«Ақмешіт колледжі» − техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы бәсекеге қабілетті оқу орнының бірі. Білім ошағы 2004 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің №353 бұйрығымен Қызыл­орда инженерлік-экономикалық институтының жанынан ашылды. Оқу орны еңбек нарығының талаптарына сәй­кес аймақтың экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытуға қатысады. Колледж өңірдің кәсіпорындарымен тығыз байланысып, колледждермен және мектептермен бірлесіп жұмыс істейді. Ақмешіт колледжі 2019 жылы Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінен (НААР) халықаралық институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден өтті. Колледж әкімшілігі табандылығы мен нәтижелі жұмыстарды ұйымдастыруының арқасында аккре­дитациялау сараптау комиссия мүшелері колледжге  оң  баға  берген.  Білім  ордасының бүгінгі тыныс тіршілігі туралы колледжі директорының міндетін атқарушы Көктем Ақарысұлы тарқатты.

Болашаққа батыл қадам басқан білім ошағы

Көктем ЕРІМБЕТОВ, Ақмешіт колледжі директорының міндетін атқарушы:

− Оқу орнында бүгінде 35 мамандық бойынша  601 студент білім алуда.

2021 – 2022 оқу жылы еңбек нарығының сұ­ра­нысына сай бәсекеге қабілетті кәсіби маман­дар даярлау мақсатында «Бастауыш білім бе­ру педагогикасы мен әдістемесі», «Дене тәр­биесі және спорт», «Электрмен қамтамасыз ету (салалар бойынша)», «Автомобиль көлі­гіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Есеп және аудит», «Агрономия» мамандықтарына студенттер қабылданды. Біздің басты мақсатымыз − сапалы білім беруді қамтамасыз ету. Ауыл жастары, аз қамтылған және көп балалы отбасының балаларына  білім алуына ақылы негізде оқуға қабылданған  студенттерге 30 пайыз көлемінде оқу ақысына жеңілдіктер берілді.

Болашаққа батыл қадам басқан білім ошағы

Оқу орнын сапалы маман даярлау үшін қажетті материалдық техникалық базасын жаңартып, кабинеттер, зертханалық бөлмелер талапқа сай жасақтаған.  Студенттердің  сабаққа дайындалуына, дене тәрбиесі және шығармашылық жұмыстармен айналысуына  барлық қажетті жағдайлар жасалған. Колледждің 3 оқу корпусы, 50 адамға арналған студенттік асханасы, спорт зал, 50 адамға арналған жатақхана, 200 орынға арналған акт залы, 100 орынға арналған мәжіліс залы,  тарихи танымдық, этнографиялық музейі және оқу-зертханалық кешені бар. Алғашқы медициналық көмек көрсету үшін медициналық пункт жұмыс істеп тұр.

Студенттердің сабаққа өз бетінше дайындалуып және өзін-өзі оқыту тиімділігі үшін интернетке қосылған компьютерлік сыныптар жұмыс істейді.

Барлық оқу аудиториялары қажетті техникалық оқу құралдарымен, көрнекі құралдармен жабдықталған. Кітапхана «KazSoft» компаниясы құрастырған «КАБИС-2.1» бағдарламасымен жұмыс жүргізеді. Кітапханада абонемент, оқу залы, электронды оқу залы қызмет көрсетеді.

Болашаққа батыл қадам басқан білім ошағы

Бүгінгі білім берудің өтпелі кезеңінің талабына сәйкес «Ақмешіт» колледжі де өзінің алдына жаңа міндеттер қойып, оны неғұрлым үйлесімді шешуге ұмтылыс жасауда. Биылғы  оқу жылынан бастап білім берудің кредиттік оқу жүйесіне көшкен. Кредиттік жүйемен оқытудың басты ерекшелігі − әлемдегі білім берудің ең үздік технологиялық тәжірибелерін қолдана отырып, елімізге қажетті мамандарды сапалы дайындап шығару. Мұнда бұрыннан қолданылып жүрген оқытудың әдіс-тәсілдерімен қатар, жаңа идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік бар.

Тәрбие және мәдени-көпшілік жұмыстар қазіргі заман талабына сай, ұлттық рухани құндылықтарды бойына сіңірген, білімі мен шығармашылық әлеуетін ел дамуына жұмсайтын сапалы мамандар даярлауға бағытталған.

Студенттердің әлеуметтік белсенділігін дамыту және қолдау мақсатында  облыстық «Жастар ресурстық орталығы», «Жас Отан» жастар қанатымен бірге түрлі іс-шаралар өтеді. Республикалық «Қазақстан Еріктілерінің Лигасы» жастар ұйымының аймақтық орталығы аталмыш оқу орнында орналасқан.

