Кеше Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен қабылданған Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні аталып өтті. Бұл күн әйелдер мен қыздардың ғылым мен технологиядағы шешуші рөлін мойындауға, STEM (ғылым, технология, инженерия және математика) салаларында әйелдер мен қыздардың гендерлік теңдігі мен мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған. Осы ретте «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты жанындағы орталықтар жүзеге асыратын 5 ынталы жобаның төртеуін ғалым әйелдер мен қыздар жетекшілік жасап отырғанын және орындаушылардың басым бөлігі нәзік жандылар екендігін айтқымыз келеді.

«Құқықтық мәдениетті арттыру және мемлекеттіліктің негіз қалаушы құндылықтарын құрметтеуді қалыптастыру» ынталы жобасына заң ғылымдарының кандидаты Г.И. Аргинбекова жетекшілік жасайды. Зерттеушілер тобы құрамындағы магистрлер Р.Р. Қындыбаева, А.М. Абдукерова, Ж.Ө. Бекманова ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді түрде айналысуда. Құқықтық мәдениетті арттырудың негізгі жолдарының бірі ретінде білім беру және ағартушылық бағдарламалары саналады. Құқықтық білім, сот төрелігіне қолжетімділік, адам құқықтарын қорғау, қоғам мүшелерінің саяси өмірге белсенді қатысуы, этикалық көшбасшылық, ашықтық және халықаралық ынтымақтастыққа басымдық берген қоғам өздерінің құқықтық мәдениетін дамытады және ұлттың іргелі құндылықтарын құрметтеуге ықпал ете алады. Аталмыш жоба нәтижелері заң үстемдігі мен демократиялық қағидаларға негізделген әділ және тұрақты қоғам құру үшін маңызды деп ойлаймыз.

Педагогика ғылымдарының докторы, професссор Қ. Аймағамбетова «Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту» ынталы жобасының зерттеушілері тобын басқарады. Зерттеушілер тобында Р.Қ. Есенова, Г.Ж. Сәдуақасова, А.Д. Есқараева және Ә.Т. Зұлхарнаева бар. Бұл жоба бастауыш сынып оқушыларының қалыптасу кезеңіндегі шығармашылық әлеуетін тәрбиелеу және арттыруда маңызды рөл атқарады. Осы ынталы ғылыми жобаны жүзеге асыру арқылы орындаушылар бастауыш сынып оқушыларының шығармашылығын дамытатын және оларды тез өзгеретін ортада жетістікке дайындайтын ұсынымдарға ерекше мән береді.

«Сыр бойының рухани мұрасы» зерттеліп жатқан ынталы жобаға филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ж. Нұрсұлтанқызы жетекшілік жасайды. Зерттеушілер тобында филология ғылымдарының кандидаты А.Ө. Байдаулетова, магистр Л.Е. Сапартаева бар. Ынталы жоба Сыр өңірінің бай мәдени-рухани мұрасын зерделеу, сақтау және насихаттауға бағытталған. Бұл жоба аймақтың тарихи және мәдени динамикасын түсіну және өңір тұрғындары арасында мақтаныш сезімін қалыптастыру үшін маңызды.

 «ЖОО-дағы білім беру және тәрбие жұмыстарындағы психологиялық мәселелер» ынталы жобасын магистр М.Д. Қасымбекова басқарып отыр. Бұл жобада С.З. Балмаханова, А.О. Жәрімбет өз зерттеулерін жүргізуде. Кешенді, бірлескен және студентке бағытталған көзқарастар негізінде жүзеге асырылып жатқан ғылыми жоба студенттердің психикалық денсаулығы, әл-ауқаты және академиялық жетістіктерін ілгерілететін жағымды орта жасауға ықпал ететін нәтижелер алатынына сенеміз.

«Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты жанындағы орталықтардағы әйелдер мен қыздар алдағы уақытта жүзеге асырылатын 2 ынталы жоба әзірлеуде. Педагогикалық ғылымдарға бағытталған зерттеулерде мектепке дейінгі білім, дефектология мен логопедия салаларындағы мәселелерді қарастыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда бұл жобалардың жоспарларын Н.Ә. Түнғатова, С.З. Балмаханова, Т.Қ. Байдос, А.Ә. Рысқұлова, Ф.Қ. Шакен, Ұ.Ж. Жүнісова және  Г.Б. Баймағанбетова дайындауда.

​Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні бір күндік мереке болғанымен, оның ықпалы 11 ақпаннан кейін де көрінеді. Атаулы күннің ықпалы кедергілерді жою, стереотиптерді жеңу және әйелдер мен қыздардың ғылым мен технологияға маңызды үлестерін қосатын жағымды ортаны құру бойынша үздіксіз күш-жігерді арттыруды көздейді.

«Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!