Қазақстанда ҰБТ өтіп жатыр. Тест тапсыру кезінде қулығы әшкере болған талапкерлер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев Instagram-дағы парақшасында жазды.

Оның айтуынша, ҰБТ-ны оңай тапсырғысы келетін талапкерлер ұялы телефон, жасырын камера, микроқұлаққаптар, қағаз шпаргалканы пайдалануға әрекет жасайды.

«Биыл 18-рет өтіп жатқан ҰБТ-ның алғашқы аптасында 22 талапкер тестілеуге кіргізу кезінде, ал 21 талапкер тестілеу барысында тыйым салынған заттарды қолдануға тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды», – деді ол.

ҰБТ кезінде дәруменнің сыртына тест сұрақтарын жазып, аудиториядан шығаруға талпынғандар да болған.

Руслан Емелбаев талапкерлерге ҰБТ-ға тек қана өз біліміне сеніп келуге кеңес берді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!