Фото: astanatv.kz

Биыл алғаш рет «Болашақ» халықаралық стипендиясына және «500 ғалым» тағылымдамасына құжат қабылдау үздіксіз жүргізіледі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

2024 жылы құжат қабылдау рәсімі 29 сәуірде басталып, 25 қазанда аяқталады. Іріктеу 10 мамырдан 30 қарашаға дейін жүргізіледі.

«Болашақ» стипендиясына құжаттар eGov.kz. порталы арқылы қабылданады, ал «500 ғалым» тағылымдамасы бойынша өтінімдер алғаш рет bolashak.gov.kz-тегі «Үміткердің жеке кабинеті» бөлімінде онлайн жүргізіледі. Басымдық инженерлік-техникалық және медициналық мамандықтарға беріледі», – деп жазылған хабарламада.

Биыл «Болашақ» бағдарламасына 555 стипендия бөлінді. Оның ішінде 395 стипендия магистратура және резидентураға, 50 стипендия докторантураға, 110 стипендия тағылымдамадан өтуге бөлінді.

Басым мамандықтар тізбесі орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өтінімі, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді даму стратегиясы мен жоспары бойынша қалыптастырылды.

Сондай-ақ «500 ғалым» бағдарламасы қазақстандық ғалымдарға әлемнің беделді университеттерінде біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Жыл сайын аталған бағдарламаға 500 стипендия бөлінеді.

Үміткерлерге қойылатын талаптарды, басымдық берілетін мамандықтар тізбесін, университеттер мен ғылыми орталықтардың тізімін bolashak.gov.kz сайтынан көруге болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!