Қоғам белсендісі Аида Жексенова Астанада 9-сынып оқушысының буллингтің құрбаны болғанын мәлімдеді. Бұл туралы қыздың әкесі айтқан. Белсендінің сөзінше, болған жағдайға көз жұма қараған мектеп әкімшілігі мұны «балалар арасындағы жанжал» деп бағалаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
15 жастағы қыз Астанадағы №71 мектеп-лицейде оқиды екен. Болған жағдай туралы ол сыныптасы бетінен ұрған соң айтқан. Мұны естіген әкесі бірден мектеп әкімшіліге барыпты. Ата-аналар жиналысы өткен соң мектеп өкілдері мұны «түсінбеушілік және балалар арасындағы жанжал» деп түсіндірген.
«Бұдан кейін баланың тарапына агрессия одан әрі күшейген, себебі сыныптастары оны «тоқылдақ» деп атаған. Әкесі сыныптастарының чатындағы хаттардың скриншотын жіберді. Мұнда оқушылардың бірі «мұндай әрекет үшін түрмеде өлтіріп тастайтынын» жазған», – дейді Аида Жексенова.
Болған жағдай туралы қоғам белсендісі оқу-ағарту министрінің баспасөз хатшысына мәлімдеген. Сонымен қатар мектеп әкімшілігі тарапынан шара қабылдамағанына шағымданды. Сөзінше, 2022 жылдың 21 желтоқсанында қабылдаған заңнамаға сәйкес жұмысқа медиатор, буллинг жасаған оқушылар мен олардың ата-анасы тартылмаған.
«Бүгін таңертең жеке нөміріме лицей өкілі хабарласып, даудың шешілгенін айтты. Қызбен психолог жұмыс істеп жатыр. Мен “Жанжал мен буллингтің айырмашылығын білесіз бе?” деп сұрадым. Білмегендер үшін айтайын, жанжал – екі тарап та тең болатын қысқа мерзімді құбылыс, ал буллинг құрбанға бағытталған жүйелі әрекеттер. “Жанжал 4 жылға созылуы мүмкін бе?” деп сұрадым», – деп қосты ол.
Мектеп өкілі Аида Жексеноваға қыздың отбасындағы психологиялық ахуалдың дұрыс емес екенін және әкесінің агрессивті екенін жеткізген. Кейін қоғам белсендісі ресми жауап алған екен.
«Астанадағы №71 лицейдегі 9-сынып оқушылары арасындағы жанжал дерегі бойынша сабақ кезінде оқушылар арасында дау болғанын хабарлаймыз. Мектеп әкімшілігі, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша менеджер мен сынып жетекшісі оқушылар және олардың ата-анасымен сөйлесті. Жанжал шешілді. Оқушылардың өздері буллинг болғанын жоққа шығарып отыр. Балалармен психолог жұмыс істеп жатыр», – делінген ресми жауапта.
Қоғам белсендісі буллингке қатысты құжат қабылданғанымен, оның қағаз жүзінде ғана қалатынын айтады. Себебі мектеп басшылары өз орнынан айрылып қалмауы үшін мұндай деректерді жария етпейді, дейді ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!