа технологиялар мен заманауи талаптарға сай білім беру жүйесі жас мамандардың дамуына кең жол ашарына сенім мол.
Ақерке ЖАҢАБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!