 Білім ошағында «Ақмешіт тайм» бағдарламасы қалың оқырманға жол тартқан. Оқу орнының қабырғасында түсірілетін бағдарламаға әр сала майталмандары, колледж түлектері, үздік оқушылар келіп, өзекті мәселелерді ортаға салады. Кәсіби бағдар беру жұмыстары аясында «Достық керуені», «Квест», «Ханшайым» сынды тың дүниелер мектеп оқушыларымен бірлесе атқарылды.  Биылғы оқу жылында оқу орнының табалдырығын аттаған 1 курс студенттеріне «Welcome balmuzdaq» атты жаңа бағытта қабылдау кеші ұйымдастырылып, қатысушыларға балмұздақтар мен лоторея сыйлықтары үлестірілді.

Білімді де, белсенді студентке артылар сенім сол. Сондықтан колледж оқытушылары студенттердің қызығушылығын арттырып, белсенділер қатарын толықтыру мақсатында білім, интеллектуалды сайыстар, өнер кештерін өткізіп, спорттық турнирлерді дәстүрлі түрде өткізеді. Студенттерден құралған колледж командасы қалалық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жоғары табыстарға қол жеткізіп жүр. Бір қуанарлығы, оқу үздіктері мен колледждің қоғамдық өміріне белсене араласқан үлгілі студенттер мемлекеттік мерекелерге орай ақшалай сыйақымен көтермеленіп отырады екен.

Ынталандырудан соң жастардың жетістіктері де жоқ емес. Өткен  жылы Қызылорда облыстық Жастар ресурстық орталығы Тәуелсіздігі күніне  орай  өткізген   «Интеллектуалды Ұлт» брейнрингінде Ақмешіт командасы ІІ дәрежелі  дипломмен марапатталды. И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінде «Техникалық және кәсіптік білім беру» ұйымдарының студенттері арасында өткен «Мамандығым − мақтанышым» атты қалалық сайыста оқытушы жетекшілігімен ОП-18о оқу тобының  студенті Айдос Қасымбек жүлделі І-орынды иеленді.  Мұнан бөлек, «Болашақ»  университетінің  жоғары колледжінің «Педагогикалық мамандықтар пәндері» бірлестігінің   апталығы  аясында  ұйымдастырылған «Ыбырай-қазақ халқының  сөнбес шырағы» атты  онлайн  байқауының   жеңімпазы НО -20о оқу тобының   студенті Айсенім Махмуталиева жеңімпаз атанды.

Бос уақытын спорттық үйірмелерде өткізетін жастар осы жылдың   14-17 қыркүйек аралығында өткен самбо күресінен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында «Дене тәрбиесі  және спорт» мамандығы бойынша  Фис-21о оқу тобының студенті Нұржан Тұмырзаев І және Мақсат Елеусінов жеңіске жетті. Қармақшы ауданында  өткізілген  ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әділбек Серікбаевты еске алуға арналған самбодан жасөспірімдер арасындағы облыстық турнирде Мақсат Елеусінов І орынды иеленді.

Ұлжанай ИБАДУЛЛА,  «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығының 1 курс студенті:

− «Ақмешіт» колледжінің жұмысын әлеуметтік желілердегі белсенділігінен байқадым. 10 сыныптан бастап үйдегі ата-анамызбен мамандық таңдау, оқу орнын таңдау жөнінде ақылдастым. Мен Жаңақорған ауданы, Қаратөбе ауылында тұрамын. Сондықтан жатақханасы бар оқу орнында ескердік.  Бүгінде күнделікті сабақтар, куратор, жаңа орта, жаңа достар, жаңа мекен барлығы қатты ұнады. Мемлекеттік тапсырыс аясында грант негізде білім алудамын. Өзімнің дұрыс таңдау жасағаныма қуаныштымын. Небәрі 1 айға жуық уақыт ішінде бірнеше керек нәрселерді үйрендім. Оқу орны студенттерге жайлы. Білім аламын, өз-өзімді дамытамын деген жасқа бәрі бар. Оқуды ойдағыдай бітіріп, жақсы маман иесі болуды армандаймын.

Расымен «Ақмешіт» колледжі танымалдылығын арттырып келеді. Оқу орнының мәртебесін қысқа уақытта осылайша орнықтыру, таныту, мойындату – оңай шаруа емес. Ол – ұжым мүшелерінің бекем бірлігінің, қажыр-қайратының, терең ізденістерінің, төккен терінің, өз ісіне деген жауапкершілігі мен адалдығының жемісі. Университеттің білім беру қызметін заман талабына сай өркендету бағытында талай асуларды бағындырдық, алдағы белестеріміз де ауқымды. Алғашқы қадамны нық басқан білім ошағының болашағы баянды, келешегі кемел болатынына сенімдіміз!

Гүлбану МАҚАЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!