Бүгінде мектеп жасындағы оқушылар арасында бір-біріне күш қолдану, әлімжеттік көрсету белең алып барады. Turkystan.kz тілшісі аталған жағдайларға байланысты балалар психологы Әсем Ілесбайдың пікірін білді.

«Расымен қоғамда жасөспірімдердің қатысуымен жасалатын қылмыстық оқиғалар азаймай тұр. Бұл дабыл қағарлық жағдай. Алдын алмаса, зардабы ауыр болуы мүмкін. Мұндай оқиғалар көбінесе ата-ананың бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлмеуінен болады. Өйткені, отбасындағы атмосфера баланың дамуына ерекше әсер етеді.

Баланың бойындағы мінез-құлықтың қалыптасуына ортасы мен ата-анасының қосар үлесі басым болатынын ұмытпауымыз керек. Тез еліктегіш келетін мектеп жасындағы оқушылар жаман ортаға тап болса, оның мінез-құлқы бұзылып, жаман әдеттерді бойына тез сіңіреді. Сондықтан әр ата-ана перзентіне көңіл бөліп, оның жақсы ортада жүруіне, жақсы азамат болып өсуіне барынша жағдай жасауы қажет. Бала 15-16 жасында ақ пен қараны ажыратып, тұлға ретінде қалыптаса бастайды. Осы уақытта әкесі ұлымен, анасы қызымен көбірек сырласуы тиіс. Қажет болған жағдайда баланы арнайы мамандарға да көрсетіп алған жөн», – дейді психолог.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!