2030 жыл… Тәуелсіз Қазақстан көпвекторлы саясатты ұстанатын, зайырлы қоғам мәдениетін қалыптастырып отырған, көпұлтты этностың достық нышанының, бейбітшілік пен татулықтың жоғары үлгісін әлем елдері алдында кеңінен насихаттап отырған Орта Азия «барысына» айналған мемлекет.

Халқымыздың ежелден қалыптасқан мәдениетінде – жырларымыз бен күйлеріміздің, абыз ақындарымыз бен батырларымыздың уызы көрінеді. Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздері әлемнің алпауыт деген бірнеше елдерінің тілдеріне аударылған, жерлес жазушы атамыз Әбдіжамал Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романы әлемдік бестселлер деп мойындалды, режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі Халықаралық сарапшылардың мойындауымен бірнеше шет тілдерге аударылып, сол елдерде көрсетілді, Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» құпиясын әлемнің белгілі тарихшылары әлі күнге дейін қызыға зерттеуде, Арал теңізінің Қазақстан аумағындағы Кіші Арал бөлігі суға толып, шалқыған теңіз қайта түлеген…
2030 жыл. Наурыз айы. Қала көшелері, мекеме атаулары, сауда орындары мен қоғамдық қызмет көрсететін орындар атаулары тек мемлекеттік тілде жазылып, көрсетілген. Көшеде жүрген бойжеткен қыздар басына қазіргі заманауи үлгіде тігілген тақия киген. Кеудешелері де қазақы ою-өрнектермен көркемделген. Қайсысына қарасаңыз да, әсем жарасып-ақ тұр, өздері әп-әдемі. Жігіттер болса, ою-өрнегі бар костюмдерімен нағыз серілердей көрінеді сыртынан. Бір қарағанда, бүгінгі Наурыз мейрамы өтіп жатыр ма дерсің, сөйтсек,… бұл 2030 жылдардағы мен көретін Қазақ елінің бір ғана қаласындағы көрініс. Мұнда ұлттық құндылықтарға басымдық берілген. Тіпті, елімізде тұрып жатқан басқа ұлт өкілдері де қазақ тілінде еркін сөйлеп, қазақы салт-дәстүрілерімізді өз тұрмыстарында кеңінен қолданатын болған.
Қала орталығындағы дәмханалардың біріне кірдім. Дастархан мәзірінде бауырсақ, жент, жәппай нан, майсөктен бастап, ет сорпасы, қуырылған балық, қуырдақ пен қазы-қарта, қысқасы ұлттық тағамдарымыздың бәрі бар екен. Мен отырған үстелдің оң жағында жасы 18-20 шамалас төрт жігіт отыр. Орталарында шұбат пен қымыз, таудай қып үйілген сап-сары бауырсақтар. Бір кітапты көрсетіп, ішін парақтап, қызу әңгімелесіп отыр екен өздері.
Наурыздың 24-і еді. Үйге келісімен теледидарды қостым. Бірнеше телеарналарды қарап шықтым. «Бір болайық!», «QosLike» бағдарламалары көрсетілмейді. Эфирден алыныпты. «Маска» телешоуы да тоқтатылған. Есесіне, 31-арнадан «Селтеткізер», «Ұйқыашар» бағдарламалары жастар арасында танымал. Мұнда жастардың екеуара сөз жарыстырып отырғанын көрмейсің…Бағдарламаға қатысушылар мәдениеттілікті, студия алаңындағы әдепті қатаң сақтайды екен.
Аптасына бір рет әр сенбі күні «Балапан» телеарнасынан «Кел, балалар, оқылық» бағдарламасы жүреді. Мұнда 5-7 сынып аралығындағы мектеп оқушыларының пәндер бойынша білім сайысы өткізіледі. Оқушылар тоқсан сайын әр пәннен өткен білімін сарапқа салып, білім шыңына көтерілуде.
