2021 жыл ұстаздар қауымы үшін жақсы жаңалықпен басталды. «Педагог мәртебесі» туралы заңға сәйкес ұстаздардың кәсіби құқығы қорғалып, жалақасы 25%-ға артса, шеберлігі үшін жалақыға 30 бен 50 пайыз аралығында қосымша ақы төленеді. Облыста білім беретін 22 мыңға жуық мұғалімнің 55 пайызы қосымша үстемақы алады. Сондай-ақ мектептерде тәлімгерлік, магистрлік дәрежесіне қосымша төленсе, сынып жетекшілігі мен дәптер тексеру үшін төлемдер екі есеге көтерілді. Бұдан бөлек, биыл қаңтар айынан бастап Қазақстандағы білім беру ұйымдарының барлығы «Цифрлы бухгалтерия мен қаржы» жүйесіне көшеді. Енгізілген жаңа жүйенің тиімділігін сараласақ.

Білім және ғылым министрлігінің жаңа жүйені енгізудегі мақсаты – көпшілік үшін білім саласындағы қаржыландырудың ашықтығын және тиімділігін бақылауды қамтамасыз ету. Бухгалтерияны, кадрларды, есепке алу мен бюджетті жоспарлауды автоматтандыру сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қаржыны тиімді пайдалануды арттыруға жағдай жасайды. Білім саласында жұмсалған әр тиынға қатысты ақпарат министрлік, басқа құзырлы мемлекеттік органдар, және азаматтық қоғам өкілдеріне қолжетімді болады. Бастапқыда жоба пилоттық режимде 530 білім беру ұйымында іске қосылған. Атап айтар болсақ, Нұр-Сұлтан қаласы мен Павлодар облысындағы білім беру ұйымдарында пилоттық жоба ретінде апробациядан өтті. Білім басқармасының басшылары мен мектеп директорлары аталған жобаға оң баға берген. Жүргізілген пилоттық жобаның нәтижесінде тек елордада бюджет қаражатынан бірнеше мллиард теңге үнемделіп, білім беру ұйымдарының қаржылық қызметі реттелген. Бухгалтерлік және салық есебін алу барысында бұзушылықтар саны едәуір қысқарып, шығын азайған.

– Білім беру саласын қаржыландыру жылдан жылға артып келеді. Әрине, оның қаншалықты жеткілікті немесе жеткіліксіз екені туралы көп айтуға болады. Алайда сол бөлінген қаражатты тиімді пайдалану маңызды. Тағы бір мәселеге тоқталайын. Көпшілік мектептерді, балабақшалар мен колледждерді Білім және ғылым министрлігі республикалық бюджет есебінен қаржыландырады деп есептейді. Одан бөлек жалақының уақытылы және дұрыс есептелуі, оқулықтарды сатып алу немесе білім беру ұйымдарындағы жөндеу жұмыстарын да министрліктің өзі тікелей жүргізеді деп ойлайды. Бірақ іс жүзінде олай емес. Заңға сәйкес бұл жұмыс әкімдіктің құзырында. Елімізде білім беруді басқару органдарының саны 200-ден асады, яғни, қаржыландыру да сол қала, аудан мен облыс бюджетінен өтеді. Әкімшілендіру деңгейі әртүрлі әрі көп болған соң оларды қадағалап отыру өте қиын, – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов.

Жаңа жүйе қолданысқа енсе, бухгалтериямен қоса бюджетті жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, тарификациялау, жұмысқа алу процестері де автоматтандырылады. Бұл – білім саласына бағытталған қаржыны ашық әрі тиімді пайдалануды қоғам болып қадағалауға болады дегенді білдіреді. Бірақ экономист сарапшы маманның пікіріне сүйенсек, жаңа жүйе қолданысқа енсе, бухгалтердің 40 пайызы жұмыссыз қалуы мүмкін.

– Цифрлы бухгалтери – білім саласындағы қаржы айналымын ашықтыққа бағыттау мақсатында жасалған қадам. Бұл бастамаға экономист маман ретінде оң баға беремін. Осы уақытқа дейін білім саласына бөлінген қаржының қалай игеріліп жатқаны түсініксіз болатын. Кей аймақтарда директоры мен бухгалтері бірігіп, қомақты қаржы жымқырғанын да естіп, етіміз үйреніп кетті. Жүйе қолданысқа енсе, осындай олқылықтың орнын жояды. Білім саласындағы көлеңкедегі қаржы да ашық бақыланады. Бірақ бұл жерде екінші мәселе бар. Келешекте бухгалтерлердің 40 пайызы жұмыссыз қалу қаупі басым. Дегенмен министрлік үшін жүйенің жұмыссыздықтан бұрын тиімді тұсы көп. Әр мектеп жеке бухгалтер жалдамай, цифрлі жүйеде жүргізілсе, біршама қаржы үнемделеді. Одан бөлек, мемлекеттік сатып алу жүйесі де біршама реттеледі. Яғни сапасыз тауардан құтылуға мүмкіндік береді, – дейді экономист Мақсат Халық.

Білім беру саласы мемлекет тарапынан ең көп қаржыландырылатын салалардың бірі екені белгілі. Аталған жоба жалақыны дұрыс есептемеу, қаржылық бұзушылықтар, жоспарлау, қаржыландыру кезіндегі проблемаларды шешуге және білім беру мекемелерінің қаржылық жағдайына жедел мониторинг жүргізуге жақсы мүмкіндік береді дейді мамандар. Қарапайым тілмен айтқанда, «Бұлтты бухгалтерия» жүйесі жемқорлықтың алдын алып, мұғалімдердің жалақысына және мекемелерге сатып алынатын тауарға қатысты түрлі даулы мәселеге де нүкте қояды деп сенейік.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!