Коллаж: Kazinform/Pixabay/Freepik/DALL-E
Кейінгі уақытта «Болашақтың» басынан дау арылмай-ақ қойды. Оған себеп те жоқ емес. «Отыз жылдағы олжа қане?» деген қыжыл бір күнде бұрқ еткендей. Көз жұмып қарауға болмайтын кемшілік айтылып, тиімділігін де түгендеп жатыр жұрт. Әрқайсысының айтар уәжі бар. Бағдарлама енгізілгелі бері 922 адам «Болашақ» мәртебесінен мәжбүрлі түрде айырылса, 39 «болашақтық» өмірден озған. Ал 270-ке жуық стипендиаттың Отанға оралмауы істің насырға шабуына түрткі. «Кадр тапшылығын қайтсек оңалтамыз?» деген мәселе әлі де сұрақ күйінде тұр. «Болашақты» жабуға кім, қалай қарайды? Толығырақ мақаламызда тарқатамыз.
Борышы бар «болашақтықтар»
Стипендиаттардың мемлекет жұмсаған қаражатты жұмыспен өтемеуі өзекті болып отыр. Бұған дейін оның тиісті қадағаланбайтыны да сөз болған еді. Расымен, қаржы мониторингі жүйесі дұрыс құрылмаса, гранттардың ұтымды игерілуі де қиындайды. Былтыр депутат Андрей Лукин «Болашақ» бағдарламасы эммиграция құралына айналып кеткенін айтқан болатын.
– Өткен кезеңде шетелдің жоғары оқу орындарында 15 мыңнан астам стипендиат «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыған. Оның 12 мыңға жуығынан арнайы мамандар даярланды. Тиісінше, соңғы 12 жылда бұл мақсаттарға 200 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Алайда, орталық жұмысының дұрыс ұйымдастырылмауы мен Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан тиісті үйлестірудің болмауы салдарынан мамандардың шетелде біліктілігін арттыру үшін бөлінген қаражат ұтымды пайдаланылмай отыр. Ұрлық фактілері де жоқ емес, – деді ол.
Иә, заңсыздық та байқалған. Әу бастағы келісімді қисынсыз бұзу көрінісі жоқ емес. Яғни, стипендиаттардың кепілге алынған мүлкін заңсыз кепілден алу фактілері тіркеліпті. Мұны жоққа шығаруға болмас. Естеріңізде болса, «Болашаққа» қатысты дау шықты. Бұл екі кепілгердің стипендиатқа жақсылық жасаймын деп, жарға жығыла жаздаған оқиғасы. «Болашақ» бағдарламасының бұрынғы түлегі В.Гавриленко кепілге қойған пәтерін кепілден заңсыз шығарып, Ұлыбританияға көшіп кеткен. Ал, болашаққа «жолдама беретін орталық өзі берген құжатты заңсыз деп танып, 30 миллион қарызды қос кепілгердің мойнына ілмек болған. Әйтеуір, резонанс тудырған оқиға шешімін тауып, В.Гавриленко оқу берешегінің толық сомасын өз еркімен өтеуге міндеттелді.
Өткен жылы депутат Андрей Лукин 340 стипендиясынан айырылған және 60 стипендиядан бас тартқан адамдардың мемлекетке қарызы 6,5 млрд теңгені құрайтынын тілге тиек етті. Оның айтуынша, ақшаны мемлекетке қайтару шараларын орталық ұзаққа созып жіберген. Оған орталықта істейтін адамдардың әрекетсіздігі себеп. Тіпті, талай сотта мерзімінің өтіп кетуіне байланысты жеңілген. Ал стратегиялық құжаттың жоқтығы бағдарламаның тиімсіздігін көрсетеді.
Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, 1 мыңнан астам «болашақтықтың» еңбекпен өтеуден жалтару фактісін анықтаған. Соның барысында 532 тұлғаға қатысты ресми хабарлама бағытталып, жұмыс орнынан берілген 1 305 «болашақтықтың» анықтамасы қайта тексерілген. Яғни, борышкер «болашақтықтар» мемлекетке қаржыны қайтаруға тиіс. Енді Күш құрылымдары да шетелдегі тұрғылықты мекен жайын жасырғандарға халықаралық іздеу салуды жоспарлаған.
Негізі келісім мен талапты ескерсек, түлектер шетелдегі оқуын аяқтап, Отанға оралуы керек. Астанада немесе республикалық маңызы бар қалада кемінде 5 жыл, ал облыс орталығында 3 жыл қызмет етуі тиіс. Алайда, түлектер ауыл-аймақта әлдебір жұмысқа қағаз жүзінде орналасып, өзі ірі қалаға басқа қызметке тұрады. Бұл да өтеу мерзімін қысқартудағы тағы бір айла. Ғылым және жоғарғы білім министрлігі бұл мәселеде талапты өзгертіп, жаңа мүмкіндіктерді қарастырмақ. Яғни, шетелде қалып, еңбекпен өтеу мерзімін сонда жүзеге асыруына рұқсат. Тек назар аударатын шарт бар.
– Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі артқан сайын ел түрлі көпжақты бастамалар мен ұйымдарға белсенді қатысып келеді. Қазақстанның осы құрылымдарға кіруі Президенттің жүргізіп отырған саясатына негізделген. Ол халықаралық байланыстарды нығайтуға және мемлекетіміздің жаһандық мәртебесін арттыруға бағытталған. Бұл ретте «Болашақ» бағдарламасының көптеген талантты түлегі БҰҰ, БҰҰДБ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, басқа халықаралық және аймақтық ұйымдарда білімі мен дағдысын тиімді пайдаланып жатыр. Осы мамандардың халықаралық аренада Қазақстан мүдделерін ілгерілетуге қосқан үлесін ескеріп, оның сол ұйымдардағы еңбек қызметін «міндетті еңбекпен өтеу» талаптарына сәйкес деп тану орынды! – деді Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Жаңа стратегия кемшілікті жуып-шая ма?
Кемел келешектің кілті – ғылым мен білім екеніне шүбә жоқ. Сондықтан, шетелде жинаған тәжірибе туған елді түлетуге де негіз. «Болашақ» бағдарламасының нәтижесінде білікті маман атанып, тер төгіп жүргендер бар. Оны жоққа шығармаймыз. Бірақ, «әттеген-айдың» ойландырып қоятыны тағы рас. Деректер де дәлел болып тұр.
– «Болашақ» бағдарламасының жұмыс істеп жатқанына 30 жыл болды. Шетелде мамандарды оқытып, дайындап жатырмыз. Өкініштісі сол, Қазақстан экономикасы әлі дамымай жатыр. Күнімізді шикі мұнайды сатып көріп отырмыз. «Болашақ» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді ме? Оны жабу қажетпе?
Бұл Сенаттың жалпы отырысының кулуарында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке қойылған сұрақ. Жауап былай болды.
– «Болашақпен» өте көп маман оқыды. Қазір олар өз қызметтерін атқарып жатыр. Оның ішінде хирург, инженер, ұстаз мамандары бар. Өкінішке қарай олардың жұмысы (авт.) көрінбейді. Енді Халықаралық бағдарламалар орталығына сол қарапайым қызметкерлерді шығарып көрсету үшін тапсырма береміз.
Өзімнің жеке пікірім, бізге («Болашақ» бағдарламасы) әлі керек. Қазір президент тапсырмалары бар. Жаңа стратегиясы пысықталып жатыр. Мысалы, келесі жылдан бастап жасанды интеллект бойынша арнайы квота және SplitPhD деген бағдарлама енгізіледі. Бұл шетелдік университеттерді қолдау үшін керек. Сондықтан «Болашақ» бағдарламасы қажет. Бізге әлі тиісті кадрлар жетіспейді. Бізде сарапшылар қалыптаспаған бағыттар бар: жасанды интеллект, ядролық энергетика секілді. Сол себепті «Болашақ» бағдарламасын мамандандырылған бағытқа бұрамыз. Ол жұмыс істей береді, – деді Саясат Нұрбек.
Әлемнің 7 университетінде оқыған түлек әрі сарапшы Арайлым Болатқызымен байланысып, жастардың басым бөлігі қай мамандықты таңдайтынын сұрадық.
– Көбі гуманитарлық мамандықты таңдайды. Бірақ бұл техникалық бағытта сұраныс аз дегенді білдірмейді. Қазір көп грант пен квота бөлініп жатыр. Алдағы уақытта техника мамандары көбеймесе азаймақ емес. Мен оқуға түскен жылы 100 бала оқысақ, соның 40-ы қазақ болды. Барлығы техникалық мамандықта оқыды. Қазір олар Air Astana мен ҚазАвтоЖол сынды ірі мекемелерде қызмет етіп жүр. Сондықтан кадр тапшылығын қалыпқа келтіруге болатын сияқты, – дейді ол.
Қуантатыны, жастардың білімге қызығушылығының жоғары болуы. Шетелде оқу бойынша сарапшы кеңесіне жүгініп, сұрақ қоятын ата-ана мен бала көп. Мысалы, Венгрияға тапсыруға жыл сайын студент саны артады екен. Өткен жылы 20, биыл 50 адам тапсырған көрінеді. Сондай-ақ, Польша мен Чехияда оқу бойынша да сұраныс бар. Сарапшының айтуынша, тіпті мұғалімдердің де ынтасы зор.
Жалпы, биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша 555 стипендия бөлінген екен. Оның ішінде 395 стипендия магистратура мен резидентура бағдарламасы, 50-і – докторантура, қалған 110-ы – тағылымдамадан өтуге берілген. Байқасаңыз, дарынды жасқа мүмкіндік көп. Бөлінетін бюджет, грант саны да біраз. Бірақ, білікті маманның шетелде қалып, елімізде кадр тапшылығының түйіні толық тарқамағаны көпті күйіндіретін мәселе. Десек те, министрлік бұған белсенді кірісіп, дарынды жастарды қолдауды жалғастыруда. Өйткені, Ғылым және білім министрі Саясат Нұрбек енді қазақстандық оқушылар да бакалавр деңгейінде білім алуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Бұл «Болашақ» бағдарламасындағы тағы бір өзгеріс. Ал жақында депутат Асхат Аймағамбетов жағымды жаңалықпен бөлісті.
– Жетекші шетелдік университеттер халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына бірден бакалавриатқа грант ұсынады, соның нәтижесінде олар шетелге кетіп қалады. Осы кезеңде біз тиісті қолдау ұсына алмадық, сондықтан жиі мұндай дарынды жастардан айырылып қалдық. Олар тек шетелде білім алып қоймай, кейін сол жақта қалып қоятын еді. Енді «Болашақ» бағдарламасы ең дарынды оқушылар үшін бакалавриаттан бастап қолжетімді болады. Бұл – жас таланттарды қолдап, оларды елде ұстауға мүмкіндік беретін маңызды жаңашылдық. Олар әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алып, кейін елге оралып, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосады. Дарынды балаларды қолдау – олардың болашағына салынған инвестиция ғана емес, бұл Қазақстанның дамуына бағытталған стратегиялық қадам, – деді ол.
Қысқасы, бұл жаңашылдық серпін берсе, көңілдегі күмән де сейілер. Ал, нәтижені көре жатамыз.
«Болашақ» бағдарламасы бізге қажет пе?
Бағдарламаны жабу туралы қоғамда қызу пікірталас болды. Бұған дейін депутат Ирина Смирнова білім жобасы өзіне жүктелген міндетін орындамай отырғанын, қаражатты тиімді жұмсаудың басқа да жолы бар екенін айтқан еді. Әлеуметтік желіде де «болашақтың» болашағын ойлап қызыл кеңірдек болып жатқандар бар. «Болашақтықтардың» біразы шенеуніктің баласы деген ойды да көзіміз шалды. Осы ретте, сарапшы, «Болашақ» түлектері қауымдастығының Алматыдағы директоры Арайлымның пікірін білдік.
– «Болашақ» бағдарламасымен бай-бағланның баласы ғана оқуға түседі деу қате түсінік. Ауылда, қарапайым отбасында дүниеге келдім. Ата-анам мектепте мұғалім. Талпынысым мен талабым жетістікке жетеледі. Сондықтан мұндай қасаң көзқарастан арылған абзал.
«Болашақ» – теңдесі жоқ бағдарлама. Шетелдік достарым «оқудың ақысын төлеп, айына шәкіртақы да тағайындайды, тек сабаққа ғана көңіл бөлесіңдер» деп таңқалатын. Мұның ықпалымен Бразилияға, Оңтүстік Африкаға, Еуропаға барып, 5 тілді меңгердім. Дамудың даңғыл жолын қаладым, – дейді сарапшы.
Ал, енді бірі «Болашақтан» басқа жоба болса да кемшілік кететінін айтады. Жанашырлық танытып отырғандар тек түлектер емес. Керісінше, шетелден білім алып келген мамандар тәжірибесімен бөліскенде мықты екені байқалады деген пікірде. Қысқасы, бағдарламаның жабылуына келгенде пікір сан қилы болып тұр. Мәселен, мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бағдарламаның кемшілігі барын, бірақ оны жабуға қарсы екенін айтты. Оның сөзінше, қателікпен жұмыс істеп, бағдарламаны одан әрі жетілдіруге болады.
– Иә, кемшіліктер бар. Бірақ дәл осы жағдай бағдарламаны жабатындай шешімге әсер етпеуі тиіс. Менің ойымша, бұл мыңдаған қарапайым баланың арманын жүзеге асыра алатын ерекше жоба. Олар әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндік алды. Біздің еліміз 10 мыңнан астам сұранысқа ие кадрларды даярлады, – деді депутат.
Осы ретте, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, Болашақ бағдарламасы «500 ғалым» жобасының стипендиаты Серікхан Жүзеевтің де ойын білу үшін хабарластық.
– Меніңше, «Болашақ» бағдарламасы Қазақстан үшін өте маңызды және қажетті жоба. Бұл бағдарлама еліміздің жастарына халықаралық деңгейде білім алу мүмкіндігін ұсынып, жаңа дағдыларды меңгеруге, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуға және шетелде тәжірибе жинауға жол ашады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Болашақ бағдарламасының аясында «500 ғалым» жобасы жүзеге асырылып келеді. Ол университет ғалымдарын дамыған мемлекеттерде ғылыми тағылымдамадан өтуіне қолдау көрсетеді. Соның нәтижесінде қазіргі уақытта Ұлыбританияның University of Reading университетінде тағылымдамадан өтудемін.
Болашақ бағдарламасы Қазақстан үшін тек білім беру мүмкіндігі ғана емес, сондай-ақ білікті мамандарды даярлауға бағытталған стратегияның бір бөлігі. Шетелде білім алған жастар елге оралғанда, білімі мен дағдыларын түрлі салада қолданады. Демек, бағдарлама арқылы халықаралық тәжірибені игеріп, оны еліміздің білім беру, денсаулық сақтау, экономика және ғылым салаларын дамытуға пайдалана аламыз.
Қазіргі таңда әлемдегі ең үздік университеттерде білім алу мүмкіндігін беретін мұндай бағдарламалар көп емес. Мысалы,АҚШ-тағы «Fulbright» бағдарламасы туралы айтайық. 1946 жылы құрылған бағдарлама шетелден келген магистранттарға, интерндерге және суретшілерге АҚШ-та білім алуына ықпал етеді. Бағдарлама түлектерінің қатарында 60 Нобель сыйлығының лауреаты, 75 Макартур стипендиаты және 89 Пулитцер сыйлығының лауреаты бар. Сонымен қатар, Еуропадағы «Erasmus Mundus» және Ұлыбританиядағы «Chevening» бағдарламаларыәлем бойынша жоғары бағаланып, жастарға үлкен мүмкіндік ұсынады. Бұл бағдарламалар да білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған, бірақ Болашақ бағдарламасының өз ерекшелігі бар. Яғни, ол еліміз үшін арнайы жасалып, тек қазақстандық жастарға ғана ұсынылады. Болашақ бағдарламасы – еліміздің болашағына салынған инвестиция. Меніңше, әр степендиаттың ойында «обал, сауап, борыш» қағидасы болуы керек, – дейді ол.
ТҮЙІН. Байқағанымыздай, бағдарламамен түбегейлі қоштасқаннан гөрі, оны реформалау тиімді шешім деп танылып отыр. Министрлік те мәселені майшаммен қарауға кіріскен сыңайлы. Ендігі өзгеріс – уақыт еншісінде.
Замира ҚОНЫСЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!