Менің болашақ мамандығым – тіл маманы және мен сіздерге өз ойымдағы арманмен, елімізді алда қандай белестен көргім келетінін баяндадым.
Өзім Қызылорда облысының тумасымын. Қызылорда қаласында жергілікті “Қазақстан-Қызылорда” және “ҚоғамТВ” телеарналары жұмыс істейді. Егер журналист мамандығын игеріп, өз кәсібімді телевизия саласына арнайтын болсам, әуелі республикалық беделді телеарналарда іс-тәжірибеден өтіп, осы саланың қыр-сырын толық меңгеріп, одан кейін өз қаламда – Қызылордада “Nurai-Art-media” телестудиясын ашар едім.
Телестудиямның басты форматы – жастарға арналған ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерімізді насихаттайтын танымдық бағдарламалар көрсету. Қазақ жастарының заманауи ұлттық киім үлгілерін, қазақ жастарына тән ұлттық ойындарды жаңғырту, ұлттық өнерімізді дәріптеу, балаларға арналған танымдық бағдарламаларды және елімізге қажетті бүгінгі заманғы инновациялық ақпараттарды телекөрермендерге тарату және осы бағыттағы телебағдарламаларды шетел тілдеріне тәжімалап, телеарналарына шығару арқылы қазақ жастарының ұлттық болмысын, төл мәдениетімізді, көреген дәстүрімізді паш ету.
Бұл мақсатта студия базасына орыс, ағылшын, түрік тілдерін жақсы меңгерген аудармашыларды және сөйлеу мәдениеті, дауыс тембрі бойынша талантты деген жас мамандарды тартып, олардың да өз мамандықтары бойынша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етер едім.
Бүгінгі қоғамда қай саланы алсақ та, ақпараттық-технологиялық прогресс қарқынды әрі жан-жақты дамуда. Міне, осындай жылдам ілгері дамушылық көшінде еліміз бір адым кейін қалмауы тиіс. Ал, барлық тың жаңалықтар, соның ішінде білім-ғылым, экономика, мәдениет, спорт, денсаулық және т.б. құзыретті салаларда ақпараттарды жедел және тиімді қолдана білу телеарналар мен оларға сапалы телевизиялық тауарларды жеткізіп отыратын нысан – телестудиялар болып табылады.
Батыс, Еуропа, Ресей және бізге жақын туыстас ел Түркия телеарналарымен келісім шарт жасай отырып, олардың ең озық деген танымдық хабарларын, жоғары сортты кинофильмдерін, балалар сүйіп көретін мультфильмдерді, сондай-ақ түрлі салалардағы тың жаңалықтардан хабардар ететін телебағдарламаларды қазақ тілінде сөйлетіп, отандық телеарналарға өз студиямның патенттелген тауары ретінде өнімдерді сатылымға шығарып, оның республикалық телеарналарда кеңінен таралуына атсалысар едім. Бұған қоса, өзіміздің қазақстандық телебағдарламаларды шетел тілдеріне аударып, ақпараттық өнімдерімізді елімізден тыс аймақтарда телеарналарда таралуын болашақ журналист ретінде өзіме мақсат етіп қоямын.
Осы мақсатқа жетуім үшін алдымен мамандығымды барынша сапалы әрі бәсекеге қабілетті деңгейде меңгеруге тиіспін.
Қорыта келе, жаһандану заманында дамыған елдердің озық үлгілерінің ішінен жақсысын алып, көш басында қалыс қалмағанымыз абзал. Алаш қозғалысының қайраткері, ақын Мағжан Жұмабаевтың өлең жолдарында айтылғандай: «…Көздерінде от ойнайтын, сөздерінде жалыны бар, арын жаннан қымбат қоятын», ұлттық кодымызды жаңғыртуға серпіліс жасайтын қазақ жастарының жігері жалындасын!

Нұрай ЕГІЗБАЕВА,
І.Қабылов атындағы №12 ІТ мектеп-лицейінің оